«СӘТТІ САПАР» – ТАСЫМАЛДАУШЫЛАРҒА ЫҢҒАЙЛЫ ЖҮЙЕ

1058
0
Бөлісу:

Елбасы биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаңғырту ісін қамтамасыз ете отырып, көлік инфрақұрылымын тиімді басқару, қызмет көрсету деңгейін арттыру, әкімшілік кедергілерді жою жөнінде міндеттер жүктегені белгілі. Осыған байланысты ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті «Сәтті сапар» атты ақпараттық жүйесін пилоттық режимде іске қосты. Бұл жөнінде осы комитет төрағасы Әсет Асабаев газетімізге берген сұхбатында айтып берді.

– Әсет Асанұлы, әңгімемізді бейсенбі күннен бастап пилоттық жоба ретінде іске қосылған «Сәтті сапар» ақпараттық жүйесінің мақсат-міндеттерінен бастасақ…
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, биылғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің көлік және транзиттік әлеуетін дамытуға байланысты бірқатар тапсырма жүктеді. Осы айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақ­сатында «Сәтті сапар» ақпараттық жүйесін пилоттық режимде іске қосып отырмыз. Оның мақсаты – еліміз арқылы өтетін автокөліктерге ыңғайлы жағдай жасап, жүктерді жеткізу мерзімін қысқарту, транзиттік тасымалдаушылар үшін әкімшілік кедергілерді жойып, жол бойын­дағы тексерістерді азайту.
Қазіргі таңда Қазақстан арқылы шамамен 80 мың транзиттік автокөлік құралдары жүріп өтеді. Олардың негізгі бағыттары – Қытай Халық Рес­публикасы, Еуразиялық эко­­номикалық одақтың мем­лекеттері, Ресей, Түркия, Қыр­ғызстан, Өзбекстан және Еуропа елдерінен келе жатқан транзитті жүктер. Мысалы, Қытайға бару үшін транзиттік кө­лік еліміздің кемі жеті айма­ғын басып өтеді. Солардың бәрі болмаса да тең жартысы жүргізушіні тоқтатып, тиісті рұқсат құжаттарын тексереді. Әрбір бекетте жүргізушілер аз дегенде 10-15 минут аялдайды. Бұл көліктердің тиісті бағытына уақытылы жетуіне кедергі кел­тіреді. Әрі тексеріс кезінде кей жағдайда жемқорлыққа жол беріліп жататын деректер де кездесіп жатады. Міне, осындай әрекеттердің жолын кесіп, тасы­малдаушылардың уақытын үнемдеп, оларға қолайлы жағдай жасау үшін «Сәтті сапар» жүйесін қолға алып отырмыз.
– «Сәтті сапар» ақпараттық жүйесі қалай жұмыс істейді? Оған транзиттік көліктердің бәрі тіркелуі міндетті ме?
– Пилоттық режимде енгізіліп отырған ақпараттық жүйесіне тіркелуді ешкімге міндеттемейміз. Жүйемізге тіркелу-тіркелмеуді транзиттік көлік жүргізушілері өздері шешеді. Бірақ түбінде еліміз арқылы өтетін транзиттік көліктердің бәрі жүйемізге тіркелетіні сөзсіз. Өйткені жүйеге тіркелген автокөлік ешқандай кедергісіз және тексерусіз жүріп өтеді. Ол үшін тасымалдаушы sattisapar.gov.kz веб-порталына тіркеліп, өзі туралы деректерді, рұқсаттама нөмірін және автокөлік құралы туралы мәліметтерді енгізуі керек және жүріп өтетін жолын, бағытын, қайда бағыт алып бара жатқанын көрсетуі тиіс. Жүйе деректерді тексереді де жүргізушіге бірегей нөмір меншіктеп береді. Электронды түрде мәліметтер тіркеліп болғаннан кейін көлік иесіне тіркелгені туралы тиісті қағаз жіберіледі. Тасымалдаушы бұл құжатты басып шығарып, жолдағы көліктік бақылау органдарының қызметкеріне көрсетсе жеткілікті, әрі қарай кедергісіз өтеді.
Біз қазір еліміздегі барлық көліктік бақылау органдарының қызметкерлеріне осы жүйе туралы мәліметтер таратып, тіркелген көліктерді тоқтатпау жөнінде нұсқама беріп жатырмыз. Бүгінде шетелдік болсын, қазақстандық болсын, транзиттік көліктердің электронды тіркелуі жөнінде инспекторлардың бәрі құ­лақтанды. Олар электронды тіркеуден өткен жүргізушілерді тексермейді және рұқсат қағазын талап етпейді. Осы ретте, бекет­терден өтетін көліктердің жүйе­ге тіркелген-тіркелмегенін мем­лекеттік нөмірі арқылы бір­ден анықтау мақсатында қол­даныстағы бейнебақылау каме­раларының бәрін жаңар­ту көзделуде. Бұл алдағы уа­қыт­та тіркеуден өткен көлік құрал­дарының тоқтамай жүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ өту пункттері жүкті автоматты түрде өлшейтін құрыл­ғылармен жабдықталу үстінде. Осылайша, біз қызмет көрсету сапасын арттырып, әкімшілік кедергілерді жоюды көздеп отырмыз.
ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы барлық шетелдік әріп­тестерімізге жүйе туралы ақ­параттар жеткізілді. Олар да бізді қолдап отыр. Қазірдің өзінде Ресей, Белорусь елдерінің транзиттік көліктері жүйемізге тіркелгені туралы мәлімет алдық.
– Сонда бұл жүйеге әзірше тек транзиттік көліктер ғана тіркеле ала ма?
– Бұл – «Сәтті сапар» жүйе­сінің алғашқы кезеңі ғана. Бастапқыда транзиттік авто­көліктерді электронды жүйеге көшіріп алуды көздеп отырмыз. Себебі, олар халықаралық тасымал жасаған кезде заңсыздыққа жол бермейді. Жақында жасалған сараптама қорытындысы бойын­ша транзиттік көліктер жүк салмағы жағынан да халықаралық нормаларды барынша сақтайтыны анықталды. Әрі мұндай көліктер құжаттамалық жағынан да тіркеуге ыңғайлы.
– «Сәтті сапардың» басқа қандай кезеңдері бар?
– Жүйенің екінші кезеңінде экспортты-импорттық тасы­малдауды жүзеге асыратын тасымалдаушыларды тіркеу жоспарланып отыр. Бірақ ол үшін алдымен кедендік бақылау жүйесімен бірлескен жобаларды жүзеге асырып алуымыз керек. Бұл біраз уақытты алады. Жүйенің екінші кезеңін жылдың аяғына дейін іске қосатын боламыз.
Ал жүйенің үшінші кезеңінде мобильдік қосымша ашып, тасы­малдаушыларға қажетті рұқ­саттаманы электрондық нұс­қа­да рәсімдеу мүмкіндігін ұсын­бақ­шымыз. Мысалы, Ресейде тасы­малдаушы ауыр жүк алып жүре­тін болса, оған рұқсат алу үшін өтінішті шамамен 15 күн бұрын жазуы керек. Бізде бұл мәселе төрт күнде шешіледі. Бірақ ол үшін рұқсатты міндетті түрде құжат түрінде барып алу керек. Болашақта осы рұқсат қағазын да электронды нұсқаға көшіруді ойластырып отырмыз.
Әрине, ұялы телефонға тиісті қосымша енгізу оңай шар­уа емес. Оның техникалық жұмыстары мен бағдарламаның ақпараттық қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету бірталай мерзімде шешіледі. Сондықтан жобаны келер жылдың алғашқы жартыжылдығында жүзеге асыр­сақ деген ойымыз бар.
Қалай дегенмен де «Сәтті сапар» ақпараттық порталы жүйесінің көлік тасымалы саласындағы кедергілерді жою, сапаны арттыру жағынан пайдасы көп болмақ. Бекеттерде көліктерді тоқтатқан инспекторлар міндетті түрде тексерудің қорытындысы туралы ақпаратты компьютерге енгізеді. Бұл ретте тасымалдаушы көліктік бақылау өткізілген күні мен уақытын, электронды белгіні қойған қызметкердің дерегін sattisapar.gov.kz веб-порталы арқылы көре алады. Содан кейін тасымалдаушының электронды мекенжайына тексеру кезіндегі инспектордың қарым-қатынасы мен қызмет көрсетудегі сапасын бағалау жөнінде сауалдар жолданады. Жүргізуші де тексеруге қатысты ұсыныстарын, арыз-шағымын қалдыруға мүмкіндік алады және олардың аты-жөні құпия сақталады. Егер қандай да бір қызметкеріміздің үстінен арыз-шағымдар көп түссе, оларға тиісті жаза қолданылмақ. Керісінше, жұмысын адал атқарып, үлгі көрсеткен қызметкерлерімізге сыйақы беру секілді ынталандыру шараларын қарастырып отырмыз.
Кейде жүргізушілер тарапынан да кемшіліктер кетіп жатады. Олар жолдан молырақ пайда табу үшін «бекеттерде пәленбай ақша төледім» деп қызметімізге кір келтіретін сөздерді айтып қалатынын естіп қаламыз. Егер жоғарыда аталған кері байланыс жүйесін толыққанды іске қоссақ, онда көлеңкеде жатқан осындай біраз жайттың беті ашылары сөзсіз. Қолға алынып жатқан бұл шаралар көлік бақылау қызметкерлерінің ары мен атын абыроймен қорғауға да мүмкіндік береді деген сенімдеміз.
Егер тасымалдаушылардың жүйеге қатысты сауалдары болса, 8(7172)75-47-76 нөміріне хабарласуға болады. Ал ұсыныстар e.yanabaev@mid.gov.kz электрондық мекенжайы арқылы қабылданады.
– Жаңа сіз жүйеге тіркелгендер тиісті электронды қағазын көр­сетсе болды кедергісіз, тексерусіз бекеттерден өте береді дедіңіз. Осы жүйені өз мүддесіне пайдаланып, заңсыз тауарлар тасымалдайтындар көбейіп кетпей ме?
– «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілеріне кеден ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» 2010 жылғы 6 қаңтардағы Қа­зақстан Республикасының заңы бойынша еліміздің мемлекеттік шекарасы арқылы автокөлік құралдарын өткізу пункттеріндегі көліктік бақылау органдарының функциялары Қазақстан Республикасы кедендік органдарына берілген.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасына келген жүк көлік тасымалдаулары кедендік тазартудан өтеді. Аталған іс-шара барысында мемлекеттік кірістер және көліктік бақылау органдары мен кедендік тазарту орталықтарында қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес толыққанды рәсімдеу шаралары өтетінін ескерген жөн. Бұл рет­те тасымалдаушылардың белгіленген талаптарды сақтамау деректері бойынша Қазақстан Республикасының әкімшілік заңнамасымен қарастырылған тәртіпте жауапкершілік арқа­лайтынын ескере отырып, аталған жүйені қолдану барысында заңсыз тауарларды тасымалдаушылар көбейіп кетеді деуге ешқандай негіз жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*