Қабанбай батыр туралы тың деректер табылды

675
0
Бөлісу:

Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 325 жыл толуына байланысты Астанада арнайы ғылыми-танымдық мәжілісі өтті. Онда әйгілі қолбасшы, қазақтың біртуар тұлғасына арналған тың деректер айтылып, ерлігі мен қайраткерлігі, өмір жолы мен күрескерлігі жан-жақты әспеттелді.

Жиынды ашқан «Қаракерей Қабанбай батыр» тарихи-мәдени қорының төрағасы Камал Әбдірахманов 16 жасынан қолына қару ұстап, жекпе-жекке шыққан қазақтың дарабоз батырдың жүріп өткен жолы, өжеттігі мен қайсарлығы кейінгі ұрпаққа үлгі екендігін, ұлы қолбасшыны ұлықтау шаралары мұнымен шектелмейтінін жеткізді.
Тарихи деректерге сүйенсек, Қа­банбай батырдың азан шақырып қойған есімі – Ерасыл. Кейін жеңгелері нар тұлғасына қарап, «Нарбала» деп кеткен екен. Жеті жасында әкесі Қожағұл, он алты жасында ағасы Есенбай жоңғарлар қолынан қаза тапқан. 16 жасында алғашқы жекпе-жегіне шығып, қалмақтың екі бірдей батырын жер жастандырған ол кейін Зайсандағы апайы мен жездесінің қолына келеді. Осында жүріп, жылқыларына шапқан қабандарды жайратып «Қабан батыр» атанған деген дерек бар. Абылай хан да сыйлы батырын «Дарабоз» деп ерекше құрмет тұтқан екен.
Қаракерей Қабанбайдың арғы бабасы Байжігіттен бастап,өз атасы – Мәмбет, әкесі – Қожақұл болған. Бұл туралы жиында белгілі жазушы Тұрсын Жұртбай айтты. Ол өзі де батырдың тікелей ұрпағы екенін, Қабанбайдың арғы атасы Байжігіттен – Күшлік, Күшліктен – Өмірдәулен, Өмірдәуленнен өздері тарайтынын баяндап берді. «Байырғы деректердің бәрі Байжігіттер мен Мәмбеттердің Есіл мен Нұра елінде мекендегенін меңзейді. Мұны айтып отырған себебім, қазір Қабанбай батырдың зиратына байланысты әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Қалай дегенмен де көркем шындық, дастан-жырлардағы шындық, ауызекі шежіредегі шындық деген бар. Біздің айтып жүргеніміз, кемі үш-төрт тарихи жазбаларда қайталанып отырған, нақты дәлелденген деректер. Мысалы, Қаракерей шежіресін құрастырғандар «атақты бабамыз – Қабанбай Ақмола уезінде жерленген. Былтыр барып, сыбаға беріп келдік» деп жазылған.1912 жылғы жасалған статистикалық есепте де қаракерейлер «Елде жұт болғанына байланысты Ақмолаға бара алмадық, ас бере алмадық» деп көрсетілген. Ал 1914 жылы наймандар жасатқан Кәрібай дастанында «Мақта апай (Байыстың қызы) ұлы Байжігітке Бүрлен деген қызды алып, Есіл мен Нұра ортасына ұлан-асыр той жасады» делінген. Есіл мен Нұра ортасы дегені – қазіргі Қабанбай батыр зираты тұрған жер. Сондықтан талай тарихи шындық осылай дегенде, бұра тартудың еш ыңғайы жоқ деп есептейміз» дейді жазушы.
Ғылыми-танымдық жиында тарих ғылымдарының докторы, Халықаралық түркі академиясының профессоры, қытайтанушы Бақыт Еженхан Қытай мұрағатынан табылған Қабанбай батыр туралы тың деректерді таныстырды.
Ол Қытайдың бірінші мұрағатында батырдың мөрі басылған құжатты, таңбасын және Іле жеріндегі жорығы төңірегіндегі жаңа жазбаларды тауып алыпты. Тіпті мұрағатта 1757 жылғы қазақ елшілерінің тізімі де Бақыт Еженханның қолына түскен. «Қытай мұрағатындағы қазақ елшілерінің тізімінде Қабанбай батырдың мәрте­белі орны да көрініс тапқан. Айталық, онда Абылай ханның жіберген бас елшісі Кенжеқара қаракесек арғын руы­ның жайсаңы – Қазыбектің немере інісі болады. Орынбасар елші – Танаш. Ол қаракерей найман руының жайсаңы – Қабанбайдың немере інісі болады» делінген» дейді ғалым.
Тың деректердің ішінде 1758 жылы Қабанбай батырдың Құлжада болғанын нақты дәлелдейтін құжаттар және Қытайға сауда керуеніне қатысты деген мәліметтер де бар.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Бөлісу:

Пікір жазу


*