Бірлігімізді бекемдеген құжат

106
0
Бөлісу:

Жыл басталғалы барша қазақстандықтар қызу талқылаған тақырып – конституциялық реформа мәреге жетті. Бүкіл халық айдан астам уақыт пікір алысыфп, ой бөлісіп, маңызды құжатты әбден електен өткізді. Қоғам електен өткізіп, екшелген заң жобасын Конституциялық кеңес мақұлдаған соң, Президентіміз «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңға жариялы түрде қол қойды. Осылайша, Қазақстан Республикасы Конституцияның 25-бабына 33 түзету енгізілді.

Жалпы, заң жобасы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мен саяси жүйені одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленгенін айта кетуіміз керек. Жаңа жүйе үш тармақ – Президент, Үкімет, Парламенттің өкілеттіктерін нақтылайды. Негізгі идея шешім қабылдауда өкілеттігі күшейетін қос тармақтың жауапкершілігін нығайтуға бағытталған. Ел арасында қызу пікірталас тудырған 26-бапты Президент бұрынғы редакцияда қалдыруды ұсынды. Бұл биліктің ашықтық принципін ұстанатынын көрсетті.
Алғаш билік тармақтарын бөлу заңдық тұрғыда 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің қаулысымен қабылданған «Мемлекеттік егемендік ту­ралы декларацияда» бекітілгені –­ тарихтан белгілі. Тарихи құжаттың 7-тармағына сәйкес мемлекеттік биліктің заң шығару, атқару және сот биліктеріне бөлінетіні, заң шығару билігін Қазақ КСР-ның Жоғарғы кеңесі жүзеге асыратыны, Президент Республика басшысы және жоғары әкімші-атқарушы билікке иелік ететіні, Жоғарғы сот билігін Қазақ КСР Жоғарғы соты жүзеге асыратыны белгіленді. Жаңа мемлекеттің құрылымын айқындау 1990 жылдың 25 қазанынан басталып, 1991 жыл­дың 16 желтоқсанында аяқталды. Тәуелсіз еліміздің саяси-құқықтық негізін басты үш құжат, атап айтқанда: 1990 жылғы
25 қазандағы «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемен­дігі туралы декларация», 1991 жылғы 10 жел­тоқсандағы «Қазақ Кеңестік Социалис­тік Республикасының атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы» Қа­зақ КСР-ның заңы және Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылдаған «Қа­зақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң құрады. Аталған құжаттар ішінде «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы деклара­ция» тәуелсіздік жолындағы бірінші конституциялық акт еді.
Билік тармақтарын қайта бөлуге бай­ланысты жүргізілетін жаңа саяси реформа еліміздің Ата заңына қандай өзгерістер енгізеді? Жалпы, Президенттің өзі бастамашы болып, өз өкілеттігін билік тармақтарына бөліп беруі – әлемдік саясатта сирек кездесетін жағдай. Парламенттің рөлі Үкіметті жасақтауы арқылы күшейеді.
64-баптың 2-тармағына сәйкес, алдағы уақытта Үкімет алқалы орган және өзінің қызметінде Республика Президентінің, Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты. Азаматтардың бостанды­ғы мен құқықтарының қорғалуын үнемі Президент бақылауында ұстайды және елдік мүдде үшін, мемлекеттің тұтастығын сақ­тау үшін Конституциялық кеңеске Заң жә­не құқықтық актілерді қайта қарауға ұсы­нады.
Негізі, мұндай жүйе Ресей, Франция, Португалия, Финляндия, Польша, Литва, Румыния, Сербия, Хорватия, Словения секілді бірқатар мемлекеттерде қалыптасқан. Бұл қадам елді демократиялық құндылықтарды сақтай отырып, дамыту үшін жасалып отыр. Сондықтан Елбасы бастамасы қазақстандықтар тарапынан үлкен қолдау тапты. Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасына қатысты тұрғындар өзінің азаматтық ұстанымына сай ұсыныс жасап, өтініш, тілектерін білдірді. Осы арқылы Қазақстан азаматтары елде жаңа саяси реформаны жүзеге асыруға дайын екендіктерін көрсетті.
Бүгінге дейін Үкімет Президент алдында жауапты болды, ішінара кей жағдайларда ғана Парламент алдында жауап беретін. Енді өзгерістерге сәйкес, Үкімет Президент пен Парламент алдында тең жауап береді. Осы және тағы басқа өзгерістер мемлекетімізде демократиялық қағидаттардың ары қарай дамуына септігін тигізері анық.Көреген Елбасымыз ел игілігі үшін оң шешім қабылдағаны сөзсіз. Халықпен байланысты нығайту мақсатында Парламент пен Үкіметке билік тармақтарын бөліп берді. Парламентті халық сайлайтыны белгілі. Енді кез келген ел азаматына мемлекеттің дамуына, өркендеп-өсуіне өз үлесін қосуға зор мүмкіндік туып отыр. Өйткені халық өз мұқтажын Парламент арқылы жеткізіп, хабардар етіп отыратыны белгілі. Енді ел игілігі үшін жасалған іске жұдырықтай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірлесе жұмыс жасауымыз керек. Елбасы бір сөзінде «Билікті дұрыс пайдала­на білу де өнер» деген болатын. Парламент пен Үкімет өзіне бөлінген билікті тиімді пайдаланып, ел экономикасын одан әрі көтереді деп сенеміз.
Арын АСҚАРБЕКОВ,
Тараз қалалық мәслихаты
«Нұр Отан» партиясы
фракциясының жетекшісі

Бөлісу:

Пікір жазу


*