Сирек кездесетін мектептер

158
0
Бөлісу:

Білім саласындағы реформалар бізде ғана жасалып жатқан дүние емес көрінеді. Әлем бойынша  осы салаға көзқарас өзгеріп, жаңалықтар енгізіліп, балалардың білімді болуы үшін барлық мүмкіндікті қарастырылуда. Оқушылардың оқуға құштарлығын арттыру мақсатында ерекше ғимарттар салу да қолға алынған. Енді соның бірқатарына үңіліп көрелік.

Жер астынан жылу іздеген

Жетпісінші жылдардың ортасында Америка Құрама Штаттары энергетика  дағдарысынан  зардап шеккен тұста Рестон қаласында жерасты мектебі салыныпты. Осылайша, ел қуатты мектепті жылытудан да үнемдеген. Алдымен биік төбе тегістеліп, содан соң бой көтерген ғимарат топырақпен қайта жабылған.  Бұл мектепті жылытуға жұмсалатын энергияны да, қаражатты үнемдеуге дәнекер болған.

Баға да, басқа да жоқ

Канадада ALPHA мектебі өзге білім ордаларынан ерекше. Мұнда сабақ кестесі, тәрбие жұмысы деген атымен жоқ.Тіпті баға да қойылмайды. Яғни, оқушылар нені оқуды, қай сабаққа баруды  өздері таңдайды. Бәрі де балалардың жасына, қызығушылығына байланысты.

Көшпелі мектеп көрдіңіз бе?

Ресейдің  Якутия аймағында бұғы өсіретін бір қауым жұрт  бар. Бұрындары олардың тағдыры қиын еді, қазір де өмірлері өзгергені шамалы. Үнемі көшіп жүретін якуттар балаларын мектеп-интернаттарға беріп, оларды ұзақ уақыт көрмейтін. Енді Ресей жерінде олардың тағдыры үшін маңызды мәселе шешіліпті. Якут балаларына арналған көшпелі мектептер соның бір көрінісі.

Оралмандарды ойлайтын ел

Оңтүстік Корея  өздеріне тән салт-дәстүрімен ерекшеленеді. Осы елге қоныс аударған жұрттың ұл-қызы менталитетке байланысты өзі секілді құрбыларымен бірден тіл табысып кете алмайтыны анық.  Солар үшін жеке мектептер ашылған және онда сабақ беретін мұғалімдердің барлығы қосымша психолог мамандығын меңгерген.  Аталған мектептерде  балалар жергілікті тұрғындармен тез араласып кетуі үшін кестеден тыс бейтаныс мәдениетті де меңгереді.

Оқуға түсудің өзі – ойын

АҚШ-тағы бұл мектепке оқуға түсудің өзі – арман. Өйткені тілек білдірушілер алдымен ресми сайттағы анықтаманы толтырып, содан кейін қорытындысын күтеді. Егер бала оқуға түсіп кетсе, оқудың тосын түріне тап болды дей беріңіз.

Мұнда стандартты білім берілгенімен, оқу негізінен әлемді танумен, тұрмысты меңгерумен байланысты жүргізіледі.  Айталық аспаздық, тігіншілік т.б. мамандықтар үйретіледі.

Музыка да мықты

АҚШ-тағы бір мектеп оқушыларға бекітілген заңға сай білім беріп қана қоймай, қосымша музыкалық дәріс береді. Тіпті балаға музыкалық аспап сатып әперуге қаражатыңыз болмаса, еш қиналуға да негіз жоқ. Мектеп қалаған аспапты сыйға ұсынады.

Босқындар білім алады

2011 жылы «Бұл жерде бөтендер жоқ» деген фильм режиссеріне «Оскар» сыйлығы беріліпті. Фильмде Израиль мектебіндегі  босқындардың балалары әңгіме болады.

Шын мәнінде, бұл мектепте әлемнің әр шалғайынан келген босқын азаматтардың балалары білім алады. Далада қалған ұл-қыздар тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етіледі.

Теңізде тербеліп тұрады

Комбоджаға барған қонақтар үшін бас сұғатын бірден бір жер – Ангкор Ват храмдар кешені. Ол Үндіқытай жартыаралына таяу маңдағы ірі су қоймасында  орналасқан.  Бұл маңнан су үстіне салынған үйді, дүкенді, мейрамхана мен мектептерді де көруге болады. Былайша айтқанда, мектеп ғимараты суда жүзіп жүреді. Мұнда кілең жетім балалар тұрады және білім алады. Бұлардың демеушілері – туристер.

Сәулет өнерінің бір бөлшегі

Данияның Копенгаген қаласындағы Орестад гимназиясын  білім ордасы ғана емес, ішінен де, сыртынан да қарағанда әулет өнерінің бір бөлшегі деуге болады.

Ғимараттың бой көтергеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Білім беру реформасы аясында салынған ғимарат 2007 жылы Скандинавиядағы ең үздік мектеп аталған.

Ғимараттың ерекшелігі сонда – мұнда кабинеттер де, кластар да жоқ. Ішке енгенде кең залды ғана көресіз. Жоғары сынып оқушылары мен журналистика мамандығы бойынша жоғары білім алуға ынталы жастар оқитын білім ордасы ел назарын ерекше аударып тұр.

Мектепте мал да бағады

АҚШ-тағы мектептің бірі ауыл шаруашылығы құрдымға кете жаздағанда, осы саланы демеу үшін салыныпты. Ірі корпорациялар көбейген сайын фермерлердің басына күн тууда. Сондықтан аталған мектепте  стандартты  және өзге де қажетті білім беріледі. Оқушылар тіпті жергілікті фермерлерге барып, шаруашылық жұмыстарына көмектесіп тұрады екен.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*