Іріктеу турниріне даярлануда

197
0
Бөлісу:

Шағын футболдан Қазақстан құрама­сының бас бапкері, бразилиялық маман Жозе Алесио Да Сильва Еуропа чемпиона­тының іріктеу турнирінде қай шәкірттеріне сенім артатынын жария етті. Еліміздің бас командасының ке­ңей­тілген құрамына мына ойыншылар енді:
Қақпашылар – Григорий Шамро («Ақтөбе») мен Игита («Қайрат»).
Қапталдағы ойыншылар – Дінмұ­хамбет Сүлейменов, Серік Жаманқұлов, Шыңғыс Есенаманов, Михаил Першин, Дуглас (барлығы да – «Қайрат»), Антон Рындин, Ерсұлтан Сағындықов (екеуі де – «Аят»), Альберт Акбаликов, Қайрат Иманалин (екеуі де – «Ақтөбе»), Ар­нольд Кнауб, Дәурен Тұрсағұлов, Алек­сандр Довгань, Біржан Оразов (балығы да «Жетісу») және Лео («Спортинг», Порту­галия).
Естеріңізге сала кетейік, осының ал­дындағы Еуропа чемпионаты былтыр Сер­бияның астанасы – Белградта өткен бола­тын. Қазақстан құрамасы сол дүбірлі додаға тұңғыш рет қатысып отырғанына қарамас­тан, қола медалді еншіледі. Топтық турнирде Ресейден (1:2) ұтылып, Хорва­тияға (4:2) шаң қаптырдық. Ширек финал­да Италия­дан (5:2) басым түсіп, жартылай финалда Испанияға (3:5) есе жібердік. Үшінші орын үшін тартыста Сербияға (5:2) сан соқтырдық. Бас жүлдені Испания құрамасы олжалады. Ақтық сында олар Ресей командасын 7:3 есебімен еңсерді.
Келесі жылы Словенияның Любляна қаласында өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде жерлестеріміз Маке­дония, Дания және Чехия құрама­ларымен күш сынасады. Бұл бәсекелер 8-11 сәуір аралығында Алматыда өтеді.

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*