Әуен мен әуез дәру ме?

427
0
Бөлісу:

Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркияның Едірне қаласына жолымыз түскені бар. Сол қалада Даруш Шифа деген көне медресені көргенбіз. Осман империясының патшасы ІІ Баязит 1488 жылы салдырған медресе. Ол қазір музей. Өз заманында түрлі сырқаттарды емдеген медициналық медресе болыпты. Емдеу тәсілдерінің ішінде музыканы пайдалану амалы да болған екен.

Талай әнші-күйші, жырау өткен қазақ халқы үшін му­зыкамен емдеу бұл далада болған. Тек оны бүгін­гілер ұмыттық. Біздің өлке­ден мың жыл бұрын Анадолы өлкесіне қо­ныс аударған оғыз ұрпағы сол му­зыкамен емдеуді біразға дейін сақ­тапты. Әлгі біз сөз басында айтқан медресе-музейде біздің назары­мызды аударған біраз дүние болған. Олар – музыкалық аспаптар еді. Біздің қобыз, домбыра, сазсырнайға ұқсас аспаптар бар онда. Ертеде музы­канттар осы аспаптармен көне әуен ойнап, көтеріліп ауырған адамдарды, ақыл-есінен адасқан­дарды емдеген екен. Музей басшы­сы Селим Хакан Акынжыдан осы музыкамен емдеу тәсілін түріктер қай заманнан бері білетінін сұра­ға­нымызда, ол мұны оғыз тайпалары IX ғасырдан бері қолданғанын айтқан. Оғыз тай­палары кейін оны Анадолыға алып барса керек. Еуропа жұрты оны «музыкатерапия» деп медицинаға да енгізген. Біз де пайдаланып жүрміз. Көбінесе медициналық орта­лықтарда Еуропа классик­терінің шығарма­лары қойылып жатады. Оған көзіміз де, етіміз де үйреніп қалды.

Музыка дәстүрлі медицинаның бөлшегіне айналды

«Музыкатерапевт» деген ресми атауды біз тәуелсіздік алған соң ғана қолдана бастадық. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта­сында Алматыдағы «Балбұлақ» бала­ларды оңалту орталығында цере­бралды сал дертіне шалдыққан бүл­дір­шіндерді емдеу үшін «музы­ка­терапевт» мамандар шақырылып­ты. Бүгінде бұл тәсілді көптеген ме­дициналық орталықтар қолда­нып жүр. Әсіресе, Астанадағы «Балаларды оңалтудың ұлттық орталығында» музыкатерапевтер қызмет жасауда. Онда музыкалық терапияның құ­рамдас бөлігі ретінде еңбек тера­пиясы мен вокалдық терапия, логоритмика тәрізді кәсіп иелері қызмет етеді. Алайда біздің елде музыкатерапевтер даяр­ланбайды. Сондықтан музыкамен емдеу ісімен айналыса­тын ма­мандар музыкалық біліммен қатар, түрлі семинар-курстар арқылы музыкалық білімді өзге салалармен, атап айтқанда, меди­цина, фи­зио­логия-анатомия, психология ғылымдарымен ұштастыра білуі тиіс. Әрі сырқатқа қойылған диаг­ноздардың сипатын да түсінуі қажет. Онсыз музыкамен емдеу мүмкін бола қоймайды.
Бүгінде музыкалық терапия кө­біне балаларды оңалту орталық­та­рында қолданылады. Дегенмен пси­­хикалық дертке ұшыраған­­дар­-­ды емдейтін медициналық мекеме­лерде де пайдаланылатын кездері аз емес. Мұнда көбіне ақыл-есіне ауытқу пайда болған адамдарды тыныш­тандыру мақсатында қол­данылса, балаларды оңалту орта­лықтарында сырқат баланы ән, әуен ырғағына икемдеп, қимыл жасату көзделеді. Баланың есту, тыңдау, сезіну қабілетін дамыту үшін рефлективтік терапия, тепе-тең­дік қимыл-қоз­ғалысты дамы­­ту­ға бағыт­талған данстерапия, қол, саусақтың қимы­лындағы мотори­каны дамыту үшін аспаптық тера­пия, тілінің мүкісі бар балалар үшін дыбыстық терапия, бала­лардың ән айтуда дыбыс шығару мен тыныс алу тәртібін үйретуге арналған вокалды терапия сынды емдеу тәсілдері де бар.

Думан ЖАНИЕВ, психолог:
– Астана қа­ласы Пси­хи­калық ден­саулық проб­лемалары­ның меди­циналық ор­та­лығында жұмыс істей­мін. Осында орталық жүйке жүйесі зақымдан­ған, психикалық дамуында тежелу бар, аутизм, қояншық сынды ауруларға шал­дыққан сырқаттар емделеді. Жан ауруына душар бол­ғандарды емдеудің бір тәсілі ретін­де біз м­узыкатерапияны, вокалды пай­даланамыз. Психикалық ауру­лардың көбі жан қиналысынан туындайды. Сондықтан жақсы музыка арқылы оларды өз санасын өзі басқара алуға, эмоциясын дер кезінде тежей білуге үйретеміз.
Әлемнің ғалымдары дәлелде­гендей, кез келген музыка – адам жа­нының емшісі. Музыкамен емдел­ген біздің науқастар да
ішкі күй­зелістен арылып, жаны тыныш­тала түскенін байқап жүрміз. Жүйке жүйесінде әртүрлі ауытқуы бар науқас­тардың көпшілігі тұйық болып келеді. Жақсы музыканы тыңдаған­нан кейін олардың көңіл күйлері көтеріліп, кәдімгідей жайдарланып қалады.
Сабағымыз аптасына бір рет, айына 4 рет жүргізіледі. Осы уақыт аралығында науқастар Бахтың, Бетховеннің, Моцарттың біраз му­зы­касын тыңдап үлгереді. Му­зыка­терапияның соңында қатысушы­лардың қандай көңіл күйде бол­ғанын сұраймыз. Олар­дың кейбірі алаңсыз балалық шағы еске түскенін әңгі­мелесе, енді бірі ас­панда қалқып жүргендей әсерге бөленгенін айтады.
Соңғы жылдары «Музыка­терапия» сабағында қазақтың күйлерін ойнатуды да әдетке айналдырдық. Құрманғазының «Сары­арқа», «Балбырауын», «Адай» сынды күйлері де әлемге әйгілі классикалық музыкадан кем түспей, күйзеліске ұшыраған, жаны қи­налған, жабыққан жандардың жанын емдейтін құдіретке ие екеніне көз жеткіздік. Сондықтан қазақтың му­зыкасын да сабағыма жиі пайда­ланатын болдым.

Қазақ неге бұл тәсілді сақтамады?

Сөз басында түріктерде музыка­мен емдеу тәсілі тұтастай сақ­талғанын айтқанбыз. Сонда біздің бабалар неге осы тәсілді толық сақтамады? Әл-Фараби баба­мыздың музыка туралы трактаттар жазғаны қайда? Неге қобызбен емдеген емшілер туралы там-тұм­даған дерек бар да, өзге аспаптарға қатысты әңгіме жоқ? Бұл сұрақтарға жауап беру оңай емес. Дегенмен музыканы адам жанын, тіпті сырқатын емдеу үшін қолдану­мен қатар, адам санасына теріс әсер ету үшін де пайдалануға болатындығы баршаға аян. Музыканың адамға әсері жайлы деректерді ежелгі грек философы Пифагор да қалдырған. Қазақтар ертеректе таң атқанша ән-күй тыңдап, ұйықтамай «де­малып, көңіл сергіп қалды ғой» десіп жататын. Қазір де ел ішінде осылай айтатындар кезде­седі. Бірақ бәрібір бабалар музы­камен емдеуді қатты насихатта­маған. Себебі, музы­каның кері әсері де бар кө­рінеді. Ғалымдар адам бойындағы әр мүше, әр жа­суша белгілі бір ырғақпен жұмыс істейтіндігін анықтаған. Сондықтан осы ырғаққа сәйкес келмейтін әуен кері әсер етеді екен. Өйткені ды­быстың инфра және ультрадыбыс деген түрлері де бар. Біреуі өте жоғары, біреуі өте төмен дыбыс. Музыкалық аспаптардан осы дыбыстар қоса шығатын кездері аз болмайды. Қазақ халқы оның әсерін білген. Бәлкім, содан да шы­ғар му­зыкамен емдеу далалықтар ара­сында аса танымал болмағанға ұқсайды. Бірақ туыс ха­лықтардың біразында бар.
Бірде шор халқының әншісі Чылтыч Таннагашевамен әңгіме­лескенімізде көмеймен айтылатын жырлар арқылы шор кайчилары адам емдегенін айтқан. Бізде бақсылардың қобыз қолданып, адам емдегені жайлы деректер кездеседі. Бірақ көшпенді жұрт қай аспапты қандай адамның тартуы керектігін бөліп қарастырыпты. Қазақ пен қырғыздың ән-күйін жинаған А.Затаевич сынды, өзбек пен түркіменді зерттеген В.Ус­пенский, В.Беляев дегендер болыпты. Солардың «Туркменская музыка» деген кітабында түркімен халқының аспаптарға қатысты көзқарасы айтылады. Түркімендер дутарды тек бақшылар тартатын аспап ретінде бағаласа, дүдүк деген аспапты әйел заты тартады екен. Шаңқобыз тек қана әйелдің аспабы саналған.
Қобыз демекші, қазақ қыз балаға ертеректе қобыз тартқыз­бапты. Себебі, бұл аспап шығаратын инфра­дыбыстардың әсері күшті болса керек. Оның үстіне бұл аспаптан обертон дыбыс шығады. Бұл адам ағзасына кері әсер етеді. Әсіресе, әйел затының құрса­ғын­дағы ырғақты бұзатын көрінеді. Батыс жұрты әлі күнге виолончель деген аспапта әйел затының ойнауын құп көре қоймайды. Яғни, олар да бұл аспап шығаратын дыбыстың ерек­шелігін білген. Дұрысы, зиянын сезген. Музы­катерапияға біржақты пайдалы дүние екен деп баға беруге бол­майды. Батыс өнерін насихаттау­шылар музыкатерапияға көбіне өз композиторларының шығарма­ларын енгізіп, сол арқылы мәде­ниеттерін жаһанға жайып жүр. Рас, пайдалы болған тұстары бар. Бірақ дені сау адам үшін музыканы көп пайдалану жүйкеге кері әсер ететін көрінеді. Музыкатерапия – көбіне ақыл-еске қатысты дерттерді емдеу үшін пайдаланылатын дүние.

Жанғали ЖҮЗБАЙ, күйші:
– Негізі, ерте дәуірде музыкамен емдеу қазақта болды. Бірақ оны біздің жұрт сақ­тамады. Өйткені музыканың зияны болатынын да білген. Музыкамен емдеуге қатысты дерек Ықылас күйшінің өмір­баянында кездеседі. Баласы Түсіп­бек ауырған кезде Ықылас «менен аруағы үлкен» деп Тіней бақсыны шақ­ырыпты дейді. Сол бақсы Ықы­ластың баласын емдеп, жазыпты. Одан беріде қобызбен зікір салып, адам емдеді деген деректер бар. Түктібай, Жетісудағы Қойлыбай бақсылар болыпты. Содан соң бұл тәсілді қол­дану жойылды. Өйткені таза музыка оны тыңдағанды да, әнді айтқандарды да өкінішке қалдырған кездері мол болды. Жүйеге қарсы шығуға мәжбүрледі. Күй тілімен адам өзінің түпкі ойын білдіріп қояды, бойында бұғып жатқан асау мінез бас көтереді де, иесін орға жығады. Адам емдеу үшін қолда­нылатын әуендер пенде­нің бойындағы табиғи ырғаққа кері әсер етуі мүмкін.
Бейсенбі деген күйші өткен. Күйлерінің көбі «Кеңес» деп келеді. Бірақ күйді сезінетін адам ол күйлерді тыңдаған соң, айнала­сындағыларды төбелеске шақы­ратындай сезіліп, сотқарлыққа шақырып тұратынын сезеді. Бейсенбі күйшіні Бежең дейді жұрт. Сол сияқты Сайдалы Сары Тоқа­ның күйлерінде де сондай әсер бар. Мұхамеджан Тілеуханов сол күйлерді тартқанда тыңдаушы еліріп, айқайлап, сотқарланып кететіні бар. Сары Тоқаны жұрт құрметтеп, әлі күнге Тотаң дейді. Олар – күйлерінде тылсым бар күй­шілер. Яғни, әуеннің адам ағзасын­дағы ырғаққа әсері күшті екендігіне осының өзі мысал болады. Сон­дықтан қазақ әуенмен емдеуді сақтап қалуды құп көрмеген сияқты.


Бір мысал
Ел ішінде академик Ісмет Кеңес­баевтың шетелге ғылыми басқаруға барғанда қатты ауырып қазақтың музыкасын тыңдап жазылғаны туралы әпсанаға бергісіз әңгіме бар. Академик Өмірзақ Айтбай «Егемен Қазақстан» газетінде 2007 жылы жарық көрген «Тау алыстаған сайын биіктейді» деген мақаласында осы оқиғаны Ісмет Кеңесбаевтың өз аузынан естігенін жазған.
«Мұнтаздай таза бөлменің ішінде жалғыз жатқанымды енді-енді байқай бастағандаймын. Халімнің мүшкілдеу екенін се­земін. Приступ жиі-жиі ұстайды. Ара-арасында ес жиғанда жан-жағыма қараймын. Қасымда екі түрік жатқан. Олар­ды басқа палатаға ауыстырып жіберіпті. Оқтын-оқтын соғатын приступтан жан қысылады, әбден әлім құрыған. Бой-бойымшығыптерлеп, естен­ тана­ жаздаймын. Приступ келе жатқанын алдын ала сезем. Көзім ашық, санам ұйқыда. Көз алдым мұнарланып бірді біліп, бірді білмей қиналысқа түсіп жатқан, бей-жай кезім еді. Дәл сол мезетте алыстан ғажайып бір таныс әуен құлағыма жеткендей болды. Түріктің небір тамаша әндері бар ғой. Олар әбден миымды жеп біткен, мезі қылған. Ал мынаның жөні басқа. Тілмен айтып жеткізе алмас жақын да жайлы үн тұла бойымды мақпалдай сипап, мәпе­ле­г­ен, не деген тәтті әуен дерсің. Жүйке-жүйемді балбыратып еніп барады, емірентіп барады. Япыр-ау, бұл не қылған ыр­ғақ, қайда жатыр­мын? Әлгі әуен қайдан шығып тұр, неменеге сонша егілемін деймін. Аздап есімді жия бастадым. Қайда, қан­дай жағдайда жатқаным есіме түскендей болды. Анкарада екенмін деймін. Тағы да шалажансар кейіпке түсіп: «Мұнда неғып жатырмын, қазақ музыкасы қайдан жүр, бұл қалай?» – деп аң-таң боламын. Осындай аласапыран ойдың үстінде му­зыкаға елтіп жат­қанда, бетіме ып-ыстық бір нәрсе тырс-тырс тама бастады. Құлағым әуенде, көзімді жайлап ашып қара­сам, бас жағымда бір ғажайып келісті келіншек отыр. Өңім бе, түсім бе, білмеймін. Мөлді­реген көзін маған қадап егіледі. Дәл осы кезде тағы да приступ басталды. Тоқтап қалмаса екен, отыра тұрса екен деген екіұдай сезім жетегіндемін. Сөйтіп, жатқанда приступ тоқтап, жаным жайлана бастады. Анықтап айналама қарасам, әлгі келіншек өткен жазда бізге Алматыға келіп кеткен Американың атақты ғалымы, түрколог Ильза Циртаутес ханым екен. Ол да осы Еуропада өтіп жатқан дүниежүзілік кон­греске баяндамамен келіпті. Менің ауырып конгреске қатыса алмай жатқанымды біліп жеткен екен.
Ал әлгі әндер, күйлер соның қолындағы кішкентай магнитафон қобдишадан шығып жатыр. Мұны ол жазда Қазақстанға барған сапарында жазып алған екен. Соны шетелде ауруханада жатқан маған әкеп тыңдатуы – өзгеше бір ізгіліктің, мәдениеттіліктің белгісі еді.
Е, жігіттер, біздің бастан осындай да бір сәттер өткен еді. Еліңнің, жеріңнің, Отаныңның, әнің мен өнеріңнің қадірін адам сыртта жүргенде айқынырақ сезінеді екен және кейде әннің дәруі дәрігердің емінен де күшті-ау деймін, – деп толғанып барып әңгімесін тоқтатты Секең».


Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ,
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*