Жаңа заманның ескі жұрты

226
0
Бөлісу:

Жер планетасында алғашқы қауымдастықтағыдай өмір сүретін тайпалардың бары адам сенгісіз. Алайда орманда жалаң аяқ жүріп, терімшілікпен, аң аулаумен күн кешетін, садақ пен найзаны ғана қару еткен, белін ғана жабатын халықтар әлі де бар. Олардың саны біз ойлағаннан да көбірек болып шықты. Олардың салт-санасы мен түсінік таразысы бізге мүлде жат. Алғашқы ғасырлардың бірінде қалып кеткен тобыр сияқты. Олар да өз сенімдеріне мыңдаған жылдар бойы еш селкеу түсірген емес. Көп таралған діндердің бірде бірін қабылдамады. Ғасырлар бойғы бірсыдырғы өмір сүру қалпын бұзбай әлі тіршілік кешіп келеді.

Ұйықтамайтын адамдар

Олар санау дегенді білмейді. Бірге дейін де санай алмайды. Санауда тек екі сөз бар: «бірнешеу» және «көп». Сағат, тәулік, тіпті, таңертең, түс деген де түсініктері жоқ. Олар қазіргі сәтпен өмір сүреді. Болашаққа жоспар құр­майды. Өткенмен шаруасы жоқ. Сонымен қатар таңғы, түскі, кешкі ас деген ұғым жоқ. Қарны ашқан кезде ғана тамақ жейді. Сегіз сағаттық ұйқыны да біл­мейді. Ұйқысы келсе, отырған орнында ұйықтай салады. Онда да ары кетсе 20-30 минут. Өйткені олардың түсінігінде денедегі қартаю өзгерістері көп ұйық­тағанның кесірі. Олар өз өмір­іне риза, өте бақытты халық – пираха тайпасы. 2010 жылғы мәлімет бойынша Бразилия жерін мекендейтін тайпа құрамы – 420 адам.
2005 жылы этнограф әрі лингвист Дэниел Эверетт пираха тайпасына сапары туралы 30 жылдан соң Current Anthropology журналына жариялайды. Ол үнді халқының ескі тайпасына Құдай, Иисус Христос туралы білім таратуға діни миссионер ретінде барады. Алайда оның тозақтан сақтанып, жұмаққа түсу туралы әңгімелері үнді тайпасына еш әсер етпейді. «Мен ол жақта біз үшін маңызды деп жүргенімізді мәнсіз көретін адамдарды кездестірдім. Пирахалар менің оларға қалай өмір сүруім керек­тігін үйретуге қандай қақым барын түсінбегенін айтты», – деп жазады Дэн.
Тайпасының тілі де «пираха» деп аталады. Пираха тіліне ұқсас әлемде ешқандай тіл жоқ. Әліпбилерінде тек жеті дауыссыз, үш дауысты дыбыс бар.
Әр 6-8 жыл сайын әрбір пирахалық жаңа есім алып отырады. Сондықтан адамның атынан-ақ әңгіме кім туралы екенін білуге болады.
Сенсеңіздер, түрлі-түсті тропикалық джунглиде өмір сүретін үнді тайпасында түсті ажырататын екі-ақ сөз бар: «ашық түс» және «қою түс». Ауыздан-ауызға тарайтын аңыз бен миф те жоқ. Солай бола тұра, олардың әрқайсысы мыңдаған өсімдік­тердің, жан-жануар­лардың атын, ерекшеліктері мен қасиеттерін жатқа біледі.
Біз сияқты қыстың қамын жаз ойлап азық жинамайды. Ертең не жеп, не ішерін де уа­йым­дамайды. Аңшылық пен балық аулаудан түскен олжа бірден желініп тасталады. Ке­лесі тамақтануы қарындары қатты ашқанда ғана аң аулауға шығады. Пирахалықтар күніне екі рет, кейде бір рет қана тамақ ішеді. Көп тамақ жеу өлімге жақын­датады деп есептейді.
Жекеменшікке келсек, заттың көп бөлігі ортақ. Олардың түсініктері мынадай: егер бір адам белгілі бір затын пайдаланбаса, демек, оған ол зат керек емес. Яғни, ол затты қажет ететін адам оп-оңай иемдене салады. Егер бұл жағдай заттың иесін ренжітсе, онда оны қайтарып береді. Ешқандай өтірік сыпайлыққа да, «рақмет», «өтініш», «кешіріңіз» деген ибалы сөздерге де орын жоқ. Ұялу, өзін кінәлі сезіну, ренжу мен өкіну де оларға жат. Әркім не қаласа, соны істеуіне болады. Ешкім ешкімді тәр­биелеп, ақыл айтып жатпайды. Сондай-ақ бір нәрсені ұрлағаны, біреуді өлтіргені туралы ешқашан естімейсіз. Өйткені ол мүмкін емес.
Бұл тайпа өкілдері біреудің затын алуға ұмтылмайды. Мәсе­лен, егер сіз оларға бір зат сыйла­саңыз, бұл жақсы. Сыйламасаңыз, ол да жақсы. Бізбен салыстырғанда Пираха тайпасы материалист, есепшіл емес.

