Салауатты өмір салтын насихаттады

Маңғыстау облысы орталығында «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының, облыстық мәслихат депутаттарының мұрындық болуымен волейболдан ардагерлер арасындағы республикалық турнир өтті. Спорттық шара Тәзіке ата ұрпақтарының «Отпан тау» этно-мәдени кешенінде «Амал – 2017» мерекесінің тойлануына орай ұйымдастырылды.
Биыл дәстүрлі түрде үшінші рет өткізілген байрақты бәсекеге 11 команда қатысып, бақ сынады. Олардың қатарында Астана, Хромтау қалаларынан, Батыс Қазақстан облысынан келген командалар мен аймақтан «Алтынқұрық» ЖШС-ның, облыстық прокуратураның, Маңғыстау облыстық Ішкі істер департаментінің, Ақтау қаласының, Бейнеу, Маңғыстау ауданының командалары бар.
Жарысқа қатысуға бес облыс ниет танытып, тапсырыс берді. Олардың арасынан бүгін 3 облыс қатысты. Финалға өзге өңірлерден тек Астана қаласының командасы шықты. Волейболдан бөлек, Жаңаөзен қаласында шағын футболдан қалааралық турнир, Маңғыстау облысының аумағымен шектелмей, Атырау облысының Мақат ауданында үстел теннисі мен шағын футболдан мектепаралық турнирлер өткіздік, – деді «Нұр Отан» партиясының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Қуанышбек Әбдірахманов.
Командалық ұйымшылдықты, ширақ қимыл мен шеберлiктi талап ететін жарысқа командалар белсене қатысты. Жеңіс тұғырынан көріну үшін бар өнерін салып, әдемі ойын үлгісін көрсете білді.
– Жарысқа Астана қаласынан арнайы келіп, қатыстық. Әрине, әркім өзінің шыққан тауын биік болса екен дейді. Біздің бүгінгі шыққан тауымыз әзірге ІІ орын болып тұр. Мынадай үлкен турнирді ұйымдастырып, оған бізді арнайы шақырған шараны ұйымдастырушы Қуаныш Спанұлына алғысымыз шексіз. Ауылдарыңызда үнемі осындай той көп болсын. Ауызбіршілігіміз артып, мемлекетіміз алға жылжи берсін, – деді «Астана» командасының ойыншысы Ерлан Тасыров.
Екі күнге созылған жарыс тартысты өтті. Қорытындысында І орынды «Ақтау волейбол клубы» командасы иеленіп, 500 000 теңгенің сертификатын қанжығасына байлады. ІІ орыннан Астана қаласынан келген командасы көрінсе (300 000 теңге), ІІІ орын Маңғыстау облыстық прокуратурасының командасына (200 000 теңге) бұйырды. Сондай-ақ «Ең үздік қорғаушы» аталымына «Ақтау волейбол клубы» командасының ойыншысы Валерий Кулешов, «Ең үздік бұғаттаушы» аталымына Маңғыстау облыстық прокуратурасы командасының ойыншысы Андрей Рюхов, «Ең үздік байланыстырушы» аталымына – «Астана» командасының ойыншысы Рустам Масимов, «Ең үздік шабуылшы» аталымына «Алтынқұрық» ЖШС-ның ойыншысы – Абай Өтегенов, «Ең ересек ойыншы» аталымына «Астана» командасының ойыншысы Ерлан Тасыров лайық деп танылды.
– Жарыс өте тартысты өтті. Соның ішінде Ақтау қомандасы, Астанадан келген команда, Маңғыстау облыстық прокуратурасының командасы үздік ойын өрнегін көрсетті. Ардагерлердің арасындағы жарыс болғанмен, командалардың деңгейі өте жоғары, – деді турнирді тамашалауға келген Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы Бекмұрат Жүсіпов.
Венера МИРЛАН,
Маңғыстау облысы