Ән өнерінің алар орны ерекше

139
0
Бөлісу:

Валентина Елеусінова – республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүрген өнердің өз өкілі.  

1997-2001 жылы Оңтүстік Қазақстан музыкалық коллед­жін­де білім алған. 2006 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын КСРО халық артисі, профессор Роза Жаманованың тобынан «Жеке ән салу» мамандығы бойынша бітірді. 2001 жылы әншілер арасындағы ХХІІ республикалық жас орын­даушылар байқауынан үміт сыйлығының иегері. Халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы. Көпбалалы ана 2008 жылдан бері П.Чайковский атын­дағы Алматы музыкалық колледжінде академиялық вокал пәнінен дәріс береді. Шәкірттерінің алды беделді байқауларда және студенттік олимпиадаларда топ жарып үл­герді. Ұстаздық қызметпен қатар, әрдайым қалааралық өткізілетін мәдени іс-шараларға белсене қатысады. Сондай-ақ Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев басқаратын оқу орнында ұйымдастырылатын концерттік бағдарламалар мен байқаулардың әрдайым басы-қасында жүреді.
Оқытушы-ұстаздың болмысына классикалық шығармалармен қатар, қазақтың халық әндері жақын. Сабақ барысында халық әндерінің жанрлық-стильдік ерекшелік­теріне баса назар аударып отырады.

Валентина ЕЛЕУСІНОВА:
– Ән – халық мұрасы, өмір айнасы. Еліміздің басынан кешкен тарихи шежіресі мен дүние-танымын суреттейді. Ғасырлар қойнауынан сыр шертеді. Ұлтымыздың болмысын, табиғат көріністерін, өмір құбылыстарын сипаттайды. Халық арасында кең таралған «Елім-ай», «Қамажай», «Бипыл», «Сәулем-ай» сияқты әндер ел арасында да, үлкен сахналарда да жиі орындалады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Кез келген ұлттың өзіндік кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындайтын ұғымды оның өзіне тән ұлттық мәдениеті дейтін болсақ, қазақ мәдениетіндегі ән өнерінің алар орны ерекше» деп атап өткен болатын. Сондықтан жұмыс барысында әр дәуірдің, әрбір тарихи кезеңнің өз үні, өз мақамын шәкірттерімнің бойына дарытып, қаз-қалпында жеткізуге күш саламын.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*