Тісін қайрайтын ментаваи тайпасы

Индонезияны мекен ететін ментаваи тайпасы бүкіл денесіне татуировка салады. Дәстүрлері солай. Жергілікті салт бойынша әйелдері тістерін таспен қайрап, үш бұрышты етуі керек. Сол әйел ғана сұлу деп есептеледі. Таспен қайраудың нәтижесінде әйелдің күлкісі акуланың тісіне ұқсап тұруы қажет. Қонаққа барсаңыз, сізге міндетті түрде явалық темекі ұсынады. Оны аралда барлығы дерлік шегеді. Қандай іспен айналысып жатса да аузынан темекісін тастамайды. Ментаваи тайпасы жабайы табиғатқа деген құрметімен, ұқыптылығымен танымал. Олардың сенімі – анимизм. Яғни, әрбір өсімдік пен жануардың жаны бар. Демек, оларды өте зәру болмаса, өлтіруге болмайды. Ғалымдардың зерт­теуінше, дәл осы тайпаның арқа­сында Индонезия ормандары өздерінің алғашқы қалпын сақтап тұр. Ментаваилықтар аңға шық­қанда өлтірген құс пен жануардан кешірім сұрайды. Оларға мейірімсіз болғандықтан емес, тамақ қажеттілігінен өлті­руге тура келгенін түсіндіреді.
Бұл адамдар негізінен өсімдіктермен тамақтанады. Кейде садақ пен улы жебені алып, маймылдар аулайды. Кез келген бақытсыз жағдайда, адам ауырып қалғанда олар «рухтармен сөй­лесетін» емшіні шақырады.
Қазір адам­дарының саны 64 мыңға жуық.

«Ерін дискілі» сури әйелдері

Шығыс Африкадағы сури тайпасы өздерінің қатыгез сал­тымен танылған. Ол салттарына Эфиопия үкіметі қанша рет тыйым салғанына дәстүрінен жаңылмайтын сурилер пысқы­рып та қарамаған. Күз айында ерекше «донга» таяқтарымен қан төгіске дейін баратын шайқас­тар және бұқалармен ойындар өтеді. Келесі жағымсыз салты – қыз­дарына бала кезінде астың­ғы тістерін алып тастап, орнына «ерін дискісін» салып қояды. Оның диаметрі тұрмысқа шық­қанша ұлғайып отырады. Ол фарфор дискісі, кейде табақ (тарелка) деп те аталады. Бұл дәстүрдің пайда болуының бірнеше нұсқасы бар. Ең атақтысы мынау: құл саудасымен айналысушылардың алдында тайпа өкілдері өздерінің әйел­дерін ажарсыз етіп көрсеткісі келген. Сондықтан олардың астыңғы еріндеріне диск салып бастаған. Қазіргі күні ол ұғымның өңі өзгерген. Диск үлкен болған сайын әйел тайпа алдында сұлу әрі сыйлы деп есеп­теледі. Бірақ дискті күн сайын салып жүрмейді. Қонақ келер алдында немесе мереке қарса­ңында салады.
Сондай-ақ сурилер жануар­лардың қанын ішеді, болашақ­тарын ешкінің ішкі құрылысы арқылы болжайды.
Біздің көзқарасымызша, мұндай жабайылық дәстүрлерден бөлек, сури тайпасы жауынгер­лігімен және көрші тайпаларға деген қанды өшпенділігімен белгілі. Қазір олардың басты үш жауы бар: буме,ньянгатом және топоза тайпалары. Кектенетіндей жөні бар. Өйткені бұл көршілері ылғи сурилердің жерлеріне өтіп, басты байлығы – ірі-қара малдарына қол сұғады. Тайпалар арасындағы жанжал соңғы кезде тіпті өршіп кетті. Суриліктер Судандағы Екінші азаматтық соғысқа қатысып, атыс қаруын жақсы меңгеріп алды.
Дәстүріне қарап, көршіле­рімен қарым-қатынасын көріп, суриліктерге саяхаттаудан бас тартпау керек. Өйткені олар шетелдік қонақтарға ерекше ықылас білдіреді. Ең бастысы, тайпа көсеміне ұнасаңыз сізден қадірлі қонақ болмайды.

