АЛАШ ТҰЛҒАЛАРЫ – ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНДАРЫ

97
0
Бөлісу:

Біз, Алаш зиялыларының жанқиярлық және азаматтық ерлігін аса жоғары бағалаймыз. Әрине, олар қарапайым пендешілікке салынып, жиған білімі мен лауазым-қызметін жан бағуға да арнай алар еді. Бірақ ол жолға түспеді. Оған ары да, халыққа деген адалдығы да жібермеді.

Сондықтан алда неше түрлі құқай – отаршыл-тоталитарлық жүйенің қуғын-сүргіні мен абақтысы, қақ маңдайға ке­зенген қаруы тұрғанын сезсе де, саналы түрде кейде ашық, кейде жасырын 20-30 жыл бойы туған халқының азаттығы мен тәуел­сіздігі үшін табанды түрде күресті.
Қаупі де расқа шықты: айдалды, отбасылары азапталды, атылды. Алайда олар соңғы демі таусылғанша «елімнен, ұлтым­нан, халкымнан жаным садаға» деп өтті. Мұны Әлихан Бөкей­ханның Бутырка түрмесінде атар алдындағы сөзі растайды.
Қазақта «Өшкен жанды, өлген тірілді» деген сөз бар. Егер біз өзімізді Алаш қаһарман­дарының ізбасарымыз деп есептесек, олардың биік рухани және азаматтық ерлігін бүгін мен болашақтың қасиетті қазы­насына айналдыруға міндеттіміз. Отанға шынайы, адал қызмет етудің үлгісі – Алаш зиялылары!
Осы ретте Алаштың жеті қайраткерін бүгін мен болашаққа үлгі болсын деп Халық қа­һарманы атағына ұсынамын. Олар: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел Досмұ­хамедұлы.
Осындай ұсынысқа қандай себептер мен негіз бар? Яғни, осы тұлғалар халқымыздың алдында тәуелсіз Қазақстанның алдында қандай аса маңызды қызметтер атқарды?
Біріншіден, олар қазақ хал­қының саяси ой-жүйесінде ренессанс жасады.
Екіншіден, ұлт санасын халықаралық, еуропалық дең­­гей­ге көтерді.
Үшіншіден, Отан үшін, қазақ халқы үшін өмірлерін қиды.
Төртіншіден, Ресей им­периясының территориясына күштеп енгізілген қазақ жерле­рін жинап, тұтастандырып өзі­мізге қайтарды.
Бесіншіден, бірінші рет өркениетті түрде партия, Үкімет құрды.
Алтыншыдан, ұлтты ұйыс­тырды, елдік мүдде төңірегіне жинады.
Жетіншіден, заманына сай автономия формасында болса да, қазақ ұлттық мемлекеттілі­-гін қалпына келтірді.
«Өкінішке қарай, казіргі күнде «әттеген-ай» істеріміз бар. Мысалы, ширек ғасырдан бері мемлекеттік деңгейде Алаш қайраткерлеріне лайықты саяси баға бере алмай келеміз. Осы қозғалыстың өңірлердегі қайрат­керлері мен қарапайым мүшелері туралы жүйелі түрде айтыл­майды. Олардың біразы ұлтшыл, «халық жауы» қалпында қалып отыр, заң тұрғысынан ақтал­маған, халық пен Отан үшін іс­теген ерліктері жаңаша баға­ланбаған.

Сабыр ҚАСЫМОВ,
«Қаһармандар»
қорының президенті,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Бөлісу:

Пікір жазу


*