Көрме павильондары таныстырылды

394
0
Бөлісу:

Қытай және Австрия мемлекеттері «ЭКСПО – 2017» көрмесіндегі павильондарын журналистерге таныстырды.

10 маусымда басталатын «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысушы мемлекеттерге тиесілі павильондардың аумағы – 78 мың шаршы метр. Жалпы, көрмеде 58 павильон болады. Оның 52-і – халықаралық жеке және алтауы біріктірілген павильон болады. Көрменің ең үлкен павильоны – Қытай еліне тиесілі. Ол екі қабаттан тұрады, көлемі – 1 053 шаршы метр.
Бүгінде құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. ҚХДР «ЭКСПО – 2017» көрмесіне «Болашақ энергиясы және Жасыл жібек жолы» тақырыбында энергетика саласындағы инновациялық технологияларды көрсетеді. Қытай ха­лықаралық сауда палатасының директоры, Ұлттық павильон конструктивті тобы­ны­ның басшысы Дже Джие көрмеге келуші­лерге Қытайдың заманауи технология өнімдері ұсынатынын нақтылап өтті.
– Біз үшін Қазақстанда өтетін«ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысу маңызды. Бұл жолы біз ең үлкен па­вильон­ның бірін таңдадық. Қазақстан тарапы павильонды тапсырды. Енді ішкі жұмыстарды ары қарай өзіміз ат­қарамыз. ҚХДР-ға тиесілі аумақтағы құрылыс жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша мамыр айының ортасына таман аяқтаймыз, – деді ол.
Сонымен бірге, Қытай павильонында қандай инновациялық технологиялар қойылатынын айтып берді.
– Өз павильонымызда Қытайдың жасыл энергетикада жеткен жетістіктерін, баламалы энергетика саласындағы инновациялық технологияларды ұсынатын боламыз. Астанада өтетін халықаралық, маңызы зор көрмеге 25 қаланың кәсіпкерлерін шақырдық. Қазір ең үлкен 10 компания осы салада жұмыс істеп жатыр, – деді.
Австрия мемлекеті де «ЭКСПО – 2017» көрмесінде ашылатын павильо­нын таныстырды. Олардың көрмедегі тақырыбы – «Ақыл, жүрек және күш» деп аталады. Бұл павильонда да әзір құрылыс жұмыстары жүріп жа­тыр. Қазақстандағы Австрия елшісі аталмыш жұмыстардың көрмеге дейін аяқталатындығын айтты.
– Австрия энергияның 37 пайызын – судан, 10 пайызын – желден, ал қалғанын басқа биомассадан алады. Павильонның құны – 5 млн еуро. Аумағы – 900 шаршы метр, – деді ол.
Герхард Сайллер Австрия павильо­нының негізгі ерекшелігіне тоқталды.
– Елімізде «ЭКСПО – 2017» көрмесіндегі Австрия павильонының дизайнын жасау үшін арнайы байқау өт­кіздік. Нәтижесінде, VM архитек­торлық тобы жеңіске жетті. Біздің павильонның өзге елдердің алаңынан ерекшелігін көрмеде көріп, бағасын беретін боласыздар. Сонда да қызықты ерекшелігінің біріне тоқталайын. Павиольонда еліміздің ұлттық өнерін паш ететін мәдени шара көптеп ұйымдастырылады. Сондай-ақ көрме ішінде келушілер демалатын демалыс орны да болмақ», – деді ол.
«Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ Халықаралық қатысушылармен жұмыс атқару департаментінің директоры Илья Оразақов халықаралық көрменің қауіпсіздігін сақтау мақсатында тиісті жұмыстардың атқарылып жатқандығын және көрмеге дайындық барысын айтып берді.
– «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысуға ниет білдірген 115 мемлекеттің 103-іне павильон берілді. Жақын арада 12 павильон тапсырғалы жатырмыз. Қатысушы мемлекеттердің талап-тілектерін ескерудеміз. Алайда кез келген өтінішті қабылдай бермейміз. Мәселен, кей елдер өздерінің павильоны үшін электр қуатын көбейтуді сұ­райды. Енді бірі өз аумағына күрделі конструкцияларды қоюды сұрайды. Енді бірі сақтау мақсатында ол талаптар қанағаттандырылған жоқ, – деді ол.
Илья Оразақовтың айтуынша, ешқандай елмен келіспеушіліктер орын алмаған. Алайда қатысуға өтініш білдірерде өз павильондарының қандай болуына байланысты шешімдерін бірнеше рет өзгерткен мемлекеттер де болған. Мұндай әлемдік үлкен жобада техникалық сұрақтар мен талқылаулар, ескертпелер бұған дейін болған, қазір де бар және бола береді.
– Әрбір мемлекеттің өзінің байланыс желісі, жеке есептеу құралдары мен қажет энергия көлемі болады. Әрине, барлығы өздерінің қатысуға өтініш бергендегі көрсеткеніндей болмақ. Үшіншіден, қатысушылардың жиынында әріптестер комиссиясы құрылды. Оның құрамы 18 адамнан тұрады. Басты приципі – әр аймақтың бірдей дәрежеде таныстырылуы. Оның құрамына Африка, Азия, Еуропа және өзге де аймақтың өкілдері кірді, – деді ол.
И.Оразақовтың есептеуінше, аталған комиссияның міндеті – ұйымдастыру, қатысушы мемлекеттер арасындағы сұрақтарға байланысты және өзге де мәселелерді талқылап, шешім шығару.

 

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*