Қалыңмал төлейтін датог тайпасы

Африканың тағы бір тайпасы датогтардың саны 2000 жылғы мәлімет бойынша 87 798 адам. Оларды «барабайгтар» деп те атайды. Датогтарды ескі салт­пен өмір сүретін тайпалар ішіндегі ең қонақжайы деуге болады. Көптеген ер саяхатшылардың айтуынша тайпа көсемі оларға әйелдерін де ұсынған екен.
Датогтар – көшпенді халық. Мал ұстайды, терімшілікпен айналысады, балық аулайды.
Датог халқын атам заманнан қуғындаушы тайпа – масайлар. Олар ХVII ғасырда датогтарды ежелгі атамекені Нгоронгородан шеттетіп тастаған. Датог тайпа­сының масайларға қарсы шық­пауы бейбітшілікті сүйетінінен ғана емес. Датогтар өркениеттен үзілді-кесілді бас тартқан. Оларда қару дегенде, тек аңшылыққа пайдаланатын садақ пен найза ғана бар. Масайлар Калашни­ков автоматтарымен қаруланған.
Датог өкілдері өзге африкалық тайпалар сияқты беттері мен денелерін әскери бояулармен де боямайды.
Датогтардың отбасы үлкен болады. Қазаққа ұқсайтын тұсы – жігіт қыз алғанда қалыңмалын төлейді. Бірақ біз сияқты ақшамен емес, сиырмен. Байлық мал басымен есептеледі. Бай адам 12 әйелге дейін ала алады. Бір әйел 10-нан көп бала босанады. Бұған қарап датогтардың саны жыл сайын артуы керек еді деп ойлайсың. Алайда олар ауырып қалса, дәрігерге қарал­май, сиқыршыларға сеніп отыра береді. Сол себептен де бала өлімі өте көп. Кәмелеттік жасқа дейін тек әрбір үшінші бала ғана аман жетеді. Қарттарды да сирек кездестіруге болады. Өйткені орта жастағылар аурудан көп қайтыс болады.
Ұлдар 3-4 жасынан бастап аң аулауға қатысса, қыздар кішкентайынан мал бағуды үйренеді. Соңғы жылдары датогтар егін өсірумен айналыса бастады.

Түйін:

Жоғарыдағы тайпалардың бәріне қонаққа баруға болады. Сыйлық ала барсаңыз қатты қуанып қалады. Өркениетке талпынбаса да өркениеттің кей дүниесінен кетәрі емес. «Бұрынғы адамдар» бұл тайпалармен шектеліп қалмайды. Олардың түрлері көп. Бір аралда бірнеше тайпа өмір сүреді. Көбісінің өмір салты бір-біріне ұқсайды. Әсіресе, пирахадан басқасының барлығы дерлік денесіне сурет салады. Бұрынғы ғасырмен қауышқыңыз келсе, Париж бен Анталияны қоя тұрып ескі жұртқа жол тартуға әбден болады. 

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*