Ембі полигоны жабылды

281
0
Бөлісу:

Елімізде орналасқан Ембі полигоны жойылды. Енді оның аумағында аграрлық шаруашылықтар пайда болуы, сондай-ақ жер қойнауындағы қазба байлықтары игерілуі мүмкін. Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жалпы отырыстарда сенаторлар тиісті хаттаманы мақұлдады. 
Сонымен, «Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы Ембі полигонын (5580 сынақ жұмыстарын қамтамасыз ету базасын) пайдалану және жалға беру шарттары туралы келісімнің» күші жойылды. Осыны қарастыратын хаттамаға 2016 жылғы 20 қазанда Мәскеуде қол қойылыпты. Кеше бұл құжатты Парламент ратификациялап, Елбасының қол қоюына жіберді. Президент құптаған соң екі ел арасында уәкілетті өкілдерден арнайы бірлескен комиссия құрылып, олар полигонға берілген жерді, жылжымалы немесе жылжымайтын мүліктерді тапсыру-қабылдап алу рәсімін өткізеді.
– Бұл ретте Ресей осы полигонның жерін ары қарай пайдалану үшін жарамды жағдайда қайтаруға міндетті. Ресейдің полигонды пайдалану бойынша тиісті міндеттерін орындауына қатысты шағымдар жоқ! – деді Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров.
Ол полигоннан арылу экономикалық дамуға қолайлы әсер ететініне назар аудартты: қайтарылған жерлер ауыл шаруа­шылығымен айналысатын кәсіп­керлерге, пайдалы қазбаларды барлау және табуды жүзеге асыратын компания­ларға берілуі мүмкін. Сонымен қатар поли­гонның учаскелері Ақтөбе облы­сын­дағы әлеуметтік маңызды инфрақұрылым­дық жобалардың құрылысы үшін пай­даланылады деп көзделуде.
– Ембі полигонын жалдаудан шығару Елбасының Ресейге жалға берілген әскери полигондардың аумағын қайта қарау туралы тапсырмасын орындау жөніндегі жұмыстардың жалғасы болып табылады, – деді О.Сапаров.
Расында, сенатор Икрам Адыр­бековтың айтуынша, бұған дейін «2014-2016 жылдар аралығында Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарын қамтып жатқан Сарышаған және Мем­лекеттік ұшу-сынақ орталығы полигон­дарының жалпы көлемі 1,5 миллион гектар жер телімдерін Ресейге жалға беру келісімдері тоқтатылған». Ал жабылған Ембі полигоны көлемінің өзі шамамен 2960144 гектарды құрайды!
– Соның нәтижесінде бұрын қоғамда болған ел қауіпсіздігіне қатысты әртүрлі пікірлер, қобалжулар бүгінде басылды десе болады. Ал көрші Ресеймен ортақ әуе қорғанысы жүйесіне байланысты бір­лескен әскери-ұшу сынақ полигонда­рының болуы орынды, – дейді
И.Адырбеков.
Сенатор М.Жолдасбаев Ембі поли­гонында қандай қарулар сыналғанын және қайтару алдында қандай экологиялық, топырақтық-химиялық зерттеулер жүр­гізілгенін сұрады. Қорғаныс министрі орынбасарының айтуынша, 1960 жылы құрылған Ембі полигонын «негізінен құрлық әскерлері әуеге қарсы қорғаныс бойынша зерттеу жұмыстарына, әртүрлі жаттығулар өткізуге пайдаланған».
«Тиісінше, онда құрлық әскерінің С-300, «Бук», «Тунгуска» секілді әуеге қар­сы қорғаныс қарулары пайдаланылды. Олардың бәрі қоршаған ортаға зиян келтірмейтін отынды пайдаланады. Бұған қоса, былтыр әкімдікпен бірге топырақ сынақтамасын ала отырып, жергілікті жерді зерттеу жүргізілді. Зертханалық талдау нәтижелері зиянды заттардың нормадан артпайтынын көрсетті», – деді Оқас Сапаров.
Сенаторлар заңнамаға қылмыстық-атқару заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша түзетулерді екі оқылымда қарады. Заң жобасымен Қазақстан Республикасының 20 заңнамалық актісіне түзетулер енгізіледі. Олардың 5-і – кодекс. Олар: Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекс, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару және Азаматтық процестік кодекстері. Сондай-ақ еліміздің 15 заңы, олардың ішінде «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адам­дарды әкімшілік қадағалау туралы», «Адамдарды қоғамнан уақытша оқшау­лауды қамтамасыз ететін арнаулы ме­кемелерде ұстау тәртібі мен шарттары туралы», «Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы», «Білім туралы» заңдар және басқалар бар.
Отырыс барысында сенаторлардың депутаттық сауалдары жария етілді. Сенатор Серік Ақылбайдың Қарағанды облысындағы Жарқайың ауданындағы автомобиль жолын жөндеуге қаржы бөлу туралы, Владимир Редкокашиннің Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесі аяқталған кезде босаған нысандарды елордадағы жоғары оқу орындарының студенттері тұратын тұрғын жай ретінде беру туралы сауалдары айтылды.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*