Қалалық шағын футбол лигасы өтеді

341
0
Бөлісу:

Алматыда 19 наурызда «Спорттық Алматы»  бағдарламасы аясында аула командалары арасында шағын футбол лигасы жалғаспақ. Футбол додасы  Тимур Сегізбаев атындағы  алаңда (Гагарина көшесі мен Си Синхай көшесінің қиылысы) өтеді.

Жарысқа сегіз жастан бастап  ниет еткен балалар қатыса алады. Футбол бәсекесі тегін, екі  санат  бойынша өтеді. Біріншісі – «А» лигасы – 8 жастан 14 жасқа дейін, ал екіншісі, «Б» лигасы –15 жастан жоғары. Регламент бойынша әр команданың құрамында қатысушылар саны сегізден аспау қажет, алты немесе бес(алаңға байланысты) ойыншы, қақпашыны қоса есептегенде. Айта кететін жайт, 15 жастан жоғары ойыншылардың арасындағы жарыс 8:00-де басталады, ал 8 бен 14 жастар арасында 11:00-де.

Турнирдің басты мақсаты –  алып шаһар  жастарының спортқа деген қызығушылығын арттыру, сонымен қатар, Алматы тұрғындарының спортпен, футболмен шұғылдануды, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Естеріңізге сала кетсек,  2016 жылы осы лига алты іс-шара өткізіп, 2500-ден аса адам жинаған болатын.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және медальдар табысталады. Сонымен қатар,  «Спорттық Алматы» жобасы  атынан сыйлықтар беріледі. Ал үздік футболшылар белгіленген номинациялар бойынша марапатталады.

«Спорттық Алматы» ауқымды қалалық бағдарламасы, мегаполистегі бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын, белсенді тынығуды насихаттауға бағытталған. Бұл жоба осы атаумен бір жыл бұрын басталып, түрлі спорттық-бұқаралық іс-шаралармен қала тұрғындарын қуантып келеді.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*