Қыдыр баба мен Ұмай ана бейнесі қайда?

158
0
Бөлісу:

Осыдан екі жыл бұрын IV шақырылымдағы Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл Үкіметке сауал ретінде өзінің ұсынысын білдірген еді. Өз ұсынысында депутат дәстүрлі мерекені фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне көтеру керектігін айтқан еді. 

«Наурыз бен оның тарихы жайын­да айтқанда, алдымен Қыдыр ата мен Ұмай ана жайлы сөз қозғауға тиіспіз. Қыдыр – қа­зақтың, сондай-ақ басқа да түркітілдес халықтардың ерек­ше жарылқаушы қасиетке ие әулиесі. Ол күндердің күнінде «қырықтың бірі» болып жолы­ғып, бағыңды жандырады. Сон­дықтан да жүздескеннің бәріне кемсітпей, ілтипат көрсету ке­рек. Қыдыр – бұл тұрғыда адам баласын өзара табыстырушы, алыс-жақынды жалғастырушы киелі тұлға. Ұмай ана – түркі тек­тестердің арасында Хауа Анадан кейінгі ұлы ана. Әйел мен баланың пірі, мейірім-шапағат шуағын шашқан күн дидарлы әулиесі. Оған ата-баба­ларымыз: «Жүрегімізді жылыта гөр, қатыгездік пен өшпенді­лік­тен сақтай гөр» деп сыйынған.
Міне, осы екі әулие Наурыз күні ел алдында және той күні балабақшадағы бүлдіршіндер мен төменгі сыныптағы оқушы­ларға сыйлық үлестірсе, бата­ларын беріп, игі-тілектерін біл­дірсе, ұлттың ұлы мейрамы – Наурыз мерекесінің тарихы мен ерекшеліктері жайлы әңгімелеп берсе, құба-құп емес пе?! Бұл ал­дағы уақытта дәстүрге ай­налса, бала жүрегіне Қыдыр ба­баның киесі, Ұмай ананың мейірім шуағы дарымай ма? Ұлт­тық ұлағат пен тәлімге ай­нал­май ма? Дәстүріміз бен сал­тымыз балдырғандарға әсерлі насихатталмай ма? Наурызды ұлықтап, тарихты қадірлеу үшін пайдалану дегеніміздің бірі осы емес пе?» деген еді.
Одан бері де екі жыл өтті. Аяз ата мен Қарша қыз бар. Қы­дыр ата мен Ұмай ана бейне­сін­дегі кейіпкерді көрген емеспіз. Сонда депутаттың бұл сауалы аяқсыз қалғаны ма?


Бұл туралы жазушы Алдан Смайылдың өзінен сұраған едік.
– Шын мәнінде, Наурыз ме­ре­кесі жайлы ән аз, түрлі дең­гейдегі сахнаға лайықты театр­ландырылған көріністер де тапшы. Осының бәрін ескере отырып, балабақшалар мен орта мектептер үшін наурыз тақыры­бына, оның тарихы мен бүгінгі мәніне, бауырмалдық пен ке­шірімділік идеяларына негіз­делген шағын мерекелік – му­зы­калық сахналық қойылымдар қажет. Наурыз тағылымының әсерлі болатын тұсы – осы. Наурыз – ұлттық мереке ғана емес, ұлттық болмыс, ұлттық дәс­түр, ұлттық мінез, өмір деп ата­латын, адамдардың ғұмы­рымен өлшенетін, біреу арқылы сөніп, біреу арқылы қайта лау­лайтын көл-көсір дүниеге, адамзат пен жаратылысқа деген тарихи көзқарас. Оны жас ұр­пақтың тәліміне және ұлттық құндылығына айналдыру – біздің ұлттық парызымыз. Та­лап-тілегіміз қолдау тапса, сол парызға адалдықтың белгісі деп қабылдар едік.
– Ендеше, сол ұсынылған Қы­дыр баба мен Ұмай ана бей­несі неге жүзеге аспай қалды?
– Наурызды ұлттық маз­мұнда өткізу туралы жиі қоз­ғалып жүр. Біз ұсыныс тастаған жылы да түрлі жобалар айтылды. Министрлікке бірқатар ұсы­ныстар да тасталды. Наурызды нақты жоспармен жасау керек­тігі, сол күні адамдар бір-біріне гүл сыйлау қажеттігі туралы да айтылған. Балалардан бастап, үлкендерге дейін тамашалай ала­тын деңгейде өткізейік де­ген­дер де болды. Наурыздың тарихын біраз зерттеп көрген адам ретінде өз тарапымнан да бірқатар ұсыныстар тастадым. Аяз ата мен Ақшақар секілді бағзы замандарда түркі жұрты­ның да өз кейіпкерлері болған. Қыдыр ата мен Ұмай ана рөлінде болмаса да, өтіп бара жатқан қысты қарияға теңеп, келе жат­қан көктемді ару қызға теңеп, сол екеуінің бейнесін жасап, төрге отырғызған екен. Ендеше, ертедегі көне дәстүрімізді неге жаңғыртпаймыз? Наурызда Қыдыр ата елдің алдына шықса, халыққа батасын берсе, тілегін айтса, қасында көктемдей жадырап, ару қызымыз жүрсе, ол да сол елге гүлден шашу ша­шып, көңілімізді көркейтсе деген тілегімді жеткізген едім. Басында бұл ұсыныс әр-әр жерден қолдау тапқанымен, кейіннен аяқсыз қалып қойды. Менің ойымша, мемлекет біздің бұл ұсынысымызды қашан қа­былдайды деп күтіп отырудың қажеті шамалы. Әрбір мекеме, орта және жоғары оқу орындары басшылығы қолдап, осылай өт­кі­зуге болады. Оған ешкім де тосқауыл қоймайды. Сондықтан да еліміздің есті азаматтарынан, әртүрлі шаруашылық мекеме­лерді басқарып отырған басшы­лардан осыны жасауын өтінер едім. Сонда біз Наурызға бұрын­ғыдан да гөрі ұлттық мазмұн бе­ретін боламыз.
– Мұндай шаралар мектепке дейінгі дайындық мекемелерге, балабақшаларға қажет секілді. Қалай ойлайсыз?
– Кішкентай бүлдіршіндерге бата беретін бір қария керек. Әрі ол қария – Қыдыр ата бей­несінде болса, тіпті жақсы. Жаңа жылдағы Аяз ата бейнесін келешекте Қыдыр ата образына алмастыру мәселесі де бірте-бірте жүзеге асар еді. Аяз атадан гөрі, Қыдыр атаға көбірек көңіл бөліне бастар еді деп ойлаймын. Қазір де кеш емес. Қыдыр мен Ұмай бейнесі көпшілік арасына сіңісті бола бастаса, еш ұтыл­май­мыз. Сонда Аяз атаның орнын Қыдыр ата, Ақшақарды көктемнің шуағындай Ару қы­зымыз алмастырар еді. Жалпы, балаларға, мектеп оқушыларына керек-ақ дүние. Әрі оларды әртүрлі бейнеден көруге болады. Бата беруші қария, ертегі мен салт-дәстүрді айтатын абыз ретінде, көктемнің белгісін біл­діретін қарындасымызды жаңалықтың символы ретінде неге пайдаланбасқа?! Сондық­тан бұл ұсынысымызды тиісті жерлердің шешімінсіз-ақ жүзеге асыруға болады.
Жазушы өз пікірін осылай түйіндейді. Шынтуайтына кел­генде, наурыздың мән-маңызын арттырып, оны келер ұрпаққа жеткізу үшін осындай ұлттық бағдарламалар қажет-ақ. Қазақ қаламгері қолына қалам алып, Наурыз хақында шығармалар жазса, ол дүниелер көптеп-кө­лемдеп, халыққа тарап жатса, ғанибет емес пе?! Григориандық жыл санауы бойынша келетін Жаңа жылды балалар неге ерек­ше күтеді? Өйткені оның өз сим­волы бар: Аяз ата мен Ақ­шақар. Енді сол Аяз ата мен Ақшақардың орнына ежелгі түркі дүниесінен белгілі Ұмай ана мен Қыдыр бабаны басты кейіп­керлер етіп алсақ, ұты­ла­мыз ба? Әр жылы осы екі кейіп­кердің негізінде жаңа сцена­рийлер дайындалып, ол барша жұрттың пайдалануына ұсынса, қандай ғажап дүние болар еді. Жылдың үздік адамын таңдау­ды, жылдың үздік туын­дысын белгілеуді, жылдың таң­даулы әнін анықтауды Наурыз­дан бас­тағанымыз абзал. Осы­ның бәрі мерекенің мән-маңызын арт­тыра түспесе, кемітпейді.

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*