Шырайлы Шығысты аралады

573
0
Бөлісу:

Елбасы тапсырмасы бойынша Премьер-министр Б.Сағынтаев өңірлерді аралауды бастады. Үкімет басшысының жұмыс кестесіндегі алғашқы аймақ Шығыс Қазақстан облысы болды. Кеше ол Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының өңірдегі ірі өнеркәсіптік-индустриалдық және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, денсаулық сақтау және білім беру нысандарында жүзеге асырылу барысымен танысты.

Ең алдымен, Үкімет жетекшісі Қазақстан индустриясының беткеұстары, өз саласындағы әлемдегі ірілердің біріне айналған Ақтоғай тау-кен байыту ком­бинатында болды. Компания басшылары мен мамандары осындағы карьердің «шолу алаңында» оған кен өндіру технологиясы туралы әңгімеледі. Артынша сульфид кенін өңдейтін байыту фабри­касында болған Премьер кенді байыту технологиясымен танысты.
2016 жылғы желтоқсанда Индус­трияландыру күні аясында Мемлекет басшысы іске қосқан тотықтандырылған кеннен мыс өндіруші Ақтоғай кешені жобалық қуаттылығына шыққан екен. Биылғы жылдың соңында катодты мыс өндірісі көлемін 20 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Ал Ақтоғай ТКБК-ның өзі жылына 115 мың тонна мыс шығарады. Мұнда 1500-дей жұмыс орны құрылған. Жаңаша жабдықталған. Сонымен бірге, сульфид кенін өңдеу фабрикасының құрылысы жалғасуда. Сульфид кенінен мыс концентратын өндіру 2017 жылы басталады деп күтілуде.
Осыдан кейін Бақытжан Сағынтаев Елбасы Жолдауын іске асыру бойынша ШҚО-дағы агроөнеркәсіп субъектілерінің жұмысымен танысты. Атап айтқанда, «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруа­шылығы» ЖШС-ына бас сұқты. Бұл кәсіпорын майлы және дәнді дақылдардың жоғарғы репродукциялы тұқымдарын өсірумен және сатумен айналысады. Сонымен қатар мұнда ет және сүт өндірісі жолға қойылған. Компания жетекшілері Премьерге малдың қандай жағдайларда ұсталып, азықтандырылатынын көрсетті, сондай-ақ кәсіпорын әзірлейтін модульдік сүт қабылдау пунктінің техникалық сипаттамалары мен қуаттылығы туралы баяндады.
Бұл ферма «сүт құбыры» бар авто­маттандырылған сиыр сауу қон­дырғысымен жабдықталған. Мұнда технологиялық жарақталған жеке сиыр және бұзау қоралары, емдеу-санитарлық бекеттері, мал азығының цехы және мал азығы қоймалары орналасқан. 2016 жыл ішінде ферма 610 тоннадан астам сүт өндіріп, өткізген екен.
Елбасы Жолдауына сәйкес, ел экономикасының негізгі салаларын, оның ішінде ауыл шаруашылығын да тех­нологиялық қайта жарақтандыру керек. Ал Үшінші өнеркәсіптік революцияның бір элементі – өндірісті автоматтандыру. Бұл ретте осындай фермалар үлгіге айналады.
Кеше сондай-ақ Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Үлбі металлургия зауытының жұмысымен танысты. Ол ұжым өкілдерімен бірге сыйымдылығы жоғары конденсаторлы тантал ұнтақтар өндірілетін корпусты аралады. Бұл ұнтақсыз әлемде жоғары сапалы радио-электронды аппаратуралар жасала алмайтын көрінеді.
Бүгінде ҮМЗ – атағы мен беделі дүние­жүзіне танылған, уран және тантал өнім­дерін шығарушылардың бірі. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом ком­паниясының құрамына кіреді. Зауыт өнімін Ресей, АҚШ, Қытай, Жапония, Германия, Франция, Австрия сатып алады.
Кәсіпорын ядролық отынды қайта өңдеумен айналысады. Сирек кездесетін металдарды және шала өткізгіш ма­териалдарды, химия өнеркәсібі үшін ми­нерал шикізаттарын және тыңайт­қыштарды, басқа да негізгі бейорганикалық химиялық заттарды өндіреді. Қазіргі кезде негізгі өнім түрлері бойынша оның өндірістік қуаттылығы жылына 6 мың 900 тоннаны құрайды. ҮМЗ-ні одан әрі жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа технологиялар енгізіліп, Индустрияландыру мемлекеттік бағ­дарламасын ілгерілетіп жатқан Үлбі металлургия зауыты тек өңірдегі ғана емес, бүкіл еліміздегі «экономикалық өсімнің жаңа моделінің» негізіне айнала алады.
Өндірістік нысанды аралау салтанатты рәсіммен аяқталды. Премьердің қа­тысуымен, ШҚО әкімі Д.Ахметов, «Қазатомөнеркәсіп» басқарма төрағасы А.Жұмағалиев және «ҮМЗ» АҚ басқарма төрағасы Ю.Шахворостов өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту аясындағы ынтымақтастық туралы үш жақты Меморандумға қол қойды.
Сапар аясында Үкімет басшысы Өскемендегі көз микрохирургиясының емханасына барды. Сондай-ақ ол кәсіпкерлермен және қоғам өкілдерімен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері туралы кездесу өткізді.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*