Семейдің бейнесі заманға сай

318
0
Бөлісу:

Шығысқа сапары аясында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Семей қаласына барды. Ең алдымен, Премьер-министр жергілікті басшылықпен және жауапты меморгандар жетекшілерімен бірге, қайта құрылып жатқан Семейдің Халықаралық әуежайының құрылыс жұмыстарын тексерді. Жергілікті әуе қақпасына қатысты бұл жоба «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқасында жүзеге асырылуда. 

Облыс әкімінің орынбасары С.Ақтанов Үкімет жетекшісіне әуежай­дың қайта жөнделу жұмысы туралы баяндады. Оның мәліметінше, ұшып-қону жолағы 2,7 шақырымнан 3,3 ша­қырымға дейін ұзартылады, жаңа «апат­тан құтқару стансасы» тұрғызылады және коммуникацияның барлық түрі алмастырылады. Бұдан өзге Б.Сағынтаевқа әуежайдың қауіпсіздік жүйесінің жұмыстары туралы есеп берілді.
Осыдан кейін астаналық жоғары лауазым­ды тұлғалар делегациясы қаланың сол жаға­лаудағы барлық тұрғын үй мен әкімшілік ғимараттың 70%-ын жылу және жарықпен қамтамасыз етіп отырған стратегиялық нысанға бет алды. Семейдің «ЖЭО-1»-і де қайта құрылуда екен. Сондай-ақ Премьер-министр өңірдің басымдықты жобаларының бірі – ЖЭО-3-тің құрылыс жұмыстары туралы есепті де тыңдады. Қазіргі уақытта жоба бойынша техникалық-экономикалық не­гіз­деме әзірленген және мемлекеттік сарап­тамадан қорытынды алынған. Жобаны іске асыру жергілікті өндірістердің ары қарай дамуына, соның ішінде «Қаражыра» кен орнынан көмір өндірудің артуына ықпал етеді.
Сапар аясында Бақытжан Сағынтаев Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде болды. Дарынды балаларға арналған білім ордасының жаңа ғимараты 2016 жылдың соңында пайдалануға беріліпті. Премьер-министр өзін-өзі тану, нанотехнология, биотехнология каби­нет­терін, қыш құмыра шеберханасын, асхана мен кітапхананы аралады. Мектеп директоры Б.Қайыржанов оқу орынның жетістіктері туралы айтты.
Нысанның ерекшелігі, 720 оқушыға арналған негізгі оқу корпусына 120 орынға арналған жатақхана корпусы жапсарлас орналасқан. Бұл шалғайдағы ауылдардан келген дарынды балаларға интернатта тұрып, оқуға мүмкіндік береді. Мектеп ашылғалы жеті жылдың ішінде оны 466 түлек бітірген. Олардың 34-і – «Алтын белгі» иегері, 22-сі – үздік аттестат иегері.
Осы күні Үкімет басшысы Семей қа­ла­сының жұртшылығымен кездесті. Кезде­суде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды. Б.Сағынтаев жиналған қауымға қолға алынған конституциялық реформалардың мәнін түсіндірді. Қа­ла жұртшылығы Елбасы жариялаған конституциялық реформа мен жолдаудағы міндеттерге қолдау көрсететіндерін білдірді.
Жұртшылықпен кездесу аясында Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов, «Сәт транс» ЖШС директоры Нұрлан Байбеков, Электротехникалық колледждің директоры Азат Сарпеков, Семейдің №7 мектеп-лицейінің ағылшын тілі мұғалімі Марина Устюжанинова, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамның вице-президенті Орал Шәріпбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері Насен Сембаев пен Дүйсен Сұлтанов сөз сөйледі.
Кездесу қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев облыс пен қала басшылығына өңірді одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*