Наурыз – ұлттың басын біріктіретін мереке

300
0
Бөлісу:

Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері елімізде ұлттық тұрғыдан жаңару, өткенге үңіліп, тарихты түгендеу процесі жүріп жатыр. Түптеп келгенде, ұлттық тарих, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа деген жалпыұлттық бетбұрыс елімізде наурызды тойлау қайта жаңғырғаннан кейін жаңа леп алды ма деп ойлайсың. Себебі, 1926 жылдан 1988 жылға дейін кеңестік билік бұл мерекенің «ұлттық астары бар» деп қорқып, оны тойлауға тыйым салып келді. Кеңестік заманның өзінде-ақ «ұлттар лабораториясы» атанған Қазақстан үшін өзінің жаңа тарихында тек қазақтың ғана емес, азды-көпті барлық этникалық азшылықтардың басын біріктіру аса маңызды миссияға айналды. Бұл тұрғыдан мемлекеттік басқа да атрибуттармен қатар, ұлттық рухты көтеріп, қазақтың жанында барлық ұлыстың ұйысуы үшін жағдай жасау бірінші кезектегі мақсатқа айналды. Дәл осы тұста наурыздың да мән-маңызы арта түсті.

Күллі әлемде ұлттар мен діндер өз ішінде бөлініп, түрлі ағымдар мен бағыттар бір-біріне қарсылық та­нытып жатқан тұста, Қазақстан сияқты кеңестік заманнан мұраға қал­ған ұлтаралық түйткілдері бар мем­лекет үшін бас біріктіру фак­торын бәрінен де жоғары қою әу бас­тан-ақ оңайға соқпады. Тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдары елі­міз­дегі жағдайды ушықтыруға тырыс­қан, сырттан, алпауыт елдерден де­меу алып отырған топтар да бол­ды. Президенттің сол кездегі ше­шімдері бүгін тарих беттерінде қал­ды. Бірақ «өгізді де өлтірмей, ар­баны да сындырмай» шығаруға мүм­кіндік берген салмақты ше­шім­дер елдің ішіндегі жағдайды қа­лыпқа келтіріп, сырттағы көр­шілермен де тату-тәтті өмір сүруге түрткі болғаны рас.


Бір сұхбатында саясаттанушы Ер­лан Қарин: «Қазақтың «Тәуел­сіз­дік бізге не берді?» деген талабы заң­ды» дей келе: «Қазақ қоға­мы­ның ішінде заңды сұрақ туындай бас­тады: Тәуелсіздік қазаққа не әкел­ді? Қазақ тәуелсіздіктен не ал­ды? Не ұтты? Неден жеңілді, не­ден қалыс қалды? Яғни, азаматтар тарапынан мемлекетке, қоғамға сауал қоятындай белгілі бір жаңа ке­зең келді. Бұл – тек қазақта ғана емес, басқа да посткеңестік ел­дер­де болып жатқан ортақ үрдіс. Тәуел­сіздіктен осыншама уақыт өт­кеннен кейін белгілі бір нәти­жені ең алдымен күтетін әлеуметтік топ та – қазақтар. Сондықтан қа­зақ­тар тарапынан талап пен сұра­ныс өте жоғары» – деген еді. Ра­сын­да да, «Тәуелсіздік бізге не бер­ді?» деген сауалға жауап беру ба­рысында біз өткен тарихымызға, ті­лі­мізге, дініміз бен ділімізге, салт-дәстүрімізге қайта оралып жат­қанымызды мақтанышпен айта отырып, ұлттың қайта жаңғыру мен отарсыздандыру жолында жүр­генімізді де ұмытпаймыз. Құ­дайға шүкір, ел егемендік алған 26 жыл ішінде мемлекеттік мере­ке­лер легі қалыптасты. Бірақ олар­дың ішін­де жалпы халық үшін нау­рыз­дың маңызы жоғары. Неге? Себебі, Наурыз – кеңестік заманда тыйым салынған, жапа шеккен, қу­да­лан­ған барлық қазақи мұра­ның сим­во­лы іспетті. Наурыз – 70 жыл бойы қудалауды көрген ұлт­тық салт-дәстүр, әдет-ғұрып. Нау­рыз – құлақтан кете бастаған көне му­зыка, ұлттық ән мен күй. Наурыз – біздің қазақтығымызды айшық­тай­тын ұлттық киім. Наурыз – ұлт­тық аспаздық өнерді ұлықтай­тын күн. Наурыз – қазақтың болмысы, салт-санасы, тарихы.
Данышпандар айтпақшы, «Өт­кенге оралмай, болашаққа нық қа­дам баса алмаймыз». Бұл тұрғы­дан халықаралық ұйымдар да ұлт­тық болмысты, ұлттық салт-са­на­ны қалыптастырудағы Наурыз­дың маңызын мойындап жатыр. 2009 жылдан бастап ЮНЕСКО Нау­рыз­ды адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізді. Бұл тұста Қазақстанда 2001 жылдан бастап мемлекеттік мерекелер санатына енгізілген Наурыз 2009 жылдан бері 3 күн қатарынан той­ланады. Биліктің бұл шешімін ха­лық та оңтайлы қабылдады. Се­бе­бі, мемлекеттік ұстындары қа­лып­тасып жатқан Қазақстан сияқты жас мемлекет үшін бұл мерекенің есте қаларлықтай аталып өтуі де маңыз­ды. Бұл тұста, әрине, Нау­рыз­ды тойлауды жаңа деңгейге кө­теру де – уақыт күттірмейтін мәселе. Мысалы, туризм кластерін көш ілгері дамытып келе жатқан Өзбекстанда Наурыз кең көлемде әрі тек қана ұлттық бағытта аталып өтеді. Мәселен, қазір әлеуметтік же­лілер пен жалпы интернет-жар­на­маларында «Наурызды Өзбек­стан­да қарсы алаңыздар!», «Нау­рызда сізді Самарқандта, Таш­кент­те күтеміз!» дегендей шақыру­лар­ды жиі байқаймыз. Ең өкініш­тісі, ірі әлемдік БАҚ-тар, әсіресе еу­ропалық және америкалық те­леарналар Орталық Азия елдері ішінде Наурыз тойын көбіне-көп Өз­бекстаннан тікелей көрсетіп жатады. Бұған басты себеп – өз­бек­­тің өз ұлттық салт-дәстүріне деген бе­кемдігі. Шет мемле­кет­тері үшін бұл мерекенің той­лануы­нан бас­тап, ас мәзіріне дейін­гі мә­се­ле­лер аса қызық. Со­дан болар, өзбек елі­не пресс-тур­лар да жиі ұйымдас­ты­рылады.
Өкінішке қарай, Қазақстанда на­урыздың тойлануы да Ассамблея күнімен үндесіп кететіндей. Бы­лай­ша айтсақ, 1 мамыр – ұлтара­лық келісім күні де, 21 наурыз – Ұлыс­тың ұлы күні де бір сарында өтеді. Осыны ретке келтіріп, елі­міздің түкпір-түкпірінде Наурызды бірізді тойлаудың жүйесі әлі де қалыптаспай келеді. Әр өңірде әркім өз деңгейіне қарай мерекені тойлаған соң, Наурыздың түпкі амал-мақсаттары да дұрыс орын­далмайды. Бұл жаңару, тазару және бірігу күні екенін концерт ұйым­дас­тырушылары түсінсе екен. Әри­не, бәрін шоуға айналдыру мақсат емес, мақсат – наурыз тойланатын 3 күн ішінде халыққа өткен тари­х­тан сыр шерту, ұлттық дәстүрмен та­ныстыру, шетелдік туристерге қа­зақ мәдениетін паш ету.


Естеріңізде болса, осыдан 6-7 жыл бұрын Наурыздың ұлттық си­паты мен тарихи мән-маңызын жо­ғары бағалаған БҰҰ Бас ассамб­лея­сының 64-сессиясында халық­ара­лық Наурыз күнін бекіткен ар­найы резолюция қабылданған еді.
Бұ­л резолюцияда мынадай маңыз­ды мәселелер қамтылды:
– 21 наурызды – Халықаралық нау­рыз күні деп бекіту;
– Наурызды тойлайтын әрі нау­рызбен байланысты мәдениет пен салт-дәстүрді дамытуға бағыт­талған мүше-мемлекеттердің бар­лық қадамын қолдау;
– мүше-мемлекеттердің Нау­рыз туралы көбірек білуі үшін бар жағдай жасау әрі қажет болса, жыл сайын бұл күні халықаралық дең­гейде тиісті шаралар ұйымдас­тыру, та­ғысын тағылары.
Әрине, мұсылман үмметі үшін – Ораза айт пен Құрбан айттан артық мереке жоқтығы хақ. Бұл ұлық мерекелер де барша жұрттың басын біріктіру тұрғысынан өзінің тарихи миссиясын абыроймен атқарып келеді. Наурыз қазаққа, ең алдымен, өзін-өзі тану, тарихын білу, мәдениетін дәріптеу үшін қа­жет. Бұл тұста әсіресе, өскелең ұр­пақ­қа, жастарға діни астары бар 1 қаңтардағы жаңа жыл мен 21 нау­рыздағы – жыл басының айыр­­машылығын тәрбие құрал­дары арқылы жеткізу де аса маңызды. Елбасы да Ұлыстың ұлы күні – Жаңа жылдың бастауы екенін жиі тілге тиек етеді. Былайша айтсақ, бұл сөздің өзі – үлкен идеология­лық нышан. Бірақ неге Наурыз жалпыұлттық деңгейде жаңа жыл ретінде қабылданбайды? 1 қаң­тар­дағы жаңа жыл – тек күнтізбе ауы­сатын күн. Бірақ оның есте қалу се­бебі – балаларға сый-сияпат жа­­салады, ересектер де жаңа жыл­мен жаңа өмір басталады деп сенеді, жарты әлем тойлайды, ұзақ күн демалыс беріледі. Бұл мере­кенің кемшіліктері: дастарқанға арақ-шарап қойылады, шырша кесіледі, түні бойы аспанға салют атылып, экологияға зиян келеді, арақ ішілген жерде ұрыс-төбелес шығуы мүмкін, одан адамдар арасында реніш пайда болады, тағысын тағылары. Наурыздың артықшылықтары бүкіл адамзатқа мәлім: дастарқанға ақ мол қойы­лады, ағаш егіледі, тазару күні бол­ған соң, еріген қардың астынан шық­қан күл-қоқысты адамдар та­залап, өртейді; өкпе-ренішті артта қал­дырады, кешірім сезіміне бөле­не­ді; көршілерімен аман-саулық сұрасып, жылы ілтипаттарын біл­діреді.
Содан болар, соңғы жылдары Орталық Азия елдерінде, оның ішін­де Қазақстанда жаңа жыл­дан гөрі, Наурыздың мән-маңызы мен салмағы біртіндеп артып ке­леді. Наурыз – қазақ пен түркі тіл­дес ұлыс­тардың ғана емес, жал­пы елі­мізде тұратын басқа да эт­ни­ка­лық азшылықтардың басын бі­рік­тіріп отырған бірден-бір мереке боп тұр. Оның ары қарай да тамыр жайып, кең көлемде тойлануы – өз қолы­мыз­да. Бір қуантарлығы, соң­ғы жыл­дары көпқабатты үйлерде тұра­­тын үлкен кісілер Наурызды үй­дің алдында немесе балалар алаң­­қайында тойлау дәстүрін жаң­ғыртып, далада дастарқан жайып, көр­ші-қолаңмен бір шүйіркелесіп қа­лады. Дәл осындай бастамалар көп болса, адамдар арасында жы­лы­лық пен мейірім еселене түсіп, нау­рыздың түпкі амал-мақсаттары орын­далады.

 

Кәмшат ТАСБОЛАТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*