Тасымалдаушылар мемлекет қамқорлығында

330
0
Бөлісу:

Парламент түзетулермен толыққан Конституцияға сай қызмет етуге көшеді. Мәжілістің жалпы отырысын ашқан спикер Нұрлан Нығматулин ең әуелі Елбасының «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғанына және өз Жарлығымен осы заңды жүзеге асыруға байланысты іс-шаралар кешенін бекіткеніне назар аудартты. 

Н.Нығматулиннің айтуынша, бұл қалаулылар алдына жаңа міндеттер қояды.
– Парламентке, соның ішінде, Мәжіліске өте үлкен жауапкершілік жүктелуде. Сондықтан біз Елбасымыздың барлық тапсырмаларын жоғары деңгейде орындауымыз қажет. Өз палатамыздың Конституция талаптарына сәйкес қызметін қамтамасыз етуші шаралар қабылдауға тиіспіз. Сондай-ақ бізді конституциялық реформаға байланысты қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша үлкен әрі белсенді жұмыс күтіп тұр. Президент алдымызға қойып отырған барлық міндеттерді депутаттық корпус табысты шешеді деп сенемін! – деп атап көрсетті Мәжіліс төрағасы.
Осыдан кейін күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға көшкен палата депутаттары Қазақстан және Сербия үкіметтері арасындағы «Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқыға сала келе, бірауыздан мақұлдады.
Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбектің түсіндіруінше, қол­даныстағы заңнама («Автомобиль көлігі туралы» заңы) бойынша импорт-экспорт, халықаралық тасымал және үшінші елдерге шығу кезінде рұқсат беруші жүйе қолданылады. Ал аталған келісімге сәйкес, Қазақстан мен Сербия арасындағы жүк тасымалы және олардың аумақтары арқылы өтетін транзит «рұқсатсыз жүзеге асырылатын» болады.
Министр Ж.Қасымбектің мәліметінше, 2016 жылы Қазақстан мен Сербия ара­сындағы автомобильмен жүк тасы­малының көлемі 15 пайызға ұлғайып, 5 мың 400 тоннаны құраған. Дегенмен оның айтуынша, Сербия бізді, ең алдымен транзиттік мемлекет ретінде қызықтырады.
– Қазақстандық тасымалдаушылар құқықтарын халықаралық деңгейде қорғау үшін осындай келісімдерге қол қоюдамыз. Аталған шарт қазақстандық тасымал­даушылар үшін тиімді. Біз үшін Сербия бірінші кезекте транзиттік мемлекет ретінде қызықты. Себебі, осы ел аумағы арқылы біз транзитпен Оңтүстік Еуропа мемлекеттеріне – Грекия, Хорватия, Болгария және басқаларына шығамыз. Тиісінше, біз үшін Оңтүстік Еуропаға рұқсат берусіз-ақ шығуға қол жеткізу маңызды болып отыр, – деді Жеңіс Махмұдұлы.
Оның үстіне, бұған дейін Қазақстан осыған ұқсас келісімді Болгария, Румыния, Хорватия, Грекия секілді балқан елдерімен бекітіпті.
Министр мұндай келісім бекітпес бұрын қарсы тараптың мүмкіндіктерін де бағамдайтындарын алға тартты: «Бұл тәжірибе әдетте тасымалдың теңбе-тең шарттары бар жағдайда іске қосылады. Немесе біздің тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілік бойынша ар­тықшылықтары болуы керек. Егер өзіміз шарттасушы елдің тасымалдау­шылары әлдеқайда қуатты екенін білсек, онда рұқсат беруші жүйені қалдырамыз» деді ол.
Министрдің дерегінше, Қазақстан бүгінде әлемдегі 41 елмен арада осыған ұқсас келісім бекіткен. Жиында ай­тылғандай, Қазақстан арқылы халық­аралық бағыттағы автомобиль көлігімен жүктер тасымалдау көлемі 2016 жылы 8 миллион 446 мың 700 тоннадан асты. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 15 пайызға немесе 9 мың 987 тоннаға көп. Қазақстанда халықаралық автокөлік тасымалын жүзеге асыратын 3,5 мыңдай көлік компаниясы тіркелген. Олардың автокөлік паркі шамамен 17 мың машинаны құрайды.
Жеңіс Қасымбек 2015 жылы Қа­зақстанның халықаралық тасымалының және еліміз арқылы өткен транзит жүктің 42 пайызы отандық тасымалдаушы компаниялар үлесіне тигенін хабарлады. Бұл көрсеткіш былтыр 46 пайызға дейін өскен. Елу пайызын – 4,5 миллион тоннасын ресейлік және Орталық Азия елдерінің тасымалдаушылары иеленген. Қалғандарын Қытай, Польша, Германия, Түркия тасымалдаушылары жеткізіпті.
«Біз биыл паритетке қол жеткіземіз. Яғни, еліміздің экспорты мен импортын және Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік жүктердің 50 пайызын көзделген жеріне дейін отандық тасы­малдаушылар таситын болады» деді министр.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*