НАҚЫШЫҢ ҚАЙДА, ӘЗ- НАУРЫЗ?

317
0
Бөлісу:

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне шамалы уақыт қалды. Халқымыз үшін бұл – ең ұлы мерекелердің бірі. «Самарқанның көк тасы еріген күн» қазақ даласы үшін құт-берекенің басы, жыл басы, табиғаттың жаңаруы мен жандануы, татулық пен бірліктің мерекесі.
Тек қазақ халқы емес, күллі Шығыс әлемі үшін Жаңа жыл саналатын Наурыз – бірлік-берекенің, қуаныш пен шаттықтың мейрамы.
Наурыздың 22-сінде кaүн мен түн теңеледі. Ендеше, Наурыздың нақыштары деген ұғымның астарына үңіліп, өзіндік ерекшеліктеріне тоқталуды жөн көрдік.

Бірінші ерекшелік, Қазақ хал­қының мифологиялық таным-тү­сінігі бойынша, наурыз күні да­ланы Қыдыр ата аралайды. Сон­дықтан да халқымыз Ұлыстың ұлы күнін ерекше қасиеттеп, құрмет­теген. Қыдыр ата – барлық халық­тың қамқоры, жақсылық әкелуші, ырыс, несібе, бақ пен бе­реке, құт сыйлаушы әулие, кө­ріпкел, жа­рыл­қаушы қария бей­несінде сақ­талған. Осы сақталған пайымның әсерінен, Наурыз түні адамдар жанын да, тәнін де та­зартып, әдемі киімдерін киіп, Қыдыр ата дәм тат­сын деп, дас­тарқанын аққа толты­рып қойып жатады. Үйдің ішін, сыртын, қора-қопсыны тазартып, Қыдыр атаның батасын күткен.
Екінші ерекшелік, бұл күні кәрі құда – қыс мезгілінің құр­сауынан шыққан Жер-Ана бусанып, жыл­ғалардан су ағып, құс сайрап, гүл жайнайды. Бұл күні ер адамдар бір-бірімен қос қол­дап аман­дасып, төс қағыс­тырса, әйелдер бір-біріне игі тілектерін айтады. Көрісу салты да бұл мерекенің шырайын кір­гізеді. Қазақы Нау­рыз елдің қыс­таудан жайлауға көшетін мез­гілімен үндескен.
Үшінші ерекшелік, Наурыз мей­рамы жастардың бастамасы­мен таң шапағын қарсы алудан баста­ла­ды. Тазаланған арыққа су жібе­ріп, одан ағаш отырғызып, гүл егу рә­сімін өткізеді. Өзге мей­рам­дар­дан ең үлкен ерекшелік те – осы. Яғни, Наурыз – тазару мен жаңару­дың белгісі.
Төртінші ерекшелік, Наурыз мейрамы – татулық мерекесі. Бұл күні әрбір елдің бас көтерер дуалы, ауызды биі немесе ақ­са­қалы араз­дасқан ағайындарды татуластырып, арнайы наурыз көже ішуге шақыр­ған. Сондай-ақ бойдақ жігіттерді үйлендіріп, өз алдына жеке отау еткен. Қараусыз қалған кембағал жандарды белгілі бір адамдарға міндеттеп, тапсыр­ған да – осы мереке. Бұл күні Са­марқанның көк тасы да жібиді деп айтылады. Бұл сөз де қазақ хал­қының ұлы салт-дәстүріне орай айтылғаны анық.
Бесіншіден, өнерлі жастар ән салып, қыз бен жігіт болып жұп­тасып би билейді. Арқалы ақын­дардың айтысы да – Наурыз ме­рекесінде жарқырап көрінетін өнер түрлерінің бірі. «Ақ серек пен көк серек», «Айқыш-ұйқыш» се­кілді халық ойындары да осы күні ойналады. Сонымен бірге, «Қыз­ғалдақ» мерекесіндегі әдемі әзілдер мен «Алтыбақан» төңіре­гіндегі әсер­лі әңгімелер де жастық дәу­реннің өзгеше бір сипатын осы бір мейрам арқылы айшық­тайды. Жі­гіттер қыздарға «Сел­тет­кізер» сый­ласа, қыздар сері­лерге «Ұйқыша­рын» дайындаған.
Алтыншы ерекшелік, көшпелі дәуірде ол жарты ай, тіпті бір айға дейін жалғасып отырған. «Абай жолы» романында «наурыз» деп аты аталмаса да, Ұлыстың ұлы күні ретінде тойланатын мереке­нің салт-дәстүрі суреттелуі бұған дәлел бола алады.
Жетінші ерекшелік, Наурыз мерекесінің басты дәмі – Наурыз көже дайындалады. Оған жеті түрлі дәм қосылған. Өйткені жеті – қазақта киелі сан. Бүгінгі за­манда наурыз көже «кедей-кеп­шікке бе­рілетін ас» сынды пікір­лер кездесіп жатады. Бұл – қате пайым. Шын мәнінде, бұл «Нау­рыз ырысты, құтты болсын, өскін мол болсын» деген қазақ ыры­мының басты көзі деген мағына­мен үндескен симво­ликалық мәнге ие. Сондықтан мұны дұрыс ұғынған абзал. Наурыз көжеге қосылатын дәмдер туралы айтсақ, оған әуелі су қосылады. Бұл – өмір-өзен, ұрпақ судай асып-тас­сын деген тілек. «Тұз – астың дә­мін келтірер, мақал – сөздің мә­нін келтірер» демекші, тұз қосу да мін­детті. Сүт пен ақ құйғаны «сүт­тей ұйып отырайық, береке арта бер­сін, ақ мол болсын» деген пайым. Бұған қоса, