Имидждік шығындарды қысқартуды ұсынды

651
0
Бөлісу:

«Имидждік» деп аталатын шараларды қаржыландыруды қайта қараған жөн. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс айтты. Бұл күні Жоғары палатада «Теңгерімді және ашық бюджет – елдің табысты және тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының кепілі» атты парламенттік тыңдау өтті.
Қ.Тоқаевтың байламынша, «бюджет шығыстары әбден ойластырылып, қаражат шын мәнінде мұқтаж салаларға жіберілуге тиіс». «Шектен тыс шығындарға жол берілмеуі керек. Имидждік сипаттағы жобаларға жұмсалатын едәуір шығынның көлемін айтарлықтай қысқартып, мүмкін болған жағдайда, мүлдем тоқтату қажет» деді ол.
Оның айтуынша, мемлекетіміздің салық саясаты да қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерге жауап беруге тиіс. Ең алдымен, салық саясаты іскерлік белсенділікті ынталандырып, кірістердің артуына ықпал етіп, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуі қажет. Сондай-ақ тиімділігі төмен салықтық жеңілдіктерді қайта қарау маңызды.
– Квазимемлекеттік сектордан бюд­жет­тің кіріс бөлігін арттыру бойынша ай­тарлықтай қайтарым күтуіміз заңды. Ұлттық компаниялар түсім әкелудің орнына тұтыну жағын арттыруға бейім. Үкімет бөлінген қаражаттың игерілмей қалу жағдайларына жол бермеу мақсатында елеулі жұмыс жүргізуге тиіс. Бюджеттің тапшылығы ахуалында қаражаттың тұрақты түрде игерілмеу жағдайларына мүлдем жол берілмеуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бірқатар сарапшылардың пікіріне сілтеме жасай отырып, спикер «Ұлттық қордың қаражатын пайдалану ағымдағы түйткілдерді жедел шешуге арналған тұрақты қаржы көзінің болуы есебінен ұзақ мерзімдік болашақта Үкіметтің экономикалық саясатының тиімділігін төмендетуге әкеліп соғуы мүмкін» екендігін айтты.
– Біз ел экономикасын өзгеше жағдайларға бейімдеп дамытуды, экономикалық өсімнің жаңа моделін жасауды және бәсекелестік пен нарық жағдайында «шамамызға қарай» өмір сүруді үйренуге тиістіміз. Президент ұсынған үшінші жаңғырудың мақсаты да осы стратегиялық міндетті көздейді, – деді Сенат төрағасы.
Қаржы министрі Б.Сұлтановтың мәлі­метінше, бюджет жөніндегі халықаралық әріп­тестік жүргізетін бюджеттің ашықтығын зерт­теу нәтижесінде, 2015 жылы 102 елдің ішін­де Қазақстанға 51 балл беріліпті. Бұл рет­те орташа әлемдік көрсеткіш – 45 балл көрінеді.
Мемлекеттік әкімшілік бақылауды азайту мақсатында Қаржы министрлігі «халықтық бақылауды» белсенді қолдануда екен. «Халықтық бақылау» тетігі «рейдтік» тексерулерді сатып алушыларға тапсыруға мүмкіндік береді. Енді кез келген сатып алушы сатушылар арасында өзі «табиғи іріктеу» жүргізеді» деді Б.Сұлтанов.
Министр алдағы жылдары бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 1 пайызы деңгейіне дейін төмендету жоспарланып отырғанын хабарлады.
Есеп комитетінің мүшесі Айгүл Мұхаметкәрім «ревизорлардың» елордада «ЭКСПО – 2017» жаһандық көрмесін ұйымдастырушыларға тексерумен келе­тіндерін хабарлады: «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясына және басқа да компанияларға мемлекеттік аудит жүргізу жоспарланған» деді ол.
Парламенттік тыңдау барысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова және басқалар баяндама жасады.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*