ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА ЕУРОПА ЖАҚЫНДАЙ ТҮСТІ

115
0
Бөлісу:

«Эйр Астана» АҚ пен немістің әйгілі «Люфтганза» әуе компаниясы өзара кодшерингтік келісімге қол қойып, Қазақстан мен Германия арасындағы рейстерді көбейтті. Енді қос компанияның жолаушылары екі ел арасына қатынайтын бір аптадағы 14 рейстің бірін өзіне ыңғайлы уақытта таңдай алады.

Астана қаласында өткен баспасөз мәслихатында «Эйр Астана» компа­ниясының президенті Питер Фостер өзара әріптестікті нығайту мақсатында жасалып отырған келісім жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасайтынын жеткізді. Бұл құжат Астана мен Алматы және Франкфурттағы хабтың мүмкіндігін барынша тиімді пайдалануға жол ашып, халықаралық бағыттағы рейстермен қолайлы түйісуін қамтамасыз етеді. «Кодшерингтік келісім арқылы екі әуе компаниясы арасында ұзақ мерзімді серіктестік қарым-қатынас қалыптасқанына қуаныштымыз. Енді біздің рейстер арқылы Алматы мен Ас­танадан Франкфуртқа саяхаттайтын, «Люфтганза» рейстері арқылы Франкфурттен Алматы мен Астанаға келе­тін жолаушыларға ең қолайлы рейстердің кең таңдауы ұсынылып отыр. Мысалы, бір әуе компанияның билеті мен кодын алған жолаушылар екеуінің де әуе рейстерінде ұшып, қызметін пайдалана алады. Бұл, әсіресе, транзиттік жолау­шылардың уақытын үнемдеуге қолайлы. Клиент­терімізге ұсынылып отырған қызметіміз мұнымен шектелмейді. «Эйр Астана» келесі жылға дейін маршруттық желіні бұдан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Негізгі рейстер Астанадан ұшатын болады» деді Питер Фостер.
Оның айтуынша, алдағы уақытта Санкт-Петербор, Новосібір секілді Ресейдің қалаларына ұшатын рейстерді көбейту және Астана – Киев рейсін қайта ашу көзделіп отыр. Бұған қоса, Астанадан Тель-Авивке, ал Алматы – Дели рейсіне, Астанадан Делиге ұшатын рейсті қосу жоспарда бар.
Баспасөз мәслихатына қатысқан «Люфтганза» әуе компаниясының Ресей, ТМД елдері және Израиль бойынша бас директоры Аксель Хилгерс «Эйр Астана» секілді Орталық Азиядағы көшбасшы компаниямен жасалған келісім өзара ынтымақтастықты нығайта түсетініне сенім білдірді. «Бұл кодшерингтік келісім – біздің клиенттеріміз үшін жағымды жаңалық. Енді еуропалықтарға Қазақстан жақындай түсті. Біз сіздердің елдеріңізді экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде жақсы білеміз. «Эйр Астана» – біздің де жаңа серіктесіміз. Енді жолаушыларымызға тиімді арнайы тарифтерді, қолайлы мүмкіндіктерді ұсынудың жолдарын бірлесе отырып шешетін боламыз» деді ол.
Сондай-ақ баспасөз мәслихатына арнайы келген Германия Федеративтік Рес­публикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рольф Мафаэль жылына орта есеппен 50 мыңға жуық неміс Қазақстанға саяхаттап келіп тұратынын жеткізді. «Кезінде Қазақстаннан Германияға қоныс аударған талай отбасы бар. Олар осындағы туыстарын, достарын көру үшін Астана мен Алматыға, Павлодар мен Қарағандыға жиі келіп тұрады. Өзара келісімнің арқасында қол жеткізілген Франкфурттан Астана мен Алматыға ашылған қолайлы рейстер Қазақстанға саяхаттайтын неміс жолаушыларының ұшып-қонуын жеңілдете түсті. Бұл екі ел арасындағы жарасымды байланысқа да дәнекер болары сөзсіз» деді Рольф Мафаэль мырза.
Астана мен Франкфурт арасындағы «Эйр Астана» рейстеріне және Франкфурттан Алматы мен Астанаға ұшатын «Люфтганза» рейстеріне келісім 2017 жылдың 26 нау­рызынан бастап күшіне енеді. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін «Эйр Астананың» аспан көліктері Франкфуртың 1-терминалына келеді. Бұл «Люфтганза» және басқа да әріптестердің рейстеріне жолаушылардың тіркелу уақытын үнемдейтін болады.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Бөлісу:

Пікір жазу


*