Сләм Исабаев: Адамның қателеспегені абзал

537
0
Бөлісу:

Сексеннің сеңгіріне шықса да көзінің нұры таймаған, бойы ширақ, сөзі нық полиция генерал-майоры, ішкі істер органдарының ардагері Сләм Исабаевты әріптес­тері «мейірімді генерал», «либерал басшы», «ұлы ұстаз», «біздің генерал» деп атайды. Жалпы, ол кісінің болмысын сипаттайтын, мінезін дәл суреттейтін сөздер көп.
Сләм Исабаев 1937 жылы 18 нау­рызда Шығыс Қазақстан об­лысы Үлкен Нарын ауданының (бүгінде Қатон Қарағай ауданы­мен біріктірілген) Мало-Крас­ноярка ауылында дүниеге келген.
1955 жылы Үлкен Нарын орта мектебін бітірген соң, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің заң факультетіне түсіп, 1960 жылы үздік аяқтайды. Еңбек жолын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қазақ сот сараптама ғылыми-зерттеу инс­ти­тутында сарапшы-крими­налист қызметінен бастайды. Жақын­да Сләм Мұхамед­жан­ұлымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Сләм Мұхамеджанұлы, сіз «ақсақал болу – мәртебе, ардагер болу – абырой» деген сөзді жиі айта­ды екенсіз. Өзіңіз Қазақстан Ішкі іс­терінің әрі ақсақалысыз, әрі ар­да­герісіз. Ардагер болудың мәні неде?
– Қазақта шал, қарт, қария, ақсақал деген сөздер бар. Даныш­пан қазақ балаға да, жасқа да, кәріге де – оның мінез-құл­қына қадір-қасиетіне қарап, әртүрлі атау берген. Мұның өзі қазақ тілінің өте бай тіл екенін дәлелдейді. «Талқаны таусылды» деген сөз бар. Талқаны таусылмай, ұзақ жасағандардың бәрі шал, бәрі қария. Ақсақал – өзінің ұрпағына ғана емес, еліне сөзін тыңдата алатын, ақылымен жұртты ұйыстыра алатын сыйлы адам. Ардагер деп туған елге, туған жерге еңбегі сіңген, бар өмірін, қажыр-қайратын Отаны­ның гүл­денуіне жұмсаған, халық тарапы­нан жоғары құрметке ие болған адамды айтады. Жақында министр­ліктен хабарласып: «Сіз біздің ардагерімізсіз! 80 жылды­ғыңызды Астанада атап өтейік…» деді. Соған қарағанда, азды-көпті еңбегіміз сіңген шығар. Құрмет­теп жатқандарына рақмет.
– Өткен өмір жолыңыз туралы айтып беріңізші…
– Үлкен Нарын ауданында туып-өстім. Әкем Мұхамеджан ерте қайтыс болыпты, ол кезде бес жасқа да толмаған бала едім. Түр-келбеті есімде жоқ, тек шай іш­кенде мені мойнына отырғы­зып алатын. Желкесіне отырғы­зып көте­ретіні, аспанға лақтырып, қайта қағып алатын көріністер ғана еміс-еміс елестейді. Әкемнің суреті де жоқ… Анам Қапыш бертінде қайтыс болды, портреті төрде ілулі тұр. Закария, Жике ағаларым соғыстан оралмады. Байкен ағам, анам екеуі таңсә­ріден кешке дейін колхоз жұмы­сын істеп, нан таба­тын. Жетім­діктің де, жоқшы­лық­тың да аза­бын сол кездегі ұрпақпен бірге көрдік. Қиыншылықта шың­далдық…
1955 жылы онжылдықты жақ­сы бітірген соң Алматыға оқуға келдім. Ол кезде Масанчи мен Шевченко көшелерінің қиылы­сында Заң институты бар еді. Соғыс жылдарынан кейін Мәскеу, Ленинградтан келген мұғалімдер сабақ беретін, мықты институт еді. Сол жылы ҚазМУ-дың заң факультеті болып қайта құрылып, сол факультетке оқуға түстім.
1960 жылы университетті бітірген соң, Қазақ сот экспертизасы ғылыми-зерттеу институтына жол­дама берді. Ол жерде эксперт-кри­ми­налист болып жұмыс істедім. Содан кейін Мәскеуде экс­перт­тердің 6 айлық курсын оқып келдім де, мені бірден ҚазКСР Ішкі істер министрлігі ғылыми-техникалық бөліміне аға эксперт-криминалист қызметіне шақыр­ды. 1964-1983 жылдары ҚазКСР Тергеу бас­қармасына тергеуші, аға тергеуші, аса маңыз­ды істер бойынша тер­геуші, бөлім бас­тығы, ҚазКСР Тергеу бас­қармасы бастығының орынба­сары бол­дым. Өмірімнің
19 жы­лын тер­геу бөліміне арнап­пын. Одан кейін Талдықорған облысы, Алматы облысы, Алматы қаласы­ның Ішкі істер басқармасын бас­қардым.
– Қылмыспен күрес… Неліктен бұл саланы таңдадыңыз?
– Мектепте жүргенде қоғам­дық пәндерге қызықтым. Ауыл­дағы милицияны көргенде, олар­дың тіп-тік, сұлу кескіндеріне, үс­ті­не қона кеткен жарасымды фор­­масына, жанқалтасындағы қа­руына қызыға қарайтынбыз. Әй­теуір, менің осы салаға келе­тінім бала кезден белгілі болған сияқты…
– Алматы қалалық Ішкі істер басқармасының бастығы қыз­метімен бірге, ІІМ министрінің орын­басары деген қызметті қатар алып жүріпсіз. Әрі тарихта дәл осындай екі лауазымды бірдей алып жүрген сізге дейін де, сізден кейін де ешкім болмапты. Тыныш­тық деген­ді, демалыс дегенді білмейтін, ең ауыр да жауапты қызметтерді ат­қару оңай болмаған шығар…
– Әрине, оңай емес. Таңғы 6-7-де кетесің, түнгі 1-2-де ке­лесің. Тіпті бала-шағаңды көр­мейсің. Іс-сапар да көп, жиналыс та көп, жауапкершілік те жоғары. Жалпы, полиция қызметі – жүгі ауыр, халық арасында сүйкімі, қайы­рымы аз мамандық. Бұл саланың ауыртпалығын ішінде жүрмей, көзбен көрмей сезіну мүмкін емес. Алматы қалалық Ішкі істер басқармасын 1990-1994 жылдары басқардым. Ол кез Кеңес Одағы­ның ыдырап, әр республика жеке дербестігін алып, өз бетінше өмір сүруге бет алған жылдар еді. Қоғамда бей-берекетсіздік орын алды. Рэкет, бала ұрлау, құн сұрау… қала ортасында күндіз де, түнде де бандиттердің, топтардың бір-бірімен атыс-шабысы… қысқасы, бұрын естіп білмеген, көрмеген қылмыс түрлері көбейді. Күндіз күлкі жоқ, түнде ұйқы жоқ. Сондай кезеңдер де басы­мыздан өтті.
– Ең шешуші сәттерде қалай шешім қабылдаушы едіңіз? Есіңізде қалған ерекше оқиғалар туралы сөз қозғасақ…
– Біздің қызметте ұзақ уақыт ойланып-толғануға уақыт бола бермейді. Тез шешім қабылдауға тура келетін жағдайлар жиі кез­деседі. Бірде, 1994 жылы, Ал­маты қалық ІІБ бастығы қызме­тінен кеткелі жүрген кезім болатын. Қыл­мыскерлер бес-алты жасар баланы ұрлап, баланың өмірі үшін құн талап етті. Бұған дейін қыл­мыстың түр-түрін көрген едік, бала ұрлау деген мүлде болмаған, бұл бірінші оқиға еді. Бұрын мұндай қылмыс біздің тәжірибемізде болмаған. Сарап­тама жасадық: «Оқиға қай жерде болған, қалай ұрлаған, куәгерлер бар ма, баланы соңғы рет кім көр­ген, қанша құн талап етіп жатыр…» деген мәселе­нің бәрін мұ­­қият зерттедік. Сима­чев, Нүке­нов, Өскембаевтар күні-түні жұ­мыс істеді. Ақыры баланы аман-есен ата-анасына қай­тардық.
Бүкіл елді дүрліктірген ұзы­н­ағаштық «адам жегіш» Николай Жұмағалиев оқиғасын алыңыз. Екі рет түрмеде отырған. Оны тұтқын­дау процесімен тікелей айна­лыстым. Психиатрлар оған «шезо­ф­рения» деген диагноз қойған. Бір емес, екі емес, он адам­ның қанын мойнына жүк­теген… Мұндай оқиғаларды ай­тып тауысу мүмкін емес. Поли­ция қызметкер­лерінің өмірі қым-қуыт, шытырман оқиға­лар­ды ашумен, қылмыс­кер­лерді із­деу­мен, оларды құрық­таумен өтеді.
– Қылмыскерлермен жеке сөйлескенде, оларды тәрбиелеуге, олардың ой-көзқарастарын өз­гертуге тырыстыңыз ба? Жалпы, қылмыскердің өзгеруі мүмкін бе?
– Кез келген адамды қайта тәрбиелеуге болады. Абай ата­мыздың «Мен, егер зәкүн қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген әйгілі сөз бар емес пе? Яғни, адам­ды түзеуге болады. Біз де сон­дай мақсатта әрбір қыл­мыс­кермен әңгімелер жүргіземіз. Бұл полиция қызметінің әдістеме­сінде бар. «Айналайын-ау, өзің жап-жассың, ата-анаң сенен үміт күтіп отыр ғой… өстіп жүріп, өмірің өксікпен өтеді де кетеді…» деп жанашырлық ақылымызды айтамыз. Шын мә­нінде, жаның ашиды, қарап тұрсаң ақымақ емес, ақыл-есі бүтін, аяқ-қолы, дені сау, ойы да, бойы бар, тепсе темір үзеді… не жетпейді, неліктен осылай өмірлерін қор қылады деп ойлайсың. Ішің ашиды. Бәрі бар, бірақ оларда өмір жоқ – жұмыс, отбасы, әйел-бала-шағасы, арман-мақсат, қызығу­шылығы жоқ… Сондай сүреңсіз өмірін жандандырып, гүлденді­рудің орнына, керісінше, қылмыс жасап, онан сайын балшыққа бата­ды. Бас ауыртпай, балтыр сыз­датпай, жеңіл, оңай олжа тапқысы келеді. Кейбіреулер бір емес, бірнеше рет түрмеге түседі. Оты­рып келгендердің арасында «ходка» деген сөз бар – түрмеге нешінші рет түсуін айтады. «Бірінші ходка, екінші ходка» деген сияқты. Екінші, үшінші рет түскендерге де барынша жана­шырлық, ағалық ақылымызды айтып, жөн сілтеуге тырысамыз. «Айналайын-ау, осындай өмір саған ұнай ма? Қоятын кезің болды ғой… тоқтамайсың ба? Әлі алда талай өмірің бар, тыныш, бақытты өмір сүруге болады ғой, қоймайсың ба? Өзіңді, ата-анаң­ды, бауырла­рыңды аясаңшы…» деп. Расында, жаның ашиды, жүрегің сыздайды. Өмірін дұрыс бағытқа бұратындар да кездеседі.
– Адамдарды қылмыс жасауға не итермелейді?
– Адамдардың қылмыс жа­сауы­на оның қоршаған ортасы да ықпал етеді. Айналасындағы достары кімдер, қандай ортаға түсті, кімдермен араласады – мә­селе сонда. «Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа, жаман­мен жолдас болсаң – қаларсың ұятқа» деген сөз бар ғой. Сондық­тан жора-жолдас, дос-жаран таң­дауда қателеспеу керек. Қылмыскер атанған бала, жас, ересек адам болсын оларды туған-туыстары, жақындары кеудесінен итермей, орталарына тарта білу керек. Жанашырлық танытып, ақылын айту керек. «Сенің осындай жолға түсуіңе біз де кінәліміз, саған дер кезінде көмек бере алмадық, қол ұшын соза алмадық… енді бәріміз бірігіп дұрыс жол іздейік, сенің өмірің алда, болашағың бар, сен әдемісің, жақсысың, бізге керек­сің, сені үйлендірейік, үй қылайық, саған болысайық, сен де өз-өзіңе көмектес, бізге кө­мектес…» деп жылы сөз айтатын адамдар аз. Жанашырлық, мейірімділік көр­сетсе, дұрыс жол сілтесе, сонда олардың түзеліп кетуіне себеп бар. Егер олар «қоғамның қалдықтары… жаман адам…» болып, ортадан шетте­тіле берсе, оларға екінші рет қылмыс жасаудан басқа жол қалмайды. Бір сөзбен айтқанда, қылмыс­керлер – психологиялық, психи­калық тұрғыда әлсіз адамдар. Олар өз бақытсыздықтары, жетіс­пеушіліктері туралы көп айтпайды, бірақ шексіз уайым­дайды. Олардың трагедиясы сол…
– Кеңес заманында қылмыс аз жасалатын ба еді, әлде ашық ай­тыл­мағандықтан, қылмыс жасал­майтын елде өмір сүргендей әсерде қалдық па?
– Қылмыс деген Адам ата – Хауа ана заманынан, Қабылдың Абылды өлтіруінен басталды. Со­дан бері қылмыстың түрі де артты, саны да көбейді. Кеңес кезінде де қылмыс болды, түрме дегеннің өзі қазаққа Кеңес өкіметімен бірге келді емес пе? Оған дейін қазақ даласында осынша көп түрме болды ма? Болған жоқ. Дегенмен кеңес кезінде дәл бүгінгідей ауыр қылмыс түрлері болмайтын. Терроризм, педофилия, бала ұрлау, адам ұрлау, құн талап ету, қыз зорлау… Кейінгі жылдары қыл­мыстың адам естімеген осындай түрлері көбейді. Мұның бәрі қоғамның көзқарасының, адами құндылықтардың өзгеруі­нен туындап отыр. Тәуелсіз­дігі­мізді алып, шекарамызды шетелдіктерге ашып тастаған жыл­­­дардан бері қарай біздің елге батыстан, шы­ғыстан, оңтүстіктен, солтүстіктен неше түрлі ағымдар қаптады. Олар­мен бірге жақсы­лық та, жамандық та келді. Қылмыстың көбеюі – ең алды­мен, ұлт қасіреті, мемлекет тра­гедиясы. Біздің кезімізде то­йым­сыздық деген болмаған. Біздің ұрпақ ондайды түсінбейді, қа­былдай алмайды. Тіпті адам­дардың соншалықты ашкөз­ді­гіне жүрегім ауырады. Соншалықты құнығу­шылықтың арты жақсы болмайды. Бақыт, тұрлаулы өмір ақшаға байланып тұр ма? Мүмкін, ол ақша бақыт емес, бақытсыздық әкелетін шығар? Сондықтан бізге ойлану, өте сақ болу керек. Билік те, халық та, қылмыскерлер де қылмыс жасамас бұрын ойлану керек… Ұлт, Отан, мемлекет, әділет­тілік, адал­дық, патриотизм туралы сөз айтпас бұрын, әр адам өзі сол сөзді айтуға моральдік құқығы бар ма екен, соны ойла­сын! Егер тырнақтай қылмыс жасаған адам болса, алдымен, өзін түзесін! Сонда халық түзеледі, мемлекет дамиды.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Сәуле ӘБЕДИНОВА

Бөлісу:

Пікір жазу


*