АМАНДЫҚ ХАБАР

91
0
Бөлісу:

Құрметті әке, анам, бауырларым! Алдағы хатымда елге қалай жетіп, жерді құшып еңірегенімді айтып едім ғой, алған боларсыңдар. Жер деген ыстық болады екен. Халқы суық. Қазақтардың түрлері көп екен. Мені кейбіреулер «келімсек» деп кекетеді қайсыбірі оралман деп алдымды орайды. Мен де осылардай қазақ емеспін бе?! Осының бәрін шығарып жүрген шенеуніктер деген шенді қазақтар. Тағы бюрократтар деген қазақтар бар екен. Олар маң-маң басып, көкіректеріне «нан піскен», басы-көздері іскендер. Тағы жаңа қазақтар бар екен. Олардың қолдарының екі-ақ саусақтары бар. Өздері бір тип, мінгендері – «Джип». Қалғандары – жай, қарапайым қазақтар. Еңбекақылары, стипендиялары, жәрдемақылары күн- көрістеріне жетпей, айдың алғашқы күндерінде жетіп, жетісіп жүретін, қалған күндерінде жетпей, жетімсіреп жүреді екен. Айтпақшы, «бомж» деген шағын топ – бишара қазақтар бар.

Осының бәрін Үкімет қалай басқарып, бастарын біріктіріп отырғанына таңым бар.
Ал енді өзіме келсем. Әзірге азаматтық жоқ. Аласың дейді. Төлқұжат жоқ. Береміз, – дейді. Құқығым жоқ. Көреміз дейді. Отауым жоқ. Ойланамыз дейді. Дейдінің бәрін тере берсем, бір арбаға жүк болады. Ештеңем жоқ. Бірақ оттай ыстық – Отаным бар! Ел сүйген – Елбасым бар! Үміттенген – Үкіметім бар! «Көптен көрген ұлы той, қиындықтың бәрін жиып қой» дейді білгіштер.
Құрметті әке, кеше қалтамдағы қалған маркама «Кеңсайдан» саған алақандай жер сатып алдым. Бұл жақта бос жер жоқ. Алатаудың қия шыңынан басқаның бәрін бизнесмендер сатып алып қойыпты. Бұл жақта бәрі сатулы. Әйтеуір ауа, жауған жауын, қар, жердегі шаң тегін. Ол да уақытша дейді. Өйткені депутаттар оған да заң шығарып жатқан көрінеді. Кейбір түсінбейтін еркектер аштық жариялап, әйелдеріне түнде бармайтын болыпты. Содан жыныстық қатынас азайған соң, бала туу күрт төмендепті. Жері көп, халқы аз, қайтіп ел боламыз?
Құрметті, әке, басқа жаққа сандалып кеттім. Әңгімем саған алған екі шаршы метр жер еді ғой. Оның өзін «Кеңсайдың» бастықтарына барып жүріп, әкімнің қосшыларына жалынып-жалбарынып жүріп, арзанға алдым. Жерді бір жылда пайдаланбасаң тартып аламыз, – дейді. Осымен аяқтаймын.
Хош сау-сәлемет болыңдар. Балаларың – Оралман.

Таңдай КЕНЕЕВ


ЖАЯУ ЖҮРМІН

Жаяу жүрмін,
өмір-бақи жаяумын,
Кейде – жүйрік, кейде – жөнсіз баяумын.
Сәби күннен шыққан екен сіңірім,
Қажеті жоқ енді мені аяудың.

Жаяу жүрмін жолым мұз боп қатқанда,
Жаяу жүрмін гүл төгіліп жатқанда,
Ми қайнатқан шілдеде де жаяумын,
Жаяу жүрмін ала боран ақпанда…

Жанғали НАБИУЛЛИН,
«Жаяу Жәкең»,
«Жұлдыз», №9, 2011ж.


* * *
Жаяулығым түсірмейді еңсені еш,
Көлік мінген күле берсін кеңкелес.
Қажет болса, жаяу жетем Меккеге,
Керек емес желден озған «Мерседес».

Қажетсінбей тұлпарларын қиссаның,
Қанатсыз-ақ биіктерге ұшты әнім.
Жанықпай-ақ жаяу барам қайда да,
Керек емес желден жүйрік «Ниссаның».

Өлеңіммен өлі ұйқыдан оятам,
Шабыттансам от ойнатып, жай атам.
Бұл тірлікте жаяулап-ақ келемін,
Керек емес кербестідей «Тойотаң».

Жаяу жүрмін.
Алла жолды оңдасын,
Соқпақ, сүрлеу бала күннен жолдасым.
Жаяу жүрсе, жаяу жүрсін Жанғали,
Тек өлеңім қаражаяу болмасын!

Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ


КҮЛКІ САТАМЫН 

Күлкі сатамын, күлкі!
Кімге күлкі керек? Менің күлкілерім елден ерек. Ағы бар, қызылы бар. Момыны, бұзығы бар. Ағын алсаңыз – ағарып күлесіз. Қызылын алсаңыз – ұялып, қызарып күлесіз. Қарқылдап күлетін де күлкім бар.Тарқылдап күлетін де күлкім бар.
Күлкі сатамын, күлкі!
Бірақ күлкінің де қолданылатын өз орны бар. Үйіңізге қонақ келсе, әйеліңізге «тыржың» ете қалатын күлкіні әперіңіз.
Пайда түсер жер болса, «ыржың» ете қалатын күлкіні әперіңіз.
Күлкі алыңыздар-р! Күлкі. Ұялмаңыздар! «Ойын арзан, күлкі қымбат» дейді. Өтірік! Қайта күлкі арзан. Қытайдікі – қышқыл. Орыстікі – мысқыл. Ал менің күлкілерім оригинал, қалаған күлкіңді ал.
Күлкі сатамын, күлкі!
Еркектерге арналған ерекше күлкім бар. Әйелдерге арналған «әй» демейтін күлкім бар. Қыздарға арналған қылмиған күлкі. Әсіресе, қыздарға арналған күлкім қызық. Бір қасығын ішсеңіз, төмен қарап төгіле қаласыз. Болмаса «одноразовый» күлкілерді алыңыз. Хи-хи-хи! Бітті.
Күлкі сатамын, күлкі. Келіңіздер, күліп көріңіздер!
Мынау а-ха-ха-сы,
Анау ха-ха-ха-сы.
– Ал шақасы?
–Мың теңгеден мың долларға дейін. Қанша күлгеніңізге байланысты.
Күлкі. Күлкі. Күлкі. Күлкінің жүрген жері – түлкі. Ыржаңдап та күлесіз. Бір көзіңізді ашып, бір көзіңізді жұмып, бұлғаңдап та күлесіз.
Менің күлкілерім түрлі кесел: жөтел, шаншу, құяң, буын ауруларына мың да бір ем!
Бір күліп аласыз. Бітті!
Күлкі сатамы, күлкі! Күлкінің түрі көп менде. Шалдарға арналған қырылдаған күлкі. Кемпірлерге арналған сырылдаған күлкі. Кәрілердің жағдайына қарап көремін. Мүмкін пенсияға да беремін. Оптом да сатамын. Бөлшектеп те сатамын.
Ұрыссаңыз – мысқыл күлкіні қолданыңыз.
Жұлыссаңыз – қышқыл күлкіні қолданыңыз.
Менің күлкілерім уксус сияқты! Қымбат па? Онда түксиіп, түнерген кооператив күлкіні алыңыз. Бір күлгеніңіз жүз теңге! Қайтіп күлейін дейсіз бе? Коробкасында жазулы.
Алдымен аздап ішесіз. Жағып бара жатса көресіз. Байқаңыз. Күлкіден ішегіңіз түйіліп қалып жүрсе, мен жауап бермеймін.
Общым, күніне екі рет. Таңертең, кешке ішесіз.
Күлкі сатамын. Күл-кі!
Кімге күлкі. Кімге түрпі.
Таяуда Күлкі күні болады. Соған күлкі керек болады.

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ,
«Жатыпатардың» Шымкенттегi тыңшысы


ЖҰЛЫНҒАН ЖЫР

Жылдамдықты асырып мастанасың,
Тоқтамайсың тигенше тасқа басың.
Бұ дүниеде мінетін көлігіңіз,
О дүниеге жеткізіп тастамасын.

Жандарбек Бұлғақов


Бөлісу:

Пікір жазу


*