Қирабаев қағидасы

282
0
Бөлісу:

Академик Серік Қирабаев – 90 жаста

Зерттеуші ғалымдардың дәлелдеуінше, Нобель сыйлығын алған ғалымдар мен академиктер басқаларға қарағанда ұзақ өмір сүреді. Әзірге Нобель сыйлығын алған қазақ жоқ, сондықтан біріншісі жөнінде ештеңе айта алмаймыз, ал екіншісінің дәлме-дәл айтылғанын Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының жиналысына бас сұққан адам бірден аңғарады. Кілең ақ басты маңғаз мінезді академиктердің алдының жасы 90-нан, артының жасы 80-нен асады. Ұлттық академия мүшелері еліміздің интеллектуалды элитасы саналады. Ұлттық академия мүшесі болу – бұл оқымыстының көпшілік мойындаған ең жоғары мәртебесі, ғылымға қосқан үлесінің, мансабының нәтижесі. Яғни, адам денсаулығы оның интеллектісіне де байланысты болғаны ғой. Жалпы, ғалымдар кітапты көп оқитын, мерзімді басылымдарды шолып шыққанды ұнататын адамдар ештеңе оқымайтын адамдармен салыстырғанда біршама ұзақ жасайтынын анықтаған. Академик ақсақалдар мен академик әжелеріміздің әлі күнге ойы тың, бойы сергек болып келе жатқанын олардың интеллектісінің жоғары болуымен байланыстырамыз. Мәселен, Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова, Әбдуәли Қайдар, Шора Сарыбаев, Рәбиға Сыздықова, Сұлтан Сартаев, Уахит Шалекенов, Өмірзақ Айтбаев, т.б. секілді академиктерімізге қараңызшы, елге қай жағынан болсын үлгі етуге болады. Ақылды адамдар зиянды әдеттерден аулақ жүреді, қашан да салауатты өмір сүру салтын ұстанады. Яғни, бұл болашақта бүкіл ел тұр-ғындарының элиталық топ секілді өмір жасын ұзарту мүмкіндігі барын көрсетеді.
Академиктердің мағыналы өмір сүріп, ұзақ жасайтындығын бекерге айтып отырған жоқпыз. Оған себеп бар. Бір шаңырақтағы қос академик – қазіргі қазақ әдебиеті ғылымының көш басында тұрған ғұлама ғалым, академик Серік Қирабаев наурыздың 23-інде 90 жасқа толса, наурыздың 25-інде академик Әлия Бейсенова 85 жасқа толады. Екеуінің де тұрмыстағы және шығармашылықтағы өмір жолдары кім-кімге де үлкен өнеге боларлықтай мағыналы.

Абай атындағы ҚазПИ-де сту­дент болып жүргенімізде, академик Серік Қирабаев бізге «Қазақ совет әдебиетінен» сабақ берді. Мінезі де, тіпті дауыс ырғағы да бір қа­лып­тан айнымайтын, күлуді айта­сыз, жымиюының өзі сирек кез­де­се­тін, артық-ауыс қимылы жоқ ұста­зымыздың ұстамдылығына та­ңғалатынбыз. Қашан көрсең де, костюмінің барлық түймесі салу­лы, галстугі тас-түйін байлаулы бо­­­латын. Жүріс-тұрысының бәрі қа­таң тәртіпке бағынған, алдын ала өлшеніп, кесіліп-пішіліп қойыл­ғандай еді. Алып-ұшып тұра­тын алақұйын жастық шақта ака­демиктің әдебі кейбір студент­тер үшін іш пысытарлықтай көрі­не­тін, бойын да, ойын да биік ұс­тай­тын қатаң мінезді Қирабаев қа­ғи­дасы өмірлік өнеге екенін өзі­міз де кешірек пайымдадық де­сек болады.
Бір шаңырақта бас қосқан қос ака­демик бір шаңырақта қызмет етті. Ол – Қазақстандағы жоғары оқу орындарының қара шаңырағы – қарт ҚазПИ. Қазіргі Абай атын­дағы ҚазҰПУ.
Қос академик те небір дүлдүл өнер­паздар туып-өскен Жаңар­қа­ның тумалары. Жаңарқа – Со­зақ­пен шектеседі. Екеуі екі облыстың құра­­мында болғанмен, ілгеріде тө­­секте басы, төскейде малы қ­о­сы­лып, ауылы аралас-құралас жатқан ел­­дер. 1998 жылы Созақтағы Қара Бу­­ра әулиенің кесенесі алғаш ашыл­­ғанда, Созақ – менің ата­ме­ке­нім деп, Әлия апамыз көсіле сөй­­леген. Бірі – әдебиеттану ғы­лы­­мын, бірі жаратылыстану ғы­лымын таңдаған қос академик өз салаларының майын ішкен май­талмандар, аталған ғылымның көш басында жүргендер. Артынан ер­ген, ізін басқан ғалымдардың бә­рі екеуіне қарап бой түзейді, ой түзейді. Бірінің қазақ әдебиетінің түп-төркінін зерттеген, бірінің фи­зикалық географиясын, жер-су атау­ларына байланысты еңбек­те­рін басшылыққа алып отырады. Өмір­де жұптары жазылмаған қос зия­лының мүшелтойларына бай­ланысты салтанатты шаралар ылғи да бірге өтеді, биыл да солай бо­ла­ры анық.
Кезінде Ғылым академиясы та­рап кетiп, қоғамдық негiзде қай­та құрылғанда, Серік Қирабаев ре­нішін білдіріп, Жазушылар, Су­рет­шiлер, Композиторлар одақ­та­ры секілді академияның да қазiргi хал-ахуалы мәз еместігін айтып, да­был қаққан, бұл – бiздiң ұлттық мәдениетiмiздiң күйреуi деп еді. «Ұлттың болашағы, бiлiмi мен ғы­лымы, мәдениетi үшiн бұл орны тол­мас олқылық деп ойлаймын. Ер­те ме, кеш пе, түбi бiз осы кем­шi­лiк­тердi түзеуге ораламыз» деп айтқаны есте. Бiр кезде ең та­бысты адамдар – академиктер бо­­лыпты. Айына мың сомнан асы­рып алған. Ол тұста Орталық ко­митеттiң хатшысы 500 сом алатын. Қа­зiр ғылым саласында жүрген ға­лымдар арзымайтын жалақы ала­тыны біз айтпасақ та белгілі. Жас ұрпақтың ғылымға келуден қа­шатыны қазір де тоқсандағы акад­емиктің қа­быр­ғасын қайыс­ты­рады.
Көркем әдебиеттің табиғатын жастайынан-ақ жете танып өскен Серік Смайылұлы – әдебиетке ерте араласқан адам. Жоғары ку­р­с­та оқып жүрген кезде әдеби сын­ға араласып, мақалалар жазып жүріп­­ті. Жазушылар одағында баяндамалар жасаған. «Жұлдыз» жур­налының бас редакторы Қай­некей Жармағамбетов Айқын Нұр­қатов екеуін сын жазуға тәр­бие­лей­дi. Ендігі кезекте біз ака­де­мик­тің шығармашылығын жетік бі­летін ғалымдардың толғамына ке­­зек берейік.
«С.Қирабаевты сыншы әрі әде­биеттанушы ретінде алғаш та­ныт­қан – «Ғабиден Мұстафин» атты монографиясы. Бұл еңбегінде ол көрнекті прозашымыздың шы­ғар­машылық портретін алғаш рет әр қырынан ашып, талдап берді. Көп ұзамай-ақ, осы еңбегі 1957 жылы орыс тілінде кітап болып шықты. Ға­лымның «Спандияр Көбеевтің әде­би қызметі» деген тақырыпта кан­дидаттық диссертация қорға­ғаны да сол жылы.
С.Қирабаевтың есімін көпке та­нытқан факторлар – тынымсыз ең­бек пен сыншылық талант. Оған дейін орта мектептің жоғары сы­нып­тарына арналған қазақ әде­бие­ті оқулықтарының авторы ре­тін­де кө­рініп келген жас әдебиетшінің есі­мі аталған кандидаттық дис­-сер­тациядан кейін оқырман жұрт­шы­лыққа тіпті кеңінен таныла бас­тады. «Сәкен Сейфуллин» атты мо­нографиясы кейін оның док­торлық қорғауына алғышарт жа­сады. Осы қорғау С.Қирабаевтың өміріндегі елеулі кезеңдердің бірі еді. Шынын айтқанда, бұл оқиға тек ғалымның ғана емес, қазақ әде­биеттану ғылымының да үлкен жеңі­сі болатын.
Сыншы, әдебиеттанушы және ұстаз ретінде бағаланып жүрген мү­шелтой иесінің тағы бір шы­ғар­машылық қыры жайында көп ай­тыла бермейді. Өйткені қалам­гер­дің бұл қасиетінің анық байқалған ке­зеңі сонау жас шағында болған еді. С.Қирабаев жас шағында қа­ла­мы ұшқыр журналист ретінде та­ныла білді. Абай атындағы пе­дагогтік институттың студенті бо­лып жүрген кезінен-ақ, 1940 жыл­дар­дың аяқ шенінен бастап мақа­ла­лары баспасөз беттерінде жиі кө­рініп отырды. Қазақ мемлекеттік баспасында, республикалық «Пио­нер» (1952-1955 ж.ж.) журналының, «Социалистік Қазақстан» (1955-1958 ж.ж.) газетінің редакция­ла­рын­да, бас-аяғы он жылдай уақыт жур­налистика саласында жұмыс жа­саған. Өзінің «Өмір тағы­лым­дары» мемуарлық еңбегінде айт­қан­­дай, баспасөз үлкен шығар­ма­шы­лық мектеп болған. Ендеше, С.Қирабаевты журналист ретінде де бағалай білгеніміз абзал», – дей­ді академиктің шәкірті, филология ғылымдарының докторы, жазушы Нұрдәулет Ақыш.
Академиктің ізін басып келе жатқан тағы бір шәкірті, ҰҒА-ның мүше-корреспонденті Дихан Қам­за­бекұлы болса, «С.Қирабаевтың тұл­ғасы халыққа қазақ әдебиеті оқулығының авторы ретінде де аса ыстық. Оқулық – бала көзқарасын қалыптастырушы, оқулық – жаны ақ парақ бала мен ғылымның ара­сын­дағы дәнекер. Бұл орайда Се­рік Смайылұлы А.Байтұрсынұлы бас­таған отандық оқулық жазу ісі­не табанды түрде еңбек сіңір­ге­нін айтқан лазым. 1952 жылдан бері жарты ғасыр үзіліссіз мектеп­ке, жоғары оқу орындарына қазақ әдебиеті бойынша оқулық пен оқу құрал­дарын жазып келеді десек, біреу сенер, біреу сенбес. Бірақ көр­генде оған көзі анық жетер. Елу жылда миллиондаған қазақ баласы мектеп көрді. Солардың ішінен мың­даған жазушы, сан мыңдаған мұғалім шықты. Осылардың бә-
рі – Секең сияқты оқулық автор­ла­рының шәкірті десек, қате­ле­семіз бе? Біреу жас болып, біреу қаймана бо­лып оқулық авторының кім еке­ніне кезінде назар аударған жоқ шы­ғар. Бірақ бұған қарап, бұл аза­маттардың рухани әлемі толық­па­ды дей алмаспыз. Сондай-ақ олар­ға С.Қирабаевтай оқулық авторы ға­лымдардың да нағыз ұстаз бол­ғанын ешкім теріс демес. Секеңді жақ­сы әрі жақын танитын шәкірт­тері біледі, ол кісі ешқашан «мен түгенді бітірдім, мынаны орындап тастадым» деп кеудесін соқпайды», – дейді.
ҰҒА-ның академигі Сейіт Қас­қа­басов «Тәуелсіздік Серік Қира­баев­тың екінші тынысын ашты. Оның және академик Зәке Ах­ме­товтың басшылығымен Абайдың 150 жылдығы қарсаңында ұлы ақын­ның 2 томдық академиялық жинағы дайындалып, 1995 жылы жарық көрді. Бұл еңбек өте жоғары бағаланып, академик Серік Қира­баевқа бір топ ғалымдармен бірге Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік сыйлығы берілді. Ака­демик Серік Қирабаевтың ға­лымдық қарымы мен таланты, жаңашылдығы мен ізденім­паз­ды­ғы, шебер ұйымдастырушылығы, әсіресе, жаңадан жазылған 10 том­нан тұратын академиялық, «Қазақ әдебиетінің тарихын» жазу үстінде жар­қырап көрінді. Ол 10 томдық­тың бас редакциясының төрағасы болып, барлық томдардың дұрыс әрі уақтылы шығуына тікелей ара­лас­ты және 7, 8, 9 томдарға өзі бас­­­шылық етті әрі осы үш томдағы негізгі бөлімдер мен тарауларды өзі жаз­ды. Сөйтіп, бұл томдарға тұң­ғыш рет Алаш ақын-жазушылары толық еніп, олардың шығарма­шы­лығы талданды, сараланды, соны­мен бірге, Совет кезінде жазған қа­ламгерлердің шығармалары жаңа­ша қаралып, жаңаша бағалан­ды. Шынын айту керек, мұндай әде­биет тарихына арналған іргелі зерттеу ол кезде ешбір Республи­ка­да жүзеге асқан жоқ» деп баға­лайды.
Қазақстан Ұлттық ғылым ака­де­миясының академигі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лау­реа­ты, филология ғылымдарының док­торы Серік Қирабаевтың осын­ша атақ-даңқына қарамастан, ға­лым күнделікті өмірде адал да қа­рапайым, еңбекқор да кішіпейіл жан екенін оның қасында жүрген­дер әрдайым айтып отырады.
Бұл күнде тоқсан деген тор­қа­лы жасқа келіп отырса да, шар­ша­май-шалдықпай, әдеби процестен бөлек, қоғамдық ойға да қозғау са­лып, белсенділік танытып жүре­тін академиктің өткен өмірі де, бү­гінгі әдемі қартайған абыздық тұл­ғасы да – тұнып тұрған өнеге.

 

Төреғали ТӘШЕН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*