Орындалған іс пен ой-арман бойға қуат құяды

449
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі жетекші ақпарат құралдарының белді өкілдерімен кездесіп, қазіргі күн тәртібіндегі мейлінше өзекті сауалдарға жауап берді. Бұл кездесудің толық нұсқасы кеше кешкілік, «прайм-таймда» отандық телеарналардан таратылды. Елбасымен сұхбаттасуға «Айқын» газетінің Директор – Бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Әсел Төлегенова, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының «Айтуға оңай» әлеуметтік ток-шоу жүргізушісі Бейсен Құранбек, «Хабар» телеарнасының «По сути» бағдарламасының жүргізушісі Айгүл Әділова, «МИР» телеарнасының корреспонденті Виталий Попов, Еsquire.kz сайтының шеф-редакторы Гүлнар Бажкенова қатысты.
Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы, Тұңғыш Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың журналистика саласының беделді тұлғаларымен емін-еркін отырып, емен-жарқын дидарласуы қашан да құнды. Әңгіме барысында Ел­басы өткенді ой таразысына сала отырып, қазіргі замана ағы­мын барлайды, ұлт болашағына көз жіберіп, келешек көкжиегінде сам­ғайды, шешіле толғайды. Сөз сер­келері мен сүлейлері сыр сан­ды­ғынан суыра алған, Пре­зи­ден­тіміздің төл тәжірибесінен, ғұ­мыр тарихынан тамыр тартқан татым­ды, қызықты естеліктер де Қа­­зақ­стан халқы үшін естуге қызық.
Қазақтың дана басшысының салмақты сөз, саналы пікір, сабырлы байламдарының талайы қойын дәптерлерге түртілген шы­ғар. Олар да ұлт мұрасының алтын қорына еніп, ұрпаққа өшпес қа­зына болып қалмақ.
Бұл жолғы кездесуге Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бә­секеге қабілеттілік» атты жаңа Жолдауын іске асыру аясында ел экономикасын трансформациялау үдерісінің бірқатар аспектілері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері, қазіргі саяси жаңғыру кезеңінің ерекшеліктері, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақ­стан­ның сыртқы саяси басымдықтары және басқа да маңызды тақырып­тар арқау болды.
Бірінші болып, Елбасыға «Ай­қын» газетінің Бас редакторы, белгілі публицист Нұртөре Жүсіп қайырылды: «Ұлыстың ұлы күнін­де, өзіңіз салған Астананың тө­рінде дидарласып отырмыз. Өт­кенді саралайтын, келешектің келбетін даралайтын, бар мен жоқты бағалайтын жақсы үрдіс бұл. Биылғы Жолдауыңызда елі­міз­ді үшінші жаңғыртуды бастау туралы айтылды. Оны іске асыру барысында қандай сын-қатерлер болады?», – деді.
Мемлекет басшысы «Қазақ­стан – 2050» стратегиясында да­мыған ел бағытында кездесуі ықти­мал он сын-қатерді байыпта­ғанын еске салды.
– Болашақтың мәселесі бір Алланың қолында. Дегенмен біз жағдайға қарап, болжай аламыз. Бұл сын-қатерлер Қазақстанның географиялық орналасуынан, көр­шілерімізден, жаһандық эконо­микадан, іштегі тыныштық пен тұрақтылықтың шайқалуынан туындауы мүмкін. Біз алға қойған мұраттан айнымай, стратегиялық бағыттан таймай, ілгерілей беруі­міз керек. Сонда түбінде деге­ні­мізге жетеміз! – деген Н.Назарбаев жаңғырту мәселелерін, Үкіметке берілген міндеттер жайын тілге тиек ете кетті.
Президент кез келген жүзде­судің көркін келтірер әзіл-әңгіме­лерін айта отырды.
– Бір дәулетті, табысты биз­нес­меннің адамдарға есепсіз қайырымдылығы, көп көмегі тиіпті. Сонысы үшін Тәңір оны марапаттауға ұйғарады. Дүниеден өткен соң, оған алдымен жәннат пен тозақтың не екенін көріп, таңдауға мүмкіндік береді. Ол тозаққа қараса, үстелде сан түрлі ас үйілген, бірақ құлақ тұнар шу тұр. Сөйтсе, күнәлары үшін олар­дың қолдары илікпейтіндей, қа­тырылыпты. Салдарынан, қол­дары ауыздарына жетпей, бәрі ашығуда. Жәннатта да дастарқан жайылған, адамдардың бәрі тоқ, іштері пысып, қалғып-мүлгіп отыр. Содан бизнесмен Тәңірге қайырылып, «өзін тозаққа жол­дауды» сұрайды. Неге? «Мен ондағыларды қарысқан қолда­рымен бірін-бірі тамақтандыруға үйретемін!» деген екен ұлы кә­сіпкер. Яғни, басқаға қайырым көрсетсең, қайтарымы болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мұның «өнеркәсіптік револю­цияларға» да қатысы бар. Жаңа технологиялық шешім ұсынған­дардың жаһандық деңгейде бағы жанады. Стив Джобстар мен Билл Гейтстер өткен ғасырда қарапайым адамдарды компьютерге үйретті, ал бертінде Facebook пен Твиттер секілді әлеуметтік желілерінің негізін қалаушы Марк Цукерберг пен Джек Дорсилер адамдарды ғаламтор арқылы өзара жаппай хат алмасып, араласып-құраласуға тартты.
Мемлекеттің қуатты болмағы, технологиялық жаңғыруы басқа­ла­ры­мен бірге, кадрлық ресурс­тарға да байланысты. Осы орайда «Ай­қынның» Бас редакторы Нұртөре Жүсіп Елбасыдан соңғы кезеңде жүрген тағайындаулардың мән-мағынасы мен астарын сұрады.
«Жақында тағайындаулар жа­садыңыз. Биік лауазымдарға мем­лекеттік қызметте тәжірибесі мол тұлғаларды қойдыңыз. Бұл жас буынға көңіліңіздің толмайтын­дығын білдіре ме? Сонымен бірге, әлдебір тұлғаны қызметінен босат­қанда, оның сеніміңізден шыға алмағаны сіздің жаныңызға бата ма?» деп сұрады Нұртөре Жүсіп.
– Батады! – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Баяғыда Бұқар жы­раудан: «Сіз үшін не қиын болды бұл дүниеде?» деп сұраған екен. Сонда ол: «Ел бастау қиын емес – қонатын жерден көл табы­лады. Қол бастау қиын емес – шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиын­ды көргенім жоқ» деген екен. Ал мен үшін кадрларды таңдау – ең қиыны. Егер артылған сенімді ақтамаса, көңіл жабырқайды.
Мемлекет басшысы қызметтің белгілі бір учаскесіне тағайында­ған­да, ол тұлға өз білімі мен ең­бе­гін сол сектордағы мәселелерді шешуге бағыттайды деп күтетінін, ал егер оның өзі проблемаға айнал­са, ондай проблемадан құтылу дұрыс болатынын атап көрсетті.
Президент осы аптадағы ауыс-түйістерді де түсіндіре кетті. Оның айтуынша, Маңғыстаудың әкімі А.Айдарбаев орталыққа келіп, Инвестициялар және даму ми­нистрінің орынбасары болуға өзі сұраныпты.
– Кулагин де өзі жасы келгенін алға тартып, алғысын айтып, зей­нет­керлікке шықты. Босаттым. Қарағанды облысының әкімі Әбдібеков қайтыс болған Қозы-Көрпеш Жаңбыршиннің орнына Есеп комитетіне келді. Ол өңірге Қарағанды тумасы Қошановты апарып қойдық. Бәрі тәжірибелі. Барлығы жақсы жұмыс жасайды деп сенемін. Үкімет құрамына қа­ра­саңыз, негізінен 70-жылы туған­дар. Тепсе темір үзетін кезі. Елге жақ­сылық істесін! – деді Н.Назарбаев.
Әз-Наурыз қарсаңында еліміз­де Ата заңға түзетулер қабылдан­ғаны мәлім. Ол бойынша Елбасы­ның біраз өкілеттігі атқарушы және заң шығарушы билікке бе­ріл­ді, Үкіметтің, Мәжіліс пен Се­наттың құзыры, рөлі және жауап­кершілігі қатар күшейтілді. Жалпы, конституциялық реформа жайында бірнеше сұрақ қойылды. Соның бірі ел арасында, сарап­шылар тарапынан Парламентті де жаңарту туралы айтылған пікір­лер­ге қатысты болды. Өйткені бұ­ған дейінгі 4-ші және 5-ші сайлан­ған Мәжіліс осыған ұқсас себеп­тер­мен өз еркімен мерзімінен бұ­рын тарап кетті. 6-шақырылымда­ғы Парламент 2016 жылы ғана іске кіріскені мәлім. Қазақстан Көш­бас­шысы өзінің кесімді сөзін айтып, осы тараптағы алып-қашты әңгімелерге тоқтау салды. Елба­сының айтуынша, бұл Парламент сайланған мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс істейтін болады.
– Жақсы бір тәмсіл бар: жаңа сайлаудан кейін және үйленгеннен кейін ылғи да өз қалағаныңа қо­лың жете бермеуі мүмкін. Не се­беп­ті адамдар жаңа сайлауға ынтық? Парламент 2021 жылға дейін сай­ланды. Ол өзінің мерзімі аяқтал­ғанға дейін жұмыс істейтін болады! – деп шарт түйді Н.Назарбаев.
Жүргізуші, белгілі журналист Бейсен Құранбек тіл мәселесін көтерді. «Ағылшын тілінің керек­тігі айдан анық, күннен жарық. Бірақ біз басқа тілге басымдық бергеннен қаймығып қалған ха­лық­пыз. Содан ана тіліміз көлең­кеде қалып қояды деген күмән, тіпті үрей бар. Оған негіз бар ма?»
Елбасы қазақ халқының тілі­нен де, дінінен де, мәдениетінен де айырылып қала жаздаған халық екенін, үрей содан бой көтеретінін тұжырымдай келе, басу айтты:
– Қазір қазақ тіліне қарсы Қазақстанда бір адам жоқ. Тілді же­тілдіру біздің қазақтың өз қо­лында. Қазірдің өзінде қазақтың үлесі елімізде 70 пайызға жетіп қалды. 2025 жылға дейін дайын­далып, қазақ тілін барлық жерде енгізуге жұмыс жасаймыз! – деген Нұрсұлтан Назарбаев ағылшын ті­лінің де қажеттігіне назар ау­дартты.
Президенттің айтуынша, үшін­ші жаңғыру үшін ағылшын тілі керек. «Әлемдегі барлық ғы­лыми жаңалық алдымен ағылшын тілінде жарияланады. Ол орыс тіліне аударылғанша, шамамен 5 жыл кетеді екен. Ал қазақшаға қа­шан аударылады? Аға ұрпақты мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Ал жастар білуі керек. Технологиялар мен ақпарат көз ілеспес жылдам­дықпен жаңаруда. Оның соңынан ілесе білу керек» деген Мемлекет басшысы мысалға, ағылшын тілін білмесе, әлемде пайда болған ең жаңа әдіс-тәсілді меңгермесе, білікті дәрігер болу қиын екенін нықтады. Ол жоғары сынып оқу­шылары біраз пәнді ағылшын ті­лінде оқитын жағдайға түбі келе­тінімізді де қосты.
Кездесуде Қазақстанның өңір тарихында тұңғыш рет «БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінің уақытша мүшесі» болуына қатысты сұ­рақ­тар қойылды.
– Өзіміздің бейбітшілік пен бітімшілдік ойларымызды әлемге сыйлаудамыз. Қазақстан қаншама қақтығыстарды тоқтатуға ара­ласты. Таулы Қарабақтағы, Қыр­ғыз­стандағы, Украина мен Ресей, Түркия мен Ресей арасындағы шиеленістерді реттеуде де араағайын болдық. Жаһандық антиядролық қозғалыстың көш­бас­шысымыз. Сондықтан елімізді осындай жаһандық биік лауазымға сайлады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін­де 15 ел алқалай отырып, әлемдегі соғыс пен бейбітшілік мәселелерін шешеді, – деген Елбасы Сирияда соғысушылар дәл Астанада атысты тоқтату туралы уағдаласқанын еске салып, қазақ мұнымен мақ­тануы керектігін атап көрсетті.
«Мир» телеарнасының тілшісі Елбасыға жүгініп: «Еуразиялық одаққа қатысты ұстанымыңыз бен көзқарасыңыз өзгерген жоқ па? Себебі, оның мүшелері арасында мүдделер тепе-теңдігін табу қиындап бара жатқандай» деді.
Н.Назарбаев Еуразиялық ықпалдастыққа қатысты оң көз­қарасы өзгермегенін, өйткені түсі­ніспеушіліктер көршілер арасында болып тұратынын, ал осы ұйым солар бойынша бірлесе ақылдасуға және ортақ шешімге келуге ықпал ететінін алға тартты. Оның үстіне, Қазақстан Көшбасшысы «Еура­зия» ұғымы посткеңестік кеңіс­тіктегі елдермен шектелмейтінін ескертті. «Егер біз жақсы жұмыс істесек, Еуро­палық одақ та бізге қосыл­ғысы келеді» деді Президент.
Жүздесу кезінде Астананың атын өзгерту және оны Тұңғыш Президент есімімен атау туралы да сұрақ ортаға тасталды. Елбасы бұған қарсы екенін айтты.
– Астана қазір әлемдік бренд. Осында халықаралық ірі кездесу­лер өтеді, әлем аузында жүр. Оның атын өзім қойдым. Жақсы идеялар қазаққа не далада аттың үстінде келе жатқанда, не түнде келеді. Менің бас жағымда диктофон, қағаз-қалам тұрады. Бірден жазып отырамын. «Астана» деп атау идеясы да осылай келген, – деді Мемлекет басшысы. Ол кезінде Хрущев бұл қаланы «Хрущевград» деп атамақшы болғанын еске салды: «Мен оның қателігін қай­талап қайтем» деді Н.Назарбаев әзіл-шыны аралас.
Қазақстан Көшбасшысы нені мақтан тұтатынын да толғана жеткізді:
– Ақылды ой келген және соны лайықты орындай алған сая­саткер бақытты. Сондай-ақ дайын­ға тап болмай, бәрін өз қо­лыңмен жасау керемет сезім береді. Осы үшеудің бәрі менің қолымнан келді деп ойлаймын. Жан-жүрегімде қанағаттану сезімі қонақтаған. Бірақ бір өмірдің үдерінде қалағаныңның бәрін жасау мүмкін емес. Әйтсе де, арманың бар болса, сен өмір сүресің, өмірді сүйесің. Бұл бойға күш пен қуат құяды! – деп түйді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*