Алайын десем, ала алмай…

Ұлттық киім мен бұйымды ұлықтайтын Ұлыстың ұлы күні де келіп жетті. Әдетте, наурыз айы кірген беттен-ақ ата-аналардың базар аралап кететін әдеті бар. Қалтасына, матасы мен сапасына қарай бәрін табуға болады. Мереке қарсаңында базарларды да, сауда үйлерді де шолып шықтық. Жылдан-жылға халықтың қазақы бұйымдарға деген ықыласы оянып келеді. Сұраныстың арқасында ұсыныс артса игі. Өйткені бәсеке бар жерде сапа қалыптасып, көп дүние қолжетімді болар еді.
Қара базарды қырғыздар қаптаған
Алматыдағы бірнеше базарға бас сұғып, бағаның мән-жайымен таныстық. Көршілес қырғыз және қытай елінің тауарларынан аяқ алып жүру қиын. Қалтадан қатты қақпайды демесеңіз, әрі кетсе екі-үш рет киюге жарамды киім көп. Мәселен, ұл балаларға арналған жакет пен шалбардың бағасы – 3 мың теңге, кішкентай қыздарға арналған көйлек пен кәжекей – 4 мың теңгеден жоғары. Оған қосымша үкі алар болсаңыз, құны – 150 теңге мен 1000 теңге аралығында. Сәукеленің бағасы кемі 2 мың теңгеден жоғары. Ересектерге арналған киімдер сәл қымбаттау. Айталық, жас қыздарға арналған қамзол – 6 мың теңгеден, көйлектер – 8 мың теңгеден басталады. Көктемде күнделікті киіп жүруге болатын костюмдердің құны – 10 мың теңгеге жуық. Орта жастағы және одан үлкен әйел адамдарға арналған көйлек пен қамзолдардың бағасы кем дегенде 15 мың теңге шамасында. Бір байқағанымыз, кестелеп, түрлі моншақтармен әдіптелген, тым жарқыраған киімдерден бөлек, қарапайым бешпент пен көйлек көбейген. Тіпті көшеде солай киініп жүретіндерді де жиі кезіктіреміз. «Қазына» базарында сатушы болып істейтін Гүлнәрдің айтуынша, қазақы киімдерге сұраныс жыл – он екі ай бойы үзілмейді. «Саудамен айналысып жүргеніме 17 жыл болды. Соның ішінде қазақы киімдерді соңғы он жылда сатып келемін. Кішкентай балаларға арналған киімдерді тек осы кезде, яғни наурызда ғана көптеп әкелеміз. Үлкендердің киімі көп өтеді. Қазақтың тойы бітпесін. Құдаға шапан жауып, құдағиға көйлек кигізетін дәстүр жыл өткен сайын жанданып келеді. Соның арқасында қысы-жазы саудамыз тоқтамайды. Қырғызстаннан әкелуге мәжбүрміз. Өйткені Алматы фабрикаларының киімдері тым қымбат. Мысалы, жакетті қырғыздардан 3 мың теңгеге алсақ, жергілікті тігін фабрикалары 10 мың теңгеден жоғары бағамен сатады. Сапасы көбіне сын көтермейтінін де мойындау керек. Бірақ жылына бір рет Наурыз тойында киетін болса, қымбатын алып қажеті не? Егер күнделікті киіп жүргісі келсе, өзіне шағындап тіктіріп кисе де болады» дейді ол.
Батыстықтарда қазақылық басым
Тіктіріп кию демекші, еліміздің Батыс өңірінде бұл үрдіс жақсы дамыған. Маңғыстаулық тігіншілер сапа жағынан да, сән жағынан да көш ілгері. Бұл жөнінде ата-аналардың да айтары бар. «Отбасымызбен қазақы киімдерді ұнатамыз. Тек Наурыз кезінде ғана емес, қонаққа барғанда бешпент, көйлектерімізді киіп барамыз. Мереке жақындағанда үйдегі балалардың киімдерінің қамына кірісу қажет. Абысыным екеуміз алты балаға да тіктірдік. Мектептегі Наурызда көпшілігі байқап, «қайдан алдыңыз, кім тігіп берді?» деп жиі сұрайды. Біз Ақтаудан аламыз. Үш жасар ұлыма тіктірген шалбар мен жакет 10 мың теңгеге шықты. Есесіне, әлі ұзақ киюге болады. Өйткені он жасар қызымызға екі жыл бұрын тіктірген көйлек әлі сол күйі. Әлбетте, әр ата-ана қалтасы көтергеніне қарай сатып алады. Десе де бірден сапалы, қымбаттау киім алған жөн. Өзімізге арналған жакет пен көйлектің орташа бағасы – 30-40 мың теңге шамасында. Одан бөлек, қыз балаларға сырға, алқа, шолпы мен шашбау алу қажет. Оның да барынша сапалысын алғанды жөн көреміз» дейді ақтөбелік Рауза Амангелдиева. Батыстықтарда сақталған «Амал» мерекесі һәм «Көрісу» күні соңғы жылдары республика төңірегінде тойланып жүр. Бұл да – қуантарлық жағдай.
«Қазақстанда жасалған» – қымбат
Бұл ешқандай стереотип емес. Ұғымның жойылар күнін де болжау қиын. Сапа мен материалды желеу етіп, құнын жоғарылатуға құмар. Десе де орташа сападағы, матасы да аса қымбат емес киімдер тігуге кім кедергі? Халықтың сұранысын қанағаттандыруды мақсат еткендер, бағаны төмендетуді де бір сәт ойласа екен дейсің. Мәселен, ұлттық киімдер тігуден көш бастайтын отандық компаниялардың бірі – «Сымбат» сән академиясы. Ол жерден еліміздің танымал тұлғалары киінетінін де айта кету керек. Көбіне арнайы тапсырыспен ғана жұмыс істейтін ұжымның көпшілікке арнап киім тігетін ойы да жоқ. Оюлармен өрнектелген көйлектер кем дегенде 100 мың теңге тұрады. Жағалы шапандар 300 мыңнан жоғары, сәукеле, бөріктер 10 мың теңгеден асады. Басқа да тігін фабрикаларындағы баға осыған шамалас.
Сырғалымдардың саны артты
Қазақ қыздарынан бөлек, өзге ұлт өкілдерінің де құлағынан қазақы сырға тағып жүргенін талай көз көрген. Демек, талғамдарына сәйкес келгені. Күміс бұйымдардың бағасын қымбат көргендерді қайтадан қырғыз бауырлар құтқаруда. Аруларға арналған сырға, өңіржиек, алқа, шашбау, шолпы, бесбілезік, жүзік секілді бұйымдар базардан бөлек, ірі сауда орындарының сөрелерінен де табылады. Оған себеп – тағы да сұраныстың көбеюі. Мельхиор секілді арзан материалдан соғылғандардың бағасы да сәйкесінше төмен. Уақыт өте келе қарайып кететіні болмаса, күтіммен қараған адам біраз жерге тағып бара алады. Сондай-ақ қазақы сөмкелер, рюкзактар да сатылымда бар. Киізден жасалған шағын сөмкелердің бағасы 3500 теңгеден басталып, 30 мың теңгеден әрі асады. Рюкзактар болса, 7 мың теңге шамасында. Шашбаулар 3500 теңгеден, алқа, сырға, жүзік жинақтары 12-15 мың теңгеден жоғары. Күмістен жасалғандары бұдан бірнеше есе қымбат болатыны белгілі. Өңіржиектер 4500 теңгеден, бесбілезіктер 4 мың теңгеден басталады. Сырғаның өзін алғыңыз келсе, мың теңгеден жоғары. Ірі зергерлік компаниялар ұлттық бұйымдарға баса мән беретін болып жүр. Нақышына келтіріп, сәні үйлескен сырға-сақиналарға қарап, көзің тоймайды. Осы үрдіс жақсы трендке айналар болса, импорттық тауарларды шетке ысыруға да қауқар жетіп қалар? Әзірге осының өзіне қанағат дейміз.
Р.S. Жә, сәні мен сапасы үйлескен дүниеге ақша аямауға әбден болатын шығар. Дегенмен соңғы кезде «бастысы, оюы болса болғаны» деп керек емес жерге қошқар мүйіз салып, байыбына бармастан бұйым жасайтындар көбейді. Қазақ оюды әр жағдайға байланысты, белгілі бір мәнмен ойған емес пе?! Құндылықтарымызды өзге емес, өзіміз өркендеткеніміз жөн-ақ. Одан қалса, насихаттау мәселесінің де басы қылтияды. Оған да өзіміз атсалыспасақ болмас. Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек киейік демесек те, «сыңғыр шолпы, шашбауды, жарасады таққаның» дегендей, заман көшіне қазақылығымызбен қатар қадам бассақ, қандай керемет болар еді? Ұлыстың ұлы күні оң болсын!