Өзбекстан елшілігінің өкілдігін ашуды сұрады

63
0
Бөлісу:

Қазақстанға келетін шетелдік мигранттар легі елеулі түрде артыпты. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының фракциясы жа­нындағы Экономикалық саясат жөніндегі ке­ңес пен Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті өткізген бірлескен отырысында хабарланды.
Жиынға «Ішкі және сыртқы көші-қон мәселелері» тақырыбы арқау болды. «Нұр Отан» фракциясы жанындағы аталған кеңес төрағасы Б.Мамраев Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында қойылған «еңбек нарығын жаңғырту» бойынша кешенді міндетті іске асыру аясында қарастырылып отырған мәселенің маңыздылығын атап өтті.
Отырыста жария етілгендей, миграция ауқымы артуда. Мәселен, 2015 жылға қа­ра­­ғанда, өткен жылы ішкі көші-қон 25 пайыз­ға, сондай-ақ елімізде тіркелген шетел аза­мат­тарының саны да 25 пайызға артыпты. Бұл ретте шетелдік мигранттар жасаған құ­қық­­бұзушылық көлемі 5,9 пайызға өскен көрінеді.
Сонымен бірге, қатысушылар «жоғары білікті мамандардың шет елдерге кету үрдісінің орын алып отырғанына» назар аударды.
Заңсыз миграцияның қандай ауқым алғанын түсіну үшін бірлескен отырыста бір мысал келтірілді. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Мәжіліске өтінішпен жүгінген екен. Онда ОҚО басшылығы Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы елшілігінің өкілдігін Шымкент қаласында немесе Сарыағаш қаласында ашуға жәрдемдесуді сұрайды. Бұл – қолданыстағы ұлттық заңнамаға сәйкес, кейін елімізден шығарып жіберу үшін «ешқандай құжаты жоқ және жеке куәлігінің мерзімі аяқталған осы ел азаматтарын құжаттандыру» үшін қажет көрінеді.
Депутаттар жұмыс күші шектен тыс көп өңірлерден тұрғындарды еңбек қолынан тапшылық көріп отырған аудандарға көшіру бағытындағы мемлекеттік органдардың жұмысының жеткіліксіздігін нұсқады. Атап айтқанда, ел Үкіметі өткен жылға 463 отбасыны көшіру бойынша квота бекітіпті. Алайда жыл бойы жұмыс күші тапшы өңірлерге небәрі 196 отбасы көшірілген. Яғни, жоспар тек
42 пайызға орындалыпты.
Осыған байланысты жиында Солтүстік Қазақстан облысы үшін квотаны ұлғайту туралы ұсыныс айтылды. Себебі, бұл өңірде аталған жұмысқа лайықты көңіл бөлінуде.
Павлодар облысының тірлігі сынға ұшырады, өйткені былтырғы жылы бұл өңір өзіне бөлінген 199 отбасылық квота аясында бар-жоғы 6 отбасыны ғана қабылдады.
Депутаттар сондай-ақ этникалық қазақтарды қабылдау, оларға Қазақстан азаматтығын беру кезiнде құқықтық рәсімдерді оңайлату және оралмандарды еңбек күші қажет аймақтарға қоныс аударту мәселелері бойынша ойға қонымды ұсыныстар білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар қабылданды. Олар нақты шешімдер қабылдауы үшін Үкіметке бағытталады.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*