Түркиямен арақатынасты үзуге болмайды

639
0
Бөлісу:

Түркия мен ЕуроОдақ арасы  тағы бүлінді. Даудың басы  Нидерландыда  жатыр. 11  наурыз күні Түркия  Сыртқы істер  министрі  Мевлют Чавушоглу  мінген ұшақты Нидерланды  билігі  өз  жеріне қонуға рұқсат бермеді. 

Неге? Себеп – біреу. Түрік  министрі  осы елде тұрып  жатқан түріктердің алдында сөз  сөйлеп, үгіт-насихат  жүргізуі тиіс-тұғын. Әңгіменің өзегі – nүрік конституциясындағы  өзгертулер, осыған байланысты 16 сәуірде  жалпыхалықтық  референдум өтетін еді. Егер де  халық қолдаса,  Түркия  президенттік басқарылымға көшпек. Мевлют Чавушоглудың Еуропаға  сапары  осыған  байланысты екен. Өйткені Еуропада 5-6 миллион  түрік  тұратынын, олардың да сайлауға қатысатынын  ескерсек, бұл аз дауыс емес.

Негізі Нидерланды  билігі  осында  тұратын түрік пен  күрд арасында дүрбелең туып  кету мүмкіндігінен түрік министрінің келуіне тыйым  салды. Бұл  аздай осы елге  құрлықтағы  жолмен  келуге  тырысқан түріктің Отбасы  жөніндегі  министрі Фатма Бетюль Сайян  Кайянды да  жолдан  тоқтатып,  кері  қайтарды. Нидерланды  мемлекетінің бұл әрекеті Түркия  жағынан   ескерусіз  қалмады. Нидерланды жағынан  Түркияға бағыт алған  бүкіл  рейс кейінге  шегерілді. Еңбек демалысында  жүрген Нидерланд елшісіне де Түркияға  келуге  шектеу қойылды. Бұл  аздай  түрік президенті  Режеп Тайып  Ердоған  Нидерланды  мемлекетін  «ұлтшылдықтың,  фашизмнің, нәсілшілдіктің  астанасы» деп айыптады. Сондай-ақ  бұл  елге қарсы  санкция қолданатынын да  айтып  қалды. Десек  те, Нидерландыны  қолдап  жатқан  Еуропалық мемлекеттер де  жоқ  емес. Олар  Ердоғанның  Нидерланды «фашизмнің  ордасы»  дегенге  қарсы уәж айтуда. Тіпті «бұдан кейін  Түркия ЕуроОдақтың құрамына  өтемін деп армандамай-ақ  қойсын» деп те жатқандар  бар. Бұған  қарсы  түрік  билігі  «Түркия ендігәрі босқындарды өз  жерінде ұстамай,  Еуропаға   айдап  салады»  деп үркітуге көшті.

Осылайша,  ЕуроОдақ  пен  Түркия  арасындағы текетірес жалғасып  жатыр.  «Түркияның ЕуроОдақпен сауда айналымы 65 пайызды  құрайды. Сондай-ақ  одақ үшін де  Түркия өте  қажет. Өйткені  Түркия  ЕуроОдақтың  ең ірі  бес сауда әріптесінің бірі. Тараптар арасындағы қаржылық операциялар  140 миллиард  еуроны   құрайды. Сондықтан Түркиямен қалайда ара қатынасты  үзуге  болмайды», – дейді неміс канцлері  Ангела  Меркель.

Айнұр  Қазыкенова

Бөлісу:

Пікір жазу


*