Құрылысты комиссия тексерді

152
0
Бөлісу:

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан құрылыстың әрқайсысы «Нұр Отан» партиясының тарапынан қатаң бақылауға алынған. Осыған байланысты әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы комиссия мүшелері Ақтөбеде бой көтеріп жатқан мектеп пен балабақшаға барып, ондағы құрылыс сапасымен танысты.

Ақтөбеде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, қаладағы «Батыс – 2» ауданында екі мектептің құрылысы өткен жылы басталды. Бірі – 600, екіншісі 320 орынды. Екеуі де заман талабына сай білім ордасы болады деген үміт бар.
– Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша, біз мектеп пен балабақша құрылысын тексердік. Комиссия құрамында депутаттар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері бар. Биыл біз төрт құрылысты қадағалауға аламыз. Екі нысан – «Батыс – 2» ауданында, өзгесі Бауырластар мен Кеңес Нокин ауылында орналасқан. Өткен жылдың қараша айында басталған құрылыс биыл қыркүйекте толық аяқталады. Тексеру кезінде құрылыс кестеге сай жүріп жатқаны анықталды. Қажетті қаржы уақытылы берілді», – деді әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту комиссиясының төрайымы Жеңісгүл Мұхамбетпайызова.
«Батыс – 2» ауданындағы 600 орынды мектептің құрылысына 1,5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. 320 орынды білім ордасының құрылысы 692 млн 271 мың теңгені құрайды. Оған қоса, Сазды ауылын­да – 600, Кеңес Нокин ауылында 320 орынды мектептер бой көтеруде. Барлық құрылыс нысандары өткен жылдың қарашасында басталған. Жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.
– Құрылыс кестесінде кідіріс жоқ, тапсырманың бәрі уақытылы орындалып жатыр. Материалдар түгел Қазақстанда жасалған. Құрылыс жұмыстары уақытылы аяқталады, – деді 600 орынды мектептің құрылысына жауапты маман Алексей Мартыненко.
Бұл жерде қазір 120 адам жұмыс істеуде. Олардың барлығы да ғимараттың сапалы болуына күш салуда. Құрылыс қарқыны алдағы уақытта «Нұр Отан» партиясы тарапынан тұрақты қадағаланатын болады.

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА,
Ақтөбе облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*