Медициналық сақтандырудың пайдасы зор

518
0
Бөлісу:

 «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партияның облыстық филиалдары жетекшілерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Кездесудің мақсаты – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін халыққа қалай түсіндіру керектігін талқылау.

Партия хатшысы Наталья Годунова халыққа міндетті медициналық сақ­тандыруды түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын айтты.
– Аталмыш заң әрбір қазақстан­дыққа қатысты. Сондықтан ақпаратты қарапайым, түсінікті тілмен түсіндіру керек, – деді партия хатшысы.
Партия хатшысы елде азаматтардың денсаулығын жақсарту және ме­ди­циналық қызмет сапасын көтеру үшін көп жұмыстар атқарылғанын атап өтті.
– Бүгінде аймақтарда сапалы меди­циналық көмек алуға мүмкіндік бар. Ол үшін Астанаға не Алматыға барудың қажеті жоқ. Медицина қызметкерлеріне келер болсақ, жұмыс жүргізіліп келеді және жалғасын табады, – деді ол.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева медициналық сақтан­дыруды енгізу – туудың өсуіне, жаңа технологияның енгізілуіне және көп шығынды қажет ететін аурулардың жиі кездесіп жатқанына байланысты екенін атап өтті.
– Азаматтар медициналық көмекті тегін алғанымен, оның өтемі мемлекет бюджетінен төленеді. Жыл сайын ме­дицина саласында шығын көлемі өсіп келеді. Тығырықтан шығатын бірден-бір жол – міндетті медициналық сақ­тан­дыруды енгізу. Оның екі түрі бар. Біріншісі – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді болмақ. Оның құрамына жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды ауруларға, сондай-ақ төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көр­сетілетін медициналық көмек кіреді. Екіншісі – жаңадан құрылатын меди­циналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Бұл ақылы болмақ. Оған амбулаторлық-емханалық және стационарлық көмек, медициналық реабилитация, мейірбикелік қарау мен жоғары технологиялық көмек кіреді, – деді Ләззат Ақтаева.
Сонымен қатар вице-министр «Ал­тын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, ба­лалар, ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, күндізгі бөлім студенттері, сотталған азаматтар сияқты 12 санат жарна тө­леуден босатылады. Оларға мемлекет төлейді. Ай сайын жеке кәсіпкер 2 мың 400 тг, экономикаға үлес қоспайтын бел­сенді емес халық келесі жылдан бастап ең аз көлемдегі жалақыдан 5 % төлейтін болмақ. Әрбір адам өзінің қай санатқа кіретінін нақты біліп алуы қажет. Сонда жарнаны мемлекет әлде жұмыс беруші немесе өзі төлейтіні анық болады.
Кездесу партияның Саяси менедж­мент мектебі ұйымдастырған «Қазақ­стан қоғамын жаңғыртудағы «Нұр Отан» партиясының орны мен рөлі» се­минар-тренингі аясында өтті.

Көркем ӨМІРӘЛІ

Бөлісу:

Пікір жазу


*