Әскери институттың әлеуеті артып келеді

429
0
Бөлісу:

Биыл Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне – 25 жыл.
Осы айтулы күнге орай Радио­электроника және байланыс әскери-инженерлік институты бірнеше жаңа жобаны жүзеге асыруды қолға алып отыр.

Жоғары оқу орны еліміз егемен­дік алғаннан кейін Қазақстан әскер­леріне офицер кадрлар дайындау үшін Елбасының қолдауымен ар­найы ашылған болатын. Отан­сүй­гіштік рухты көтеріп, елдік мұ­рат­қа, ерен ерлікке үндейтін, Мәң­­гілік ел идеясын жүзеге асыруға бағыт­талған бірден-бір білім ордасы.
Оқу орны 2002 жылдан бері 1500-ден астам офицер дайындап шы­ғар­ды. Институт қабырғасынан бір жылда 150-200 лейтенант түлеп ұшып, еліміздің әр тарапында өз Ота­нына қалтқысыз қызмет атқару­да. Олар бүгінгі таңда зенитті раке­та­лық, радиотехникалық бөлім­дерде, бай­ланыс, авиацияны ра­дио­тех­ника­лық қамтамасыз ету нысандарында, авто­маттан­ды­рылған басқару жүйе­лерінде абы­ройлы еңбек етуде. Аталмыш білім ордасы Әскери ра­­дио­техника, Ра­дио­байланыс пен зенитті ракеталық әскерлердің қон­дырғыларын жөн­деу; Зенитті ра­кеталық әскерлердің бөлімдері мен бөлімшелерінің ра­диотехникасы; Радиотехникалық әскерлердің бө­лімдері мен бө­лімшелерінің радио­техникасы; Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі автоматты басқару жүйелерінің инженері мамандық­тары бойынша білікті, отансүйгіш мамандар тәрбиелейді. Түлектердің басым бөлігі еліміздің мақтан тұ­тарлық, жас буынға үлгі болар рух­ты, жігерлі, өнегелі тұлғаларға ай­налып та үлгерді.


Радиоэлектроника және бай­ланыс әскери-инженерлік институ­тының бастығы, техника ғылымда­рының магистрі, полковник Асқар Мұстабековтың айтуынша, курсант­тар сабақтан тыс уақытта спорттық секцияларға қатысып, «Көңілді тап­қырлар алаңында» бақ сынайды.
– Қазіргі таңда Қазақстан Қару­лы Күштерінің 25 жылдығына орай бірнеше іс-шара өткізуге да­йын­далып жатырмыз. Мұндағы мақсат – ширек ғасыр ішінде осы саланың жеткен жемісті жетістіктерін күллі жұртшылыққа таныстыру, бүгінгі дәуірдің жастарына отансүйгіштік, әскери тәрбие беру, институттың оң имиджін қалыптастыру. Мәселен, сәуір айында курсанттар арасында халықаралық пәндік олимпиаданы біздің институт базасында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Әзірге алты мемлекеттің үміткерлерінен өтініш келіп түсті. Олар жоғары ма­те­матика және информатика пән­дері­нен өз білімдері мен қабілетін көрсе­теді. Бұл жайт аталмыш оқу орнының халықаралық деңгейдегі дәрежесі мен биік көрсеткішін айқындайды.
Алдағы уақытта «Офицер болу – батылдар мамандығы» деген тақырыпта жоғары оқу орындары арасында ғылыми-конференция да ұйымдастырмақпыз. Мұндағы басты мақсат – курсанттардың өз маман­дықтарына деген құрметі мен жауап­кершілігін арттырып, бәсекеге қабі­летті тұлға даярлау болып табы­лады. Сондай-ақ барлық саладағы сту­денттердің басын қосатын спорт­тық бағыттағы шараларымыз да бар. Интеллектуалды, ғылыми бағыттағы іс-шараларымыз өскелең ұрпақтың адамгершілік-әдеп ұғымын, ұлттық құндылық­тарын қалыптастыруда атқаратын рөлі зор деп білемін. Сонымен қатар мәдени бағыт­тағы шараларымыздың барысында қала ішінде концерттік бағдарламалар жоспарланған. Бүгінде жоғары оқу орындарының «Көңілді тапқырлар алаңы» ко­мандалары қатысатын республи­калық жоғары лига ойын­дарына, «Патриот» дебат клубта­ры­ның отырысына да әзірлік басталды. Жас ұрпақты «сегіз қырлы, бір сырлы» тәрбиелеу ниетімен «Ең үздік орындаушы» атты әншілер байқауы басты назарда тұр. Ақтық сын Қа­зақстанның Тұңғыш Пре­зиденті атын­дағы саябақта флешмоб акция­сымен қорытын­дыланады. Аталмыш іс-шара осы кезеңге дейін де жүзеге асып, іс жүзінде көрініс тапқан, дегенмен биылғы жылы да осы мәселеге ерекше мән беріп отырмыз. Жеке тұлғаны үйлесімді қалыптас­тырып, оның рухани-мәдени, зият­керлік әлеуетін дамы­туға бағытталған «Бес қару», «Сұңқар» клубтары Әуе­зов ауда­нының мектептерінде түрлі тақы­рыптағы әскери-патриоттық дөңге­лек үстелдер өткізіп, оқу­шылардың әскери өмір жайындағы сұрақтарына толымды жауап береді, – дейді институт ректоры А.Мұста­бе­ков.


Басшының мәліметінше, білім ордасы заманауи үлгіге сай қажетті оқу-материалдық базамен жабдық­талған. Әдіскерлік-оқу кабинеттер, кітапхана, дәрісханалар, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған зертханалар білімгерлердің игілігіне арналған. Институтта оқу полигоны бар, жаз айларында әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті мен Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлт­тық техникалық зерттеу универси­тетінің әскери кафедралары да даяр­лық бағдарламаларын жүргізеді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында адами капитал сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлінген. «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс» деген тапсырма бе­рілді. Сонымен бірге, IT-білімді, қар­жы­лық сауаттылықты қалып­тастыруға, ұлтжандылықты да­мытуға баса көңіл бөлу керектігін айтты. Қазіргі қоғам­дағы өзекті мәселеге айналып отырған үштіл­ділік оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеуді міндеттеді. Сонымен қатар бүгінде ағылшын тілі – халықаралық деңгейдегі жаңа технология мен жаңа индустрияның әрі жаңа экономика тілі екендігіне тоқталды. «Ағылшын тілін меңгер­мей, Қазақ­стан жалпыұлттық прог­реске жете алмайды» деп алдымызға үлкен мақсат қойды. Әсіресе, сандық технология, жаңа инновациялар мен коммуникацияларды дамыту мәсе­лелеріне басымдық берді. Президен­тіміздің осы бағдардағы тапсыр­маларына сәйкес, білім сапасын арттыру мақсатында оқу үдерісіне жаңа ақпараттық техно­логиялар мен тиімді әдіс-тә­сілдерді көптеп енгізіп, бас­шылыққа алу – негізгі жос­парымыз болып отыр.


Оқытушыларымыз техникалық оқулықтардың электронды базасын қалыптастырып, түзіп, орыс тілін­дегі дәріс-кітаптардың 50 пайызын мемлекеттік тілге аудару ісін жүр­гізуде. Аталмыш дүниелердің бар­шасы да білім сапасын жақсартуға тиімді ықпалын тигізері анық. Кур­санттар оқу мен тәрбие үдерісіне қатысты өздеріне қажетті мағлұ­маттарды алу барысында планшетті пайдалана отырып, ішкі серверіміз арқылы оңай тауып, қажеттіліктеріне жарата білу мәселесі де қарасты­рылып жатыр.
Осы орайда «Біз, жоғары білім беру жүйесінің сапасына, кадрлық құрамға да ерекше назар аударамыз. Оқытушыларымыз үш тілді еркін түсініп, дәріс бере алатындай дең­гейге жету жолында да ізденіп, ең­бектеніп жатыр. Киберқауіпсіздік мә­селелеріне де бір факультет арнап отыр­мыз. Қорғаныс министрлігі бұл істі жетілдіру мақсатында арнайы зерт­ханамен жабдықтауға кірісті. Атал­мыш мәселе ретімен шешіліп, жыл аяғына дейін қолдануға беріледі. Ендігі жерде киберқауіпсіздік маман­дарын дайындауды да бастағалы отыр­мыз, – дейді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік инс­титутының бастығы А.Мұста­беков.
Бүгінгі таңда аталмыш білім ордасы шетелдік әріптестерімен, шетелдік әскери оқу орындарымен де тығыз қарым-қатынас орнатқан. Атап айтар болсақ, 34 сарбаз Ресей мен Белоруссияның бірнеше қала­ларында білім алып жатыр. Соны­мен қатар Қырғызстаннан да келіп, осы оқу орнында білім алып жат­қан курсанттар бар. Инсти­туты­мыздың оқытушы-мамандары Мәскеу мен Санкт-Петербор қалала­рында ғылыми дәрежелерін қорғап, тәжірибе алмасып, ізденістерін үзбей жалғастырып тұру мәселесі де жақсы жолға қойылған.


Білікті мамандар даярлау үдері­сінде институтымыздағы ғылым док­торлары мен профессорлар Сансызбай Малғаждаров, Жанат Әубәкірова, Михаил Шлейко, Нұрға­ли Асылов, Ілияс Сейітовтің еңбек­тері орасан зор. Ғылым канди­даттары Қайрат Садықов, Марат Егізбаев, Руслана Құсайынова, Нұргүл Исма­ғұлова, Ғалиакбар Таиров, Бақыт Қосынбаев, Сәрсен­күл Тасимова, Қарлығаш Мұнас­баева, Нұркен Ізтілеуов, Дәурен Мұхамадиев – өз ісінің майталман мамандары.
Оқу ордасындағы генерал-майор А.Старыш, М.Орынбековтің де өскелең ұрпақты оқытып, тәрбиелеу барысында еңбегі ерен әрі абырой-беделі жоғары. Пол­ковник Ақылтай Буданов, Игорь Саврас айбынды аза­маттар тәр­биелеу ісіне аса жауапкершілікпен қарап, азаматтық болмысты қалып­тастыруға айрықша үлес қосуда.
Институт қабырғасындағы жетіс­тіктің бірі ретінде 2008 жылы құрылған әскери ансамбльді айтпай кетуге болмайды. Қаладағы түрлі аудандарда өтетін мерекелік ше­рулер мен концерттік бағдарлама­лардан тыс қалған емес.
– Біздің институт қала әкімді­гі­­мен, Әуезов аудандық әкімдігімен және Наурызбай аудандық әкімді­гі­мен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді.
Былтырғы жылы оқу орнының құрылғанына 15 жыл толды. Аз ғана уақыт ішінде аты біраз елге танымал болды десем, артық айтқандық емес. Халықаралық, респубикалық кон­ференцияларда, байқауларда, қала­лық мекемелер мен жоғары оқу орын­дары арасында өтетін іс-шара­ларда, спорттық жарыстарда ұдайы жеңімпаз болып, жүлденің алдын бермей келеді. Мұның барлығы ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республи­касы Қарулы Күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты мен қамқорлығы­ның нәтижесінде жүзеге асып отыр.


Елбасы мен Қорғаныс министр­лігінің қолдауы мен қаржылан­ды­руының арқасында ұлттық намы­сы мен рухы мықты офицерлер да­йындауға үлкен мүмкіндік берілген. Сол мүмкіндіктің нәтижесінде, шәкірттеріміз үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде былтырғы жылы Мәскеуде өткен спартакиадада курсант­тарымыз І орынның жүлдегері атан­ды. Инс­титутымыздағы «Патриот» ғылыми-дебат клубы халықаралық және республикалық турнирлерде үздік нәтиже көрсетіп, осы уақытқа дейін алдына жан салған жоқ.
Өз елімізді айтпағанда, Әзірбай­жан, Қырғызстанның жоғары оқу орындарынан арнайы шақыру түсті. «Көңілді тапқырлар алаңында» жоға­ры лигада ойнаған жалғыз әскери ко­манда да біздің институт­тан шы­ғып отыр, – дейді Асқар Мұста­беков.
Түйін:
Қазақстан Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Н.Назарбаев ел әскерінің жоғары әлеуеті жөнінде: «Бүгін еліміздің Қарулы Күштерінің біртұтас жүйесін құрайтын заманауи, саны жағынан жинақы, жақсы жабдықталған және ұрысқа қабілетті Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-теңіз күштері құрылды» деп үлкен сенім артқан болатын. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты Елбасы үкілі үміт артқан асқаралы асуларды бағындырып, осы үдеден шығу мақсатында келешекте де тәуелсіз еліміз бен жеріміздің бейбітшілігі, тыныштығы, игілігі үшін қарқынды жұмыстар атқара бермек. Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай қолға алынған жобалар студенттер мен курсанттар арасында мемлекеттік идеологияны күшейтіп, отаншылдық рухқа, Мәңгілік ел идеясын жүзеге асыруға әрі елі мен жерін сүйіп, Отанды қорғауға даярлауға тиімді ықпалын тигізеріне сеніміміз мол. Әрқашан әскери институттың әлеуеті артып, мызғымас мемлекеті­міз бен Мәңгілік еліміздің игілігіне қызмет етуіне үздіксіз үлес қоса берсін деген тілектеміз!

 

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*