Төлем қабілеті ескерілсе…

461
0
Бөлісу:

Елімізде тұрғын үй мәселесі әлі де өзекті. Ресми дерекке қарағанда, республика бойынша әкімшілікке барып, тұрғын үй кезегіне арнайы өтініш білдірген 400 мыңға жуық адам бар. Кезекке тұру үшін де алдымен сол мекенде тіркеуде тұруы керек. Оның үстіне үй кезегіне тұратындай категорияға сәйкес болуы тиіс.
Сондықтан әкімшілікте­гілер­дің тізіміне іліккен осы 400 мың адамды үймен қамтамасыз етсек, бұл мәселенің түйіні тар­қатылып шыға келеді деген ой әсте бол­мауы керек. Өйткені ақиқатында «Өз үйім – өлең төсегім» деп ар­қаны кеңге са­лып, көсіліп жа­татын баспанаға мұқтаж жандар одан бірнеше есе көп екені анық.
Алматыда баспана мәселе­сінің бүге-шігесін талқылаған жиын өтті. Мамандар, сарап­шылар саланың бары мен жоғын ортаға салды. Рас, тұрғын үй құрылысы саласына мемлекет мейлінше назар аударып-ақ келеді. Бірақ ипотека көпшілік үшін қолжетімді емес, ал мей­лінше елдің тұрмыс-ахуалына ыңғайластырып ашылған «Тұр­ғынүйқұрылысжинақ банкінің» шарттарын да екінің бірі орын­дауға мұршасы жоқ.
Былтыр елімізде 10,5 мил­лион шаршы метр тұрғын үй тұр­ғызылған. Осы көрсеткіштің нәтижесінде құрылыс секторын­дағы өсім 7 пайызға артқан. Эко­номист Мағбат Спановтың ай­туына қарағанда, осындай өсімге қарамай тұрғын үйге деген сұ­раныс әлі де төмендемей отыр. Ол зерттеу бойынша 90-жыл­дар­дың аяғы мен 2000 жылдардың басында елімізде баспана мәсе­лесін шешу үшін 20 жыл бойы 20 миллион шаршы метрден үй тұр­ғызу керектігі айтылғанын тілге тиек етті. «Біз бір де бір рет бұл сан­нан артық көрсеткішке қол жеткізген жоқпыз, сондықтан бұл мәселе таяу мерзімде шешіле қояды деп ойламаймын» деді эко­номист.
Сала мәселесі өте күрделі екендігімен «Тұрғынүйқұрылыс­жинақ банкі» төрайымы Ләззат Ибрагимова да келіседі.
– Қазақ­стан Кеңес Одағы дәуірінің соңғы жылдарында жы­лына 7-8 миллион шаршы метр үй тұрғыз­ды. Сосын сала біраз құл­дырап, тіп­ті 1993-1994 жылда­ры пайда­лануға берілетін үйлер жылына 1 миллион шаршы метр­ге де жетпеді. 90-жылдардың ор­тасына таман бұл сан 3-4 мил­лион шар­шы метрге көтерілді. Алдыңғы дағдарысты айтпағанда, құрылыс көлемі бұл кезеңнен кейін тө­мендеген жоқ, – дейді ТҚЖБ бас­шысы Ләззат Ибрагимова.
Бұл күні жиналғандар ойын неғұрлым ашық айтуға, саланың түйінді мәселесін айқын көрсе­туге тырысты. Қазақстан қар­жыгер­лер қауымдастығының төрайы­мы Юлия Якупбаева да өзінен бұрын мінберге шыққан­дардың ойын құптай келе, халық­тың басым бөлігінің не ипоте­калық, не ТҚЖБ несиесін алуға қауқарлы емес екендігін айтып, сондықтан мемлекеттік бағ­дарламалар осындай тұрғындарға арналғанына тоқталды. Әкімші­лікке тіркеліп, үй кезегіне тұрған­дардың тізімі 400 мыңнан асқа­нын да Юлия Якупбаева көпші­лікке жария етті. Қаржыгерлер қауымдастығының төрайымы елімізде мемлекеттік бағдарла­малардың көптігі соншалық, тіп­ті адамдар қайсысын таңдарын білмей шатасатынын да айтып өтті. Алдағы уақытта жаңа «Нұр­лы жол» бағдарламасы осы жүйе­ні ретке кел­тіретініне сенім біл­дірді.
Юлия Якупбаева осы жерде тағы бір мәселенің бетін ашты. Негізі жеке құрылыс компания­лары тұрғызған және мемлекеттік бағдарлама бойынша ірге көтер­ген үйлер баршылық. Тіпті олар­дың біразы қаңырап бос тұрғаны да жасырын емес. Оған басты себеп – ипотекалық несиенің әлі күнге 16-18 пайыздан түспей тұр­ғандығы. Сондықтан осы мәсе­леге байланысты құрылыс сала­сын қолдаудың бірнеше варианты қарас­тырылып жатыр. Ол – банктерді субсидия­лау мен ұзақ мерзімді қорландыру.
Рас, біздің елде инфрақұ­рылым, тұрғын үй, жол құрылысы мәселесіне жіті назар аударылып келеді. Тіпті бұл мәселелер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан хал­қына арналған әрбір Жолдауынан орын алады. Дегенмен әлі де саланы зерттеп, халықтың әлеуетін ескеру қажет-ақ. Бұған ТҚЖБ төрайымы Ләззат Ибрагимованың көпшілік ал­дында «Тұрғын үй үшін жинақ жасайтын кез келді. Бірақ біз ха­лықтың төлем қабілеті мәсе­лесімен жұмыс істеп жатқан жоқпыз» деген сөзі дәлел және бұл сөзді көпшілік қол шапа­лақтау арқылы қолдайтынын біл­дірді. Банк төрайымы бас­панасыздардың көбі 110 000-120 000 теңгеден төмен жалақы ала­тындар екенін, бұл мәселені шешу қажеттігін айтты.

 

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*