Бейбітшілік нұры қазақ елінен тарайды

569
0
Бөлісу:

Қай халық бақытты өмір мен баянды болашақты армандамайды. Қазақ халқы да кезінде жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Құбылған заманда құбыласынан жаңылмаған Қазақстан ынтымақты бірлігі мен ырысты тірлігі арқасында дамудың өзіндік даңғыл жолына түсті. Елі берекелі, іргесі берік, әлеуеті мол, беделі зор мемлекетке айналды. Бүгінде Батыс пен Шығысты жалғап, өркениеттер үндестігінің жерұйығына айналған Қазақ елі соғыстан шаршаған, бейбіт күнді аңсаған елдерге көмек қолын созуда.
Байырғы замандарда Сирия адамзатқа әлемдік өркениеттің бір ошағы саналған Шам шаһарын сыйлап, әлемнің әр аты­рабындағы данагөйлер мен дарындар үшін «гравитация орталығы» болған. Атағы әлемге мәшһүр бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің дәл осы Шамда (қазіргі Дамаск) 950 жылы дүние салғанын айтсақ та жет­кілікті.
Қазір Сирия әлемнің әр түкпірінен қа­рулы топтар мен қарау ниетті содырлар тартылған алапат қақтығыс ошағына ай­налған. Әлемдік ақпарат құралдарында жарияланған мәліметке жүгінсек, дәл қазір осы мемлекетте әлемдегі 80 елден келген «террористік интернационал» ұрыс жүр­гізуде екен.
Бұл елде жер басқан жан жарылыстар мен атыстардан қан қақсауда. Тіпті әлі тумаған, анасының жатырында жатқан сәбилер қарулардың қаһарлы үнінен діріл қағады.
Кезінде әл-Фараби бабамыз «ізгілік қаласын» армандап, әлемде парасатты қоғам орнатылуын ұрпағына аманаттап кеткен екен. Баба батасымен көркейген қазақ елінің қазіргі ұрпағы да Елбасы бас­шылығымен, әлем биігін білекпен емес, бітіммен және біліммен бағындыруға ұмтылуда.
Жаһандық қауіпсіздіктің табанды жақтаушысы ретінде Қазақстан осынау бітім стратегиясын күн нұрындай бүкіл әлемге таратуға тырысуда.
Осы орайда 14-15 наурыз күндері әлемдік бейбітшіліктің ұйытқысы болған Астанада сириялық ахуалды реттеу бойын­ша кезекті, үшінші халықаралық кездесу өтті.
Халықаралық сарапшылардың дуалы аузымен «Астана процесі» деп аталып кеткен бұл келіссөздер үдерісіне соғыс қимылдарын тоқтату режиміне кепілдік беруші үш елдің – Ресей, Түркия және Иранның биік лауазымды тұлғаларының ресми делегациялары қатысты. Сондай-ақ «Астана процесінің» осы жоғары деңгейлі кездесуіне БҰҰ жаһандық ұйымының, Иорданияның, АҚШ-тың және Сирия үкіметінің өкілдері қатысты.
Кездесу қорытындысында әлемдік барлық ақпарат құралдарына арналып, рес­ми ақпар таратылды. Онда хабар­лан­ғандай, елордадағы кездесуге қатысушылар Сириядағы ұрыс қимылдарын тоқтату режимін сақтаудың ағымдағы жай-күйін қарап, талдаған.
Сонымен қатар осы режимді бұзу оқи­ғаларына мониторинг жүргізудің үшжақты тетіктерінің тиімділігін арттыру жайы қа­растырылыпты. Бұған қоса, бекітілген бітімге қосылған аудандардағы жағдай талқыға салынған.
Келіссөздер барысында қолға түскен тұтқындар туралы ақпаратпен алмасу, қарулы оппозиция топтарының өз ірге­лерін террористік ұйымдардан аулақ са­луын қамтамасыз ету мәселелеріне де назар аударылды. Әйтпесе, бір ауданда Дамаскідегі ресми үкіметке наразы жұрт­шылық та, сондай-ақ бас пайдаларын көздеген лаңкестік топтар да араласып жүре береді екен.
Қазақстанның бас қаласындағы кез­десуде «Сирия аумағындағы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне кірген нысандарды миналардан арылтуға халықаралық қоғамдастықтың көмектесуі қажеттігі» айтылған.
Екі күн бойы жүрген ІІІ Халықаралық кездесу қорытындылары бойынша кепілдік беруші үш мемлекет бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Қорытынды құжатта тараптар – Ресей, Түркия және Иран «Астана процесінің» маңыздылығын айрықша атап өтеді. Ол «БҰҰ бастамасымен Женевада Дамаск пен қарулы оппозиция арасында өткі­зі­летін келіссөздерді толықтырып, ны­ғайтады» деген жоғары баға берілген. Сондай-ақ бірлескен мәлімдемеде кепілдік етуші елдер ұрыс қимылдарын тоқтату режимін нығайтуды жақтайтындарын растады.
Өз кезегінде БҰҰ Женева келіссөздері 2017 жылғы 23 наурызда қайта жаңғырып, келіссөздер жалғасады деп хабарлады. «Астана процесінің» қатысушылары бұл хабарды қуаттап, қоштады.
Сонымен бірге, Астанадағы кездесулер де жалғасатын болды. Қатысушылар келесі жоғары деңгейдегі басқосуларды 2017 жылғы 3-4 мамырда Астанада өткізуге шешім қабылдады. Одан бұрын Иран Ислам республикасының астанасы Теһранда 18-19 сәуірде эксперттік деңгейде алдын ала кеңестер өткізуге уағдаласты.
Қатысушылар Астанадағы кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа және ел Үкіметіне ризашылық білдірді.
Өз кезегінде, еліміздің Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, «Қазақстан Астанадағы Сирия бойынша үшінші ха­лықаралық кездесу нәтижелерін сириялық дағдарысты саяси реттеу процесіне қо­сылған шынайы үлес ретінде бағалайды».
Еске сала кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың толық қолдауымен және тікелей атсалысуымен басталған «Астана процесінің» аясында 2017 жылғы 23-24 қаңтарда және 15-16 ақпанда елордада Сирия бойынша жоғары деңгейдегі ха­лықаралық кездесудің екі раунды, сондай-ақ 6 ақпанда сарапшылардың техникалық кездесуі өткен. Бұл кездесулердің нәти­жесінде, соғысқа тартылған тараптар күн тәртібінің саяси мәселелерін талқылауға көшуге мүмкіндік алып, Сириядағы соғыс амалдарын тоқтату режимін бақылау бойынша бірлескен жедел топ туралы ережені келісті.
Қазақстан Сириядағы жағдайды реттеу бойынша халықаралық күш-жігерлерге өз үлесін қосуды және Сирияның ішкі қақтығысын қару күшімен емес, саяси жолмен шешу жолдарын іздеуді әрі қарай жалғастыруға дайындығын білдіріп отыр.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*