Қ.Тоқаев: Елiмiздiң бюджетi мұнайдан түсетiн түсiмдерге тәуелдi

215
0
Бөлісу:

Елiмiздiң бюджетi мұнайдан түсетiн түсiмдерге айтарлықтай тәуелдi. Сол себептен бюджеттiң мұнай бағасына тәуелдiлiгiн төмендету керек. Бұл туралы ҚР Парламентi Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Теңгерiмдi және ашық бюджет – елдiң сәттi және тұрақты әлеуметтiк-экономикалық дамуының кепiлi» тақырыбындағы парламенттiк тыңдау барысында айтты.

Қ.Тоқаев өз сөзiнде бюджет шығыстарының тиiмдiлiгiн арттыруға басымдық беру керек дедi. Оның айтуынша, қаржыны маңызды салаларға ғана бөлу қажет, яғни шығыстарды бiршама азайту керек. Имидждiк сипаттағы шығыны көп жобаларға қаржы бөлудi тоқтатуды да қарастыран жөн. Себебi, кейiнгi жылдары бюджеттiң түсiмiнен гөрi шығысы жоғары қарқынмен артып келедi.

«Бiз квазимемлекеттiк сектор тарапынан бюджет табысын ұлғайту бойынша үлкен жұмысты күтуге құқылымыз. Ұлттық компаниялар түсiм әкелудiң орнына тұтыну жағын арттыруға бейiм. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бюджеттiк үдерiс қаражатты барынша үнемдеу көзқарасымен жүргiзiлiп, барлық шешiмдер ұзақ мерзiмге арналған мүдделердiң тұрғысынан экономикалық прагматизмге негiзделе отырып қабылдануы тиiс. Үкiмет бөлiнген қаражаттың игерiлмей қалуына жол бермеу мақсатында елеулi жұмыс жүргiзуi керек. Бюджеттiң тапшылығы ахуалында қаражаттың тұрақты түрде игерiлмеуi жағдайларына мүлдем жол берiлмеуi қажет. Бiздiң алдымызда бюджеттi жоспарлау үдерiсiн арттыру жөнiндегi нақты шараларды тоқтатпай, жалғастыру мiндетi тұр», – дедi Тоқаев.

Сенат төрағасының айтуынша, қазiргi уақытта республикалық бюджет кiрiсiнiң едәуiр бөлiгiн, бұл – 46 пайыз, Ұлттық қордан бөлiнетiн трансферт құрап отыр. Бұл бюджеттiң мұнайдан түсетiн түсiмдерге айтарлықтай тәуелдi екендiгiн көрсетедi. Бүгiнде әлемде шикiзатқа деген жоғары бағаның кезеңi аяқталды. Және таяу жылдары оған қайтып оралудың мүмкiндiгi байқалмайды.

«Бюджеттiң мұнай бағасына тәуелдiлiгiн төмендету, салықтық әкiмшiлендiрудi жақсарту, бюджет шығыстарын оңтайландырудың құрылымына көшу жөнiндегi жұмыстар жалғасын табуы қажет», – дедi Қ.Тоқаев.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Baq.kz

 

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*