Кунсткамерада қанша қазақтың басы бар?

2109
0
Бөлісу:

Кунсткамера деп жүргеніміз – Ресей Ғылым академиясының Антропология және этнография музейі. Ғимараты Петерборда орналасқан. Жаһандағы ірі әрі ең көне этнографиялық музейлердің бірі. Мұнда әлем халықтарының ең сирек дүниелері сақталған.
Бүгінде музейдің коллекциялық қорында 1,2 миллион түрлі жәдігер бар. Қазіргі таңда музейде антропология, археология бөлімдерімен қатар, әлем халықтарының этнографияларына арналған ғылыми бөлімдер жұмыс істейді. Біз қарастырғалы отырған бассүйектер коллекциясы осындағы Антропология бөліміне тиесілі. Бұл бөлім негізінен байырғы және бүгінгі адамзаттың антропологиясы, антропогонез, этникалық антропология, краниометрия, краниоскопия, әлем және Ресей халықтарының шығу тегі секілді дүниелерді зерттеумен айналысады.

Букиничтен 7 бассүйек

Кунсткамераға әкелінген сүйек­тердің барлығы да негізінен ант­ропологиялық ғылыми зерттеу мақ­сатында жиналды. Музейде сақ­талған бассүйектердің бір­сы­пы­расын Дмитрий Букинич (1884-1939) өткізді. Белгілі археолог-ғалым. Этнограф-тәжіктанушы. Бу­кинич 1920-1923 жылдары Тор­­ғай мелиорациялық экс­пе­ди­ция­сына жетекшілік етті. 1924 жы­лы Ауғанстан экспедициясына ат­танды. 1926-1927 жылдары Н.Ва­виловпен бірге тағы да Ау­ған­стан­ға барып, қазба байлықтарын барлап қайтты. Осы сапарынан Н.Вавилов екеуінің «Земледель­чес­кий Афганистан» деген кітабы жа­рық көрді.
1928-1929 жылдары Кунст­ка­ме­раның В.Бартольд басқарған Ор­таазиялық этнографиялық экс­пе­дициясының мүшесі болды. 1929-1932 жылдары Іле өзеніне ир­ригациялық зерттеу жүргізді. 1933-1935 жылдары Қарақорым (Моң­ғолия), 1936-1937 жылдары Тер­мез (Өзбекстан) археологиялық экспедицияларына қатысты. Осы са­парларының бәрінен құнды кол­лекцияларды олжалап отырды. Олардың бәрі бүгінде Кунст­ка­ме­ра­да сақтаулы. 1939 жылы өзіне қол жұмсап, өлді.
Букиничтің өмірдерегін неге кел­тірдік? Себебі, ол Кунст­ка­ме­ра­ға қазақтың да көптеген коллек­цияларын өткізді.
1925 жылы Д.Букинич зерттеу жүр­гізу мақсатында Қазақ жеріне келді. Осы сапарынан Кунсткаме­ра­ға бірнеше жәдігерді жинап бар­ды. Олар музейде №3188 сериясы бойынша сақталған. Бұл кол­лек­ция­да қазақ әйелінің кимешектері, ағаштан жасалған көнек, шашақты оймақ, қобыз, ұршықтар, былғары торсық, жүннен жасалған доп жә­не жез құман бар. Бұдан бөлек, 1926 жылы Қазақстаннан жинап Кунст­камераға өткізген бірнеше кол­лекциясын №5502 сериясымен топтастырыпты. Аталған сериялы жәдігерлермен танысып шықтық. Бәрі де Қостанай облысынан жө­нелтіліпті. Арасында металдан жа­салған тұмар, ағаш тарақ және ойыншық қуыршақтар бар.
Оған қоса, Букинич дәл осы жы­лы Қызылорда маңындағы зи­раттарды аршып, антропологиялық зерт­теу жүргізді. Бұл дүниелер му­зей­де №3381 сериясымен сақтал­ған. 1936 жылы Байқоңыр маңын­да­ғы көне зираттарға зерттеу жа­сап, оларды №3382 сериясымен, ал Торғайдағы антропологиялық зерт­­­теулерін №3383 сериясымен жи­­нақтапты. Зерттей келе көз жет­кіз­геніміз, №3381 сериясы бойын­ша сақталған жәдігерлер негізінен бассүйектер болып шықты. Ұзын са­ны – 7 бассүйек. Соған қарағанда №3383 сериясымен сақталған кол­лек­циялар да бассүйектер болуы ке­рек. Олай дейтініміз, Кейкі ба­тыр­дың бассүйегі дәл осы №3383 cе­риясы бойынша сақталып келді. Бұл жайлы жазушы Думан Рама­зан: «…Антропология мұражайын­да­ғы алпыс мың бастың тiзiмiн қа­рап шықтық. Кейкi батырдың бас-сүйегiне байланысты құжат­тар­ды тауып алдық. Атамыздың бас- сүйегiнiң нөмiрi 3383 екен: «3383. Че­­реп знаменитого бандита казаха Кей­ки, уроженца Кайдаульской вол., Тургайского у., казненного в Со­­ветский период. От Д.Бу­ки­нича в дар в 1926 г. Документы: За­писка Собирателя. 3/ХI-33» деп жа­зылған негiзгi құжатта» дейді. Кей­кінің бас­сүйегі сақталған №3383 cе­рия қо­рында тағы қанша қазақ­тың бас­сүйегі барын бір құдай біледі! Бұл сериядағы коллекциялар Буки­нич­тің Торғайдағы антро­по­логиялық «зерттеулерінің жемісі» екені анық. Бу­кинич негізінен кө­не зи­рат­­тар­дағы бассүйектерге антро­пология­лық зерттеу жасаған деп түсіндіріп кел­ді. Сонда олар­дың арасында Кей­­­кінің басы қайдан жүр? Бас­сүйек­ті көрден қазып ал­ды ма, әл­де бұған дейін (батырдың басы 1923 жылы алынған, Буки­ничтің өт­кізген жылы – 1926, ара­сын­да 3 жыл бар) бір жерде сақ­тал­ды ма? Бел­гісіз…

Гасфордтан 11 бассүйек

«Батыс Сiбiр генерал-губерна­торы болған Гасфордтың атынан да көптеген бассүйектер жiберiлген екен. Мәселен, бiр құжатта: «5281. Че­репа казахов из погребений в Кок­четавском и Каркаралинском округах, доставленные в Ана­то­ми­ческий музей АН по распоряжению генерал-губернатора Западной Си­бири, генерала от инфантерии Гас­фордта в 1859-61 гг. Дар. До­ку­мен­ты: 1) Копия отношения и. д. воен­ного губернатора области Си­бирских киргизов от 27.IХ.1859 г. за №1787; 2) Копия отношения и. д. военного губернатора области Си­бирс­ких киргизов от 6.ХI. 1859 г. за №2041; 3) Выписка из статьи Бэра…» деген ақпарлар бар» дейді Думан Рамазан.
Гасфордтың да Кунсткамераға өткізген бассүйектерін індетіп көрдік. 1904 жылы Петербордан ба­­сылған Ю.Людевигтің «Список че­репам краниологической кол­лекции Музея антропологии и этнографии имени императора Пет­ра Великого при Импера­торс­кой Академии наук» деген жинағы бар. Сонда Кунсткамерада сақтал­ған бассүйектер туралы біраз мә­лі­мет келтірілген. Жинақта Батыс Сібір генерал-губернаторы болған Г.Гасфордтың Кунсткамераға өт­кіз­ген бассүйектерінің тізімі жа­рия­ланған. Көз жеткізгеніміздей, Гасфорд музейге бір емес, бірнеше қазақтың басын аттандырыпты. 169-тізімнен бастап, 179-тізімге дейін­гі 11 бассүйектің егесін «кир­гиз» деп көрсеткен. Бұ қазақтың бір заманда «киргиз» атанғаны бел­гілі. Сонда 11 қазақтың бас­сүйе­­гі кімге тиесілі болды екен? Ара­сында Кенесарының да бас­сүйегі болуы мүмкін бе? Бұлай дей­тініміз, Кенесарының бассүйе­гін дәл осы Гасфорд сақтап келген болатын.
Бұған қатысты Думан Рамазан: «Бабамыздың басын алған қырғыз ма­наптары патша ағзамға жақсы кө­ріну үшiн Батыс Сiбiрдiң гене­рал-губернаторы болған П.Горча­ков­қа апарып бередi. Ол 1851 жы­лы Горчаковтың орнына Батыс Сi­бiр генерал-губернаторы болып та­ғайындалған Г.Гасфордтың қо­лына түседi. Ол Санкт-Петер­бург­ке, яғни, патша ағзамның құзырына жө­нелтедi: «…Бунтарская голова Кенесары Касымова находится у меня под железным замком, пере­дан­ная князем Горчаковым, нап­рав­ляю к Вашему величеству…» – дейдi Николай патшаға жазған қа­тынас қағазында Гасфорд мыр­за» деп жазады.
Гасфордтың Кенесарының ба­сын сақтағаны рас па? Бассүйекті пат­шаға жолдағаны ше? Жолдаса, қа­зір қайда? Бұл сұрақтардың жауа­бын тарихшылар әлі күнге дейін таба алмай келеді.

Басқа да бассүйектер…

Кунсткамера жинақтарының бі­рі – 1955 жылы жазылған В.Гинз­бург пен Н.Залкиндтің «Мате­риа­лы краниологии казахов» ең­бе­гінде де біраз маңызды мәлімет бар.
«Мұнда (Кунсткамерада) В.Гинзбург зерттеген 22 ересек адам­­­ның (қазақтың) бассүйегі бар:
1) №3381 сериялы 7 бассүйекті 1926 жылы Д.Букинич Қызылор­да­­­дағы қазақ зиратынан жеткізген;
2) №4539 cериялы 2 бассүйек му­зейге 1860 жылы Зайсан көлінің маңынан әкелінген;
3) №5277 сериялы тағы 3 бас­сүйек­ті 1859 жылы Алатау окру­гі­нің бастығы музейге жолдаған;
4) №5281 сериялы 10 бассүйек­ті 1859-1861 жылдары Көкшетау мен Қарқаралы округтарының мо­лаларынан 1859-1861 жылдары жет­кізген» деп жазады авторлар.
Жоғарыда айтқанымыздай, Бу­киничтің 1926 жылы Кунст­ка­мераға Қызылордадан 7 бассүйек өт­кізгенін В.Гинзбург пен Н.Зал­кинд те растап тұр. Өкінішке қа­рай, олардың ешқайсысының мә­лі­меті көрсетілмеген. Осындағы №5281 сериялы 10 бас жоғарыдағы Думан Рамазанның «Гасфорд өткізді» деген бассүйектері болуы мүмкін.
Авторлар әрі қарай «Бұл бас­сүйектердің тарихына қатысты еш­қандай дерек жоқ. Букиничтің өткізген бастары өткен ғасырға тие­сілі болса керек. Қалған серия­лар, шамасы, XVIII ғасырдың соңын­да табылған бастар болуы ғажап емес» деген ой қорытады. Осы жерде тағы бір сауал сопаң етіп шыға келеді. Букиничтің 1926 жы­лы өткізгені Кейкі батырдың бас­сүйегі емес немесе мақала ав­торларының «Букиничтің өткізген бас­сүйектері өткен ғасырға тиесілі» деген мәліметі – қып-қызыл өті­рік. Бұл кітап 1955 жылы жарыққа шық­­қанын ескерсек, авторлар өт­­кен ғасыр деп ХІХ ғасырды ай­тып отыр. Ал Кейкінің қайтқан кезі – 1923 жыл. Тағы да сұрақ туын­­дай­ды.
Кітапта әрі қарай Мәскеу Мем­лекеттік университетінің Ант­ропология институтында сақталған қазақтардың бассүйектері туралы да мәлімет келтіреді. Оларға
Н.Зал­­кинд зерттеу жүргізіпті.
«Ол бірқатар сериялы бас­сүйек­­­терге зерттеу жүргізді.
1) 14 қазақтың бассүйегі А.Ха­ру­зин мен В.Сапожников жет­кізген краниологиялық мате­риал­дармен бірге өткен ғасырдың соңында Бөкей ордасынан жет­кізілген;
2) 6 қазақтың бассүйегін Ор маңынан 1889 жылы П.Назаров әкел­ді;
3) 5 бассүйек 1884 жылы Алма­ты маңынан жолданды» делінген жаз­бада.
Осындағы Алматыдан жол­дан­ған бассүйектерді сол кездегі Же­тісу (Семиреченск) облысының дә­рігері Н.Зеланд жіберген екен. Ол бастарда «кара-киргизи» деген белгі болыпты. Соған қарағанда ол қырғыздардың басы болуы мүмкін. Бұл институттағы бассүйектердің қай кезге тән екенін ешкім біл­мейді. Тек XVIII-XIX ғасырлардағы бассүйектер болуы мүмкін деген бол­жам ғана бар.
1947 жылы В.Гинзбург Ал­маты ме­дициналық институтының Ана­томия кафедрасында 15 қазақтың бассүйегін зерттеу мүмкіндігіне ие болды. Айтпақшы, Сарайшық қорғанынан табылған 10 бассүйекті (бұлар музейде №6003 сериясымен сақ­талған) де осы В.Гинзбург зерт­теді. Төртеуі – ер адамның, алтауы әйел­дің бассүйегі екен. Бұларды 1952 жылы Әлкей Марғұлан әкел­гені айтылады. Ол бассүйектер Жайық өзені жағалауындағы ескі зир­ат­тан алыныпты.
Б.Фирштейннің 1964 жылы жа­зылған «Краниологическая коллекция Музея антропологии и этнографии» еңбегінде Кунст­ка­мераның Антропология бөлімінде 10 мың бассүйек (сол кезде) сақ­тал­ғанын жазады. Соның ішіндегі 262 бассүйек қазақтарға тиесілі еке­нін көрсеткен. Жалпы, музей­дегі қазаққа қатысты кранио­ло­гия­лық материалдар Қазақстанның әр аймағынан Қазақ КСР Ғылым ака­демиясының ғалымдары – К.Ақышев (3 бассүйек, 1956 жыл, Қос­танай облысынан, №6292 се­риясы), М.Қадырбаев (7 бассүйек, 1957 жыл, Қарағанды, Павлодар об­­лыстары, №6501 сериясы),
Ә.Мар­ғұлан (11 бассүйек, 1950 жыл, Атырау облысынан, №6003 сериясы), М.Грязнов (17 бассүйек, 1926 жыл, Ақтөбе облысынан, №6161 сериясы), бұдан бөлек О.Смағұлов (1960 жыл, Павлодар об­лысы, №6492 сериясы), М.Ораз­баев (1960 жыл, Семей облысы, №6470 сериясы) секілді ғалымдар ар­қылы жеткізіліп, зерттелді.

Кунсткамерадағы қазаққа қатысты бассүйектердің ұзынырғасы осындай. Көпшілігі антропологиялық зерттеулер мақсатында жеткізілген. Сол күйі музей қорында қалып қойған. Ғылым үшін бұл қажет шығар. Алайда әуелден сүйекті қорлатпаған қазақ үшін аталарымыздың бассүйектері Ресейдегі музей қорында коллекция болып шаң басып жатқаны ғана жанды ауыртады екен.

Бөлісу:

Пікір жазу


*