«Қазпошта» бөлімшелері қайта жаңғыртылуда

304
0
Бөлісу:

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қаладағы бас поштада болып, заман талабына сай қайта жаңғыртылған бөлімшенің ашылу салтанатына қатысты.
«Қазпошта» АҚ-тың басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов «Самұрық-Қазынаның» басшысы мен қала әкімін жаңғырту барысында Алматыдағы бас пошта бөлімшесінде жүзеге асырылған іс-шаралармен жан-жақты таныстырды.
«Қазпошта» АҚ басшы­лығының саланы жаңғыртуды қолға алуы нәтижесінде, Алма­тыдағы бас пошта бөлімшесінде тұрғындарға қызмет көрсетудің барлық түрі толық автомат­тандырылған. Артықшылығы сол, бұған дейін бір адамға қызмет көрсету үшін пошта қызметкері 20-30 минут уақытын жұмсаса, пошташылар қызметін жаңғырту нәтижесінде, бүгінде бір адамға қызмет көрсетуге небәрі үш-төрт минут жұмсалады. Қазіргі уақытта елімізде «Қазпошта» АҚ-тың 3400 бөлімшесінің халыққа қызмет көрсететінін ескерсек, пошта бөлімшелерін жаңғыртудың маңызы орасан зор. Бұған қоса, Алматыдағы бас поштадан өзіңізге келген хат-хабар немесе сәлемдемені (посылка) тәуліктің өзіңізге қолайлы уақытында осындағы 24 сағат бойы үзбеліксіз жұмыс жасайтын арнайы бөлімшеден еш кедергісіз, кезексіз ала аласыз.
– Қазіргі күні еліміз бойынша «Қазпошта» АҚ-тың үш мыңнан астам бөлімшелері жергілікті тұрғындарға үлгілі қызмет көр­сетуде. Маңыздысы сол, биылдан бастап жер-жердегі пошта бөлімшелерін жаңғыртуды қолға алдық. Осыны жүзеге асыру үшін «Самұрық-Қазына» АҚ үш миллиард теңге бөлді. Қаржыны барынша тиімді пайдаланып, еліміздің 197 елдімекенінде халыққа қызмет көрсетіп отырған 400-ге жуық пошта бөлімшілері­нің жұмысын жаңғыртуды жос­парлап отырмыз. Мысалы, қазірдің өзінде 102 пошта бө­лім­шесінің жұмысы толықтай қайта жаң­ғыртылды. Жыл аяғы­на дейін тағы да 54 пошта бөлімше­сін жаңғыртпақпыз. Жаңғыртуды жүзеге асыру барысында біз Алматы қаласындағы бас пошта бөлімшесінде тұрғындарға келген сәлемдемелерді (посылка) ке­шіктірмей беретін арнайы сә­лемдеме супермаркетін аштық. Біздің жұмысымызбен танысуға келген канадалық әріптестеріміз сәлемдеме супермаркетінің жұмысын көріп, оған қатты қызығушылық білдірді. Мұның себебі, сәлемдеме супермаркеті қазіргі күні әлем елдерінің бірде-бір пошта қызметінде жоқ. Өйткені мұны «Қазпоштаның» мамандары ойлап тауып, біз оларға жан-жақты қолдау көр­сеттік. Азаматтарға келген сәлем­демелерді кешіктірмей уақтылы жеткізуде біздің сәлемдеме су­пермаркеті зор үлес қоса бас­тады. Алдағы уақытта дәл осындай автоматты түрде қызмет көрсе­тетін сәлемдеме супермаркеттері өзге де бөлімшелерде – ауылдық жерлерде де ашылады. Жалпы, жаңғыртудың басты мақсаты – тұрғындарға кезексіз, жылдам әрі үлгілі қызмет көрсету. Жасыра­тыны жоқ, «Қазпошта» АҚ-тың жаңғыртылған бөлімшелері қазір осындай мүмкіндікке қол жеткізіп отыр. Бір айта кететін жайт, тұр­ғындарға хат-хабар, сәлем­деме, зейнетақы жеткізуші өзге ком­паниялардан «Қазпоштаның» бір ерекшелігі, өзге әріптестеріміз тапсырысты тек қала тұрғын­дарына ғана жеткізеді. Біздің пошта бөлімшелері әрбір ауданда, әрбір ауылда жұмыс жасайды. Демек, «Қазпоштаның» қамтитын аумағы өте ауқымды, – деді «Қазпошта» АҚ-тың басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов.

P.S.
Айтпақшы, кеше Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстарында «Қаз­пошта» АҚ-тың заман талабына сай жарық­тандырылған бөлім­шелері ашылып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсете бастады. Бұл – елімізде қолға алынған жаңғырту іс-шарасының нақты нәтижесі.

 

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*