ЖҰРТ ЖҮРЕГІНДЕГІ ЖҰМАБЕК

206
0
Бөлісу:

Алланың берген жасын жасап, дүниеден арманда емес, шүкір деп өткен ердің бірі – Жұмабек Байбатшаұлы. Алайда тағдырдың оны да сынға алған сәттері аз болмаған. Сонау 1963 жылы әкесінен 14 жасында жетім қалғанда, ол бүкіл өмірінен мән де, сән де кеткендей күй кешкен-ді. Бірақ қазақтың «орнында бар оңалар» деген бір ауыз  сөзі жүрегіне жылы тиіп, басынан сипаған ақсақалдардың аялы алақаны оны демеді.

«Бозбала екенмін» деп бозін- ген­дей боздаған жоқ, қайта анасының айналасынан ұзамай, шаңырақтың мықты болуын өз қолына алды. Боркеміктенбей, белін бекем буып, қандай қиын­­шылық болса да жеңуге ты­рысты. Осындай алғырлық же­ңіс­ке құмар Жұмабекті азамат­тықтың абыройлы жолына түсірді, білсем, көрсем және үйренсем деген сөздің қадіріне жеткен бала болды. Жұмабек бар жақсылықты – тәлімі мол тәрбиені бесіктен көріп өсті.
Шын мәнінде, Жұмабек – жұрттың алғысын алған айтулы азамат. Бірнеше мамандықты меңгеріп, біліктілігін арттырды. Жүздеген әдеби кітаптарды оқыды. Аға буын өкілінің өткен күндерінен естеліктерді де жатқа айтатыны жадымызда. «Сәбилік шақтан Пайғамбар жасына дейін» атты кітап жазғанда да көрегенділігін өзгелерге мойындатқан. Бір отбасының қуанышы мен қайғысы да осы кітапта аңызға бергісіз әңгімеге айналған.
– Тағдырдың жазғаны солай болар, 1944 жылы әкем біздің шешеміз Күлзадаға үйленді.Төрт ұл, үш қыз сүйді. Мен, қарын­дасым Жәмила, інім Оразбек Алланың берген жасын жасап, ел-жұрттың алдында ата-анамыздың абыройын асқақ­татуға, жаман сөз естіртпеуге тырыстық, – деп әңгіме айтып, өткенді есіне алатын еді.
Мұнысы рас, Жүкеңнің өзі дүниеге ерекше келгенін де күні кешеге дейін тілге тиек етіп отырды. 1949 жылдың 12 ақпаны күні анасы қолына туу туралы куәлік алған қуанышынан бұ­рын, нәрестенің өмірге ірі екі сүт тісімен келгені ауылда әжеп­­теуір әңгіме болған. Көр­ші кемпірлер мұны жаманшылыққа жорып, үйдің төбесінен құлатпақшы болады. «Өлсе – бәлекет кетеді, өлмесе – жақсылық болады» деп 26 жастағы анасын көндіріп қояды. Шахтадан жұмыстан келген әкесі кемпірлердің сө­зін естіп, жағасын ұстайды. Құдайдан тілеп алған ұлды өлімге қалай қимақ? «Біз бәріміз өліп, осы бала артымызда қал­са, біз Аллаға ризамыз» деп қария­ларды тарқатып жіберіпті.
Сөйтіп, өлімнен қалған Жұмабек қыста шешесі ауырып, емшегінен сүт шықпай қалғанда, Айша, Хадиша, Торқа есімді жеңгелерін кезек-кезек еміп, ауыртпалықтың ауыр жолынан өтеді. Осындай қиындық мек­теп­те оқып жүргенде де алдынан кес-кестеп шыға берді. Жауапты да, жауапсыз да ұстаздар болды. Қатал да, қайырымды да мұ­ғалімдер ұшырасты. Жақсы адам­дардың арқасында аз білімнің өзін қанағат етіп қана қоймай, қырандай қанатын қомдаған балалардың бақытты өмір үшін күрескен күндері тарих беттеріне жазылып қалды.
Коммунистік партияның шарапатын көргенін Жұмабек жасырмайды. Үкімет қаулысына орай Түркістан индустриялық-педагогикалық техникумына түсіп, жетімдерге жасалатын қамқорлықты көрді. Әскерге барып, азаматтық борышын өтеді. Одан кейін жоғары білім алды, еңбек етті. Қай жерде жүрсе де адалдықты ту етті, жақсылықты серік қылды. Сөй­тіп, тәуелсіздікті көруге де Алла нәсіп етті.
Жұмабек Кеңес өкіметі ке­зінде облыстық атқару коми­тетінің еңбек бөлімінде жетекші сарапшы қызметін атқарды. Ол тарағаннан кейін «Қызмет» деп аталатын жеке кәсіпорын ашып, соған директор болды. Есеп-қисапты жақсы білу үшін жоғары білім алды. Жұмысына деген осындай жауапкершілік, өз ісін жетік білу оны көп қиын­­дықтардан құтқарды. Бұрын­дары қызметте 8 сағат отыратын болса, енді жұмыста күніне
10-16 сағат отыратын еді. Оның осы ісін ересек адамдар әлі ұмыта қойған жоқ.
Осылай басталған нарық нақыштары қазақ топы­рағына тәуелсіздікпен қатар ой еркіндігін ала келді. «Адам баласы сияқ­ты, мемлекет те өмі­рінде екі ғұмырлық боса­ғаны аттайды. Бі­рін­шісі – жарық дүние­нің есігін ашу, екін­шісі – ересек өмірдің табал­ды­рығын басу. Екеуі де – қайталанбас, қастерлі ме­зет­тер», – деген Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың өнегелі өсие­ті өмірде шын­дыққа ай­налды.
«Елу жылда – ел жаңа» деген халық даналығын баршаңыз білесіздер. Десе де, біз елу емес, небәрі 26 жылда қарыштап жаңаланған, төрткіл дүние баға­лаған ел болдық. Өзгелер ғасырлап өтетін, ал біреулері мүлдем мақұрым кететін тарихи жолды бар болғаны ширек жас­қа жетпей тәмамдадық. Ол да болса, кешегі бабалар ер­л­ігінің рухын алған, ертеңгі ұр­пағына жол салған бүгінгі замандастарымыздың, сіз бен біздің еселі еңбектеріміздің арқасы.
«Рухы бір – қандас, жүрегі бір – жандас» дейді дана халық. Егер егемендік тұсында елдігі бекем, тұғыры биік жұрт болсақ, оған сіздердің де қосқан үлестеріңіз қомақты деп білемін. Халқымызда «Теңдес ағайын баспанасымен, дербес халық астанасымен мақтанады» деген сөз бар. Келген қонақ үйге кіріп, иесін сынаса, өзге жұрт ордасын көріп, елін таниды. Сол сияқты қай қазақтың да мақтанышпен айтатын Астанасы, тәуелсіз Қа­зақ­станы бар. Тәуелсіздіктің қа­дірі, бостандықтың қасиеті, Отан деген ұлы ұғым – осы», – деген Елбасының ерекше сө­зін қостау ретінде елге еңбек сіңірген, пайдасын тигізгендердің бірі де бірегейі Жұмабек Абаев болды.
Өкінішке қарай, осы тәуел­сіздікті басқаша пайдаланғысы кел­ген­дер де аз болмады. Әсі­ресе, тергеу органдарының озбыр­лығын көрген Жұмабектің жүйкесі мықты болып шықты. Жала жапқысы келгендердің керісінше, өз қылмыстарын әш­керелеп берді. Құдай қос­қан қосағы Дәметкеннің үс­ті­нен түскен арыздардың ар­тын­да не тұрғанын анықтап, бала­ла­ры­ның анасына тиіскендердің сыбағасын берді.
Мұның бәрін айтып отыр­ған себебіміз – Жұмабектің сауат­тылығы. Ол қаржы полициялары мен салық органдарының кейбір мамандары біле бермейтін заң талаптарын жатқа айтатын, бірде-бір құжатты заңға қай­шы жасамайтын, әрбір қағаз­дың артында дерек пен дәйек тұратын. Осындай іскерлік Жұмабектің жолын ашып отыр­ды. Жұртқа жасаған жақ­­­­­сылығын санап тауыса ал­­майсыз. Өзі танымайтын азаматқа құдасының өтініші­мен пәтер алып беріп, бір туысқанының қызын емдетіп, екі аяғын тең басып кеткені секілді оқиғалар ондап, жүз­деп саналады. «Ағайынға, араласқан азаматтарға қолдан келсе жәрдем беріп, жақсылық жасау – әр азаматтың борышы, бір Алладан қайтатын іс», – деп отыратын Жұмабектің жақ­сылығы шынында да, Алладан қайтты.
Бақытты өмірдің базарын көрді. Балаларын да тәртіпті болуға, жақсы оқуға үгіттеп қана қоймай, олармен бірге әр күндерін бірге өткізуге тырысатын. Осы орайда Жү­кең­нің кітабынан бір үзінді келтіре кетелік: «Жақында бір отырыста бір азамат «ба­лам оқуын бітіріп, диплом
алды», – деп айтып қалды, менің «қай мамандық бойынша бітірді?» деген сұрағыма «қайдам, әйтеуір диплом алды ғой» деп жауап берді. Бұл жігіт – «Джип» мініп жүргеннің бірі.
Жүкең №25 Т.Рыс­құлов атындағы мектепте біраз жылдар ата-ана­лар комитетінің тө­ра­­­ғасы болды. №9 Ө.Жолдасбеков атын­дағы мектепте де неме­ре­сінің сыныбында ата-аналар комитетін бас­қарды. Сол 3 жылда 30 оқушының 7-8-нің ата-анасы келіп, балаларының оқу-тәрбиесімен танысатынын, ал қалған 20-22 оқушының әке-шешелері жыл бойы мектепке басын сұқпайтынын аңғаратын еді. Осындай жағдайдан кейін сондай әке-шеше баласынан қандай жақсылық күтеді?
Жүкең бала тәрбиесіне мүм­кін­­дігінше көп көңіл бөлетін. Балабақша жасында бір дорба киноленталары болатын, соны «Фильммоскоп» деген аппа­рат­пен неше түрлі ертегі­лерді, мульт­фильмдерді көр­сетіп оты­ра­тын. Есейген соң кі­тап оқу­ға ынталандырды. Екі ұлы да айы­на, аптасына бір кітап оқуға әб­ден дағдыланған.
Өз қатарының білгенінен артық білсін деп, сәби кезде­рінде талай мәрте Ташкентке, Самарқанға апарды. Едіге он жасқа толғанда Мәскеуге апа­рып, екі апта бәрін көрсетіп келді.Олар Египетте, Ыстамбұлда, Болгарияда болды. Жүкең «бәрің балаларыңа шетелді көрсетіп келіңдер» деп отырған жоқ, осы Шымкентте өсіп, біздің облыстық мұражайды да, көркемсурет залын көрмегендер толып жүр. Балаларымыз, не­мерелеріміз ондағы жә­ді­гер­­лерді жатқа біледі» деген Жүкеңнің әңгімесінен балаларды бі­лім­ге, білуге қаншалықты ынталандыратынын білесіз. Тіпті Қансейіт көкесінің бір топ өзбектерге мешіт салдырып жат­қанын естіп, сол жерде айлап жатып, Алла үйін бітіруге дәнекер болғаны бар.
Тіпті өзі тұратын «Жалын» сая­жайы тұрғындарына жер­гі­­лікті билік жасамаған жақсы­лықты жасағанын жұрт әлі күнге ұмытқан жоқ. Сөйте жү­ріп тарихи дүниеге де қалам тартты. Ата-бабаларын түген­деп, шежіре құрастырды. Бұл да өз ұрпағының қамы үшін жасалған ұлы дүние болды.
Көзінің тірісінде Тасша баба рухына және бұл дүниеден өткен ұрпақтарына арнап Құран оқытып, ұзақ жыл көз майын тауысып ізденіп жазған «Тасша шежіресі және ұрпаққа өсиет» кітабының тұсаукесерін өткізді.
Жұмабек Абаев алпыс жасқа толғанда туған-туыстар мен жора-жолдастарына арнап дастарқан жайды. Осы жолы Жүкеңнің адал еңбек, маңдай терін жақсы көрген азаматтар жырдан шашу шашты.
Осылайша, жұрт білетін Жұмабек Байбатшаұлы алғыс арқалаған азамат атанды. Өзі жазған «Сәбилік шақтан Пайғамбар жасына дейін» атты кітабында «Бұл кітапты еріккеннен, тіпті қолымның бостығынан жазғаным жоқ» деп жан сырын жайып салады. Бұл рухани дүние, үлкен еңбек Жүкеңнің балалары үшін ғана емес, өзге отбасылар үшін де өнеге болары анық.
Әке жолын қуған Едіге мен Ерболдың да елге таныла бастауы – сол отбасындағы оң тәрбиенің жемісі. Әкелері дүниеден өтсе де жүректеріне есімін жазып қалдырған қос ұл­дың ұлы мақсаты – елге қыз­мет ету. Бұл орайда олар әке аманатына адалдық таны­тып келеді. Жұрттың бәрі Жұма­бек­тей ұл өсірсе, қазақтың шаңы­рағы биіктеп, береке-бірлігі ар­тады деседі.


Шын мәнінде, Жұмабек – жұрттың алғысын алған айтулы азамат. Бірнеше мамандықты меңгеріп, біліктілігін арттырды. Жүздеген әдеби кітаптарды оқыды. Аға буын өкілінің өткен күндерінен естеліктерді де жатқа айтатыны жадымызда. «Сәбилік шақтан Пайғамбар жасына дейін» атты кітап жазғанда да көрегенділігін өзгелерге мойындатқан. Бір отбасының қуанышы мен қайғысы да осы кітапта аңызға бергісіз әңгімеге айналған.



Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,

Қазақстанның
Құрметті журналисі

Бөлісу:

Пікір жазу


*