Қазақстан телевизиясының өз Оскары бар

Астанада «Қазмедиа орталығы» концерттік залында «Тұмар» I ұлттық телевизиялық жүлдесінің жеңімпаздары марапатталды. Жеңімпаздар он екі аталым бойынша телевизия саласында ерен еңбегі бар азаматтардан құралған әділқазылардың жабық дауыс беруі арқылы анықталды.
«Тұмар» жүлдесі – қазақстандық телевизияның ең үздік телевизиялық жобасы.
12 ақпаннан бастап ұйымдастыру комитетіне бүкіл Қазақстан бойынша телеарналардан және продакшн-студиялардан 200-ден астам өтінім келіп түскен. Жүлдені тағайындаудың басты мақсаты – сапалы қазақстандық телевизияны ілгері жылжыту және дамыту, мемлекеттің ең сапалы контентін анықтау арқылы телевизиялық контент өндірісінде талантты кәсіпқойларды қолдау. Байқауға 2016 жылы эфирге шыққан ерекше телевизиялық жобалар қатыcты.
Қазылар алқасының мүшесі, құрметті журналист Нұртілеу Иманғалиұлы «Тұмар» бәйгесі қазақ телевизиясының деңгейін көрсететінін атап өтті.
– «Тұмар» бәйгесі өзімізді тануға, 60 жылдық тарихы бар телевидениенің деңгейін білуге және оның болашағына әсер етуге көмектеседі. Бұл – менің жеке пікірім. Мәселе «кімді мақтаймыз, кімді марапаттаймыз» онда емес. Кейбір жерлерде «әттеген-ай» деген тұстары болады. Ұлттық телевизия байқауы алғаш рет ұйымдастырылып отыр ғой. Бірақ жобаның мақсаты жақсы. Алға қойылған мұрат дұрыс. Өткенімізді аңдамасақ, бүгінімізді талдамасақ, болашағамызды барламасақ біз кімбіз? Сондықтан телевизияны ғылыми айналымға түсірудің алғашқы баспалдағы осы шара деп түсінемін, – деді ол.
Байқаудың бірінші «Тұмар» ескерткіш мүсіншісін «Ең үздік әлеуметтік жоба» аталымының жеңімпазы алды. Ол – Қазақстан ұлттық телеарнасының «Айтуға оңай» бағдарламасы. «Ең үздік аймақтық әлеуметтік бағдарлама» аталымына республика бойынша 4 үздік аймақтық бағдарлама үміткер болған екен. Жеңімпаз – Ақтөбе қаласындағы Рика ТВ арнасының «Город сегодня» бағдарламасы. «Ең үздік ақпараттық бағдарлама» аталымында
31 арна қазақ-орыс тіліндегі «Информбюро» ақпараттық бағдарламасы үздік деп танылды. «Ең үздік аймақтық ақпараттық бағдарлама» аталымы бойынша «Тұмар» ескерткіш мүсіншісі Қазақстан – Атырау телеарнасының «Адасқандар» жобасы марапатталды. «Ең үздік ақпараттық-талдамалы бағдарлама» аталымының жеңімпазы деп Қазақстан ұлттық телеарнасы «Апта.кз» танылды. Kazakh.tv телеарнасының «Музыкальный перформанс» бағдарламасы «Ең үздік музыкалық бағдарлама» атанып, жеңіске жетті. «Ең үздік әзіл-сықақ бағдарламасы» аталымының жеңімпазы болып «Балапан» телеарнасының «Күлегеш» бағдарламасы танылды. «Хабар» телеарнасының «Тайны и судьбы великих казахов» жобасы «Ең үздік деректі кино» аталымының жүлдегері атанды. «Ең үздік ток-шоу» аталымының жеңімпазы КТК телеарнасының «Наша правда» бағдарламасы болды. Қазақстан ҰТ-ның «Әке» сериалы «Ең үздік телевизиялық телехикая» аталымын иеленсе, «Телевизияның дамуына қосқан үлесі үшін» аталымы қоғам қайраткері, жазушы-журналист Сұлтан Оразалыға берілді. «Телевизиялық маусымның ең үздік оқиғасы» аталымы деп Atameken Business Channel арнасының ашылуы танылды.
Ақпараттық коммуникациялар министрі Дәурен Абаев келесі жылдан бастап, «Тұмар» байқауына сайттар мен интернет-порталдардың да қосылатынын айтты.
Айта кетейік, байқауды ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазмедиа орталығы» ұйымдастырды.
Таңшолпан ТӨЛЕГЕН