ЖУРНАЛИСТЕР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАНЫ ҚОЛДАЙДЫ

348
0
Бөлісу:

Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясы Журналистер клубының конституциялық реформаны қолдауға арналған жиын болды. Жиынға Қазақстан халқы ассамблея Төрағасының орынбасары Леонид Питаленко, ассамблея мүшелері, ҚХА баспасөз хатшысы Қымбат Досжан, республикалық этномәдени орталықтардың, жастар ұйымдарының, шығармашылық зиялы қауымның, бұқаралық ақпарат құралдарының және ҚХА басқа да құрылымдарының өкілдері қатысты. 
Жыл басынан бері елдің саяси өміріндегі оқиғалардың ішінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы мен Конституцияға реформа жасау туралы үндеуі қоғамда ерекше орын алады. Жақында елде болған саяси маңызы бар ірі оқиға, конс­титуциялық реформадағы өз­герістерді халыққа түсіндіру, Елбасы Жол­дауындағы айтылған жоспарлардың жүзеге асырылуын жариялау – журналистердің тікелей міндеттері. Қазақстан халқы ассамблея Журналис­тер клубының жиында негізінен осы конституциялық реформаны халыққа түсіндірудегі журналистердің рөлі туралы айтылды.
Қазақстан халқы ассамблея Төрағасының орынбасары Леонид Питаленко Қазақстан алдағы жылдарға нақты жоспарлар жасап, нық қадам басқанын атап өтті. Мемлекет бас­шысының конституциялық реформа жасау туралы үндеуі 26 қаңтардан
26 ақпанға дейін ел арасында тал­қыланғанын, жұмыс тобына 6 мыңдай ұсыныс келіп түскендігін айтты. «Сонымен өзгерістер енгізілді, енді соны халыққа түсіндіру, құрметті журналистер, сіздер мен біздерге жүктеледі. Бұл бағытта орасан зор жұмыстар атқаруымыз керек» деді Леонид Питаленко.
Жария етілген саяси маңызы зор құжаттағы халыққа жүктелген тап­сырмаларды орындау мақсатында журналист қауымының алдында үлкен міндеттер тұр. Оның ішінде Қазақстан басшылығы жүргізіп отырған ұлттық саясатты, елдегі татулық пен келісімді сақтауды насихаттау бойынша жұмыстар жүргізу – журналистер үшін өзекті мәселелердің бірі. Бұл туралы пікірлерін жиынға қатысқан журналистер ортаға салды.
– Қазақстан қоғамы 1997 жылдан бері тұрақты түрде жыл сайын жасалып келе жатқан Мемлекет басшысының Жолдауларын еліміздің ұзақ немесе орташа мерзімге арналған бағдарламасы ретінде қабылдайтыны белгілі. Биылғы Жолдау Қазақстанның үшінші жаңғыруына арналып отыр. Оны «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабiлеттілік» деген атауы да айтып тұр. Елбасының Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойғанын бәріміз білеміз. Бұл өзгерістер, ең алдымен, еліміздегі демократиялық процестердің әрі қарай жалғасын тапқандығын көрсетеді. Екіншіден, бұл саяси биліктегі екі тармақ – Үкімет пен Парламенттің теңдігін қамтамасыз етеді. Үшіншіден, Үкіметтің де, Пар­ламенттің де кәсібилігін, ел эконо­микасын көтеруде олардың жауап­кер­шілігін арттырады. Бұл реформалардың халық талқылауына салынуы негізінен биліктің ашықтық принципін ұс­та­натынын, әрбір бастаманы халық­пен бірлесіп талқылауға дайын екендігін көрсетсе керек. Сонымен қатар бұл талқылаулар азаматтық қоғамның қатысуын да қажет етеді, яғни өздерінің пікірлерін білдіріп жатса, бұл қоғамдағы азаматтық сезімнің артқандығы, – деді Қазақстан халық ассамблеясының баспасөз хатшысы Қымбат Досжан.

 

Қайыржан ТӨРЕЖАН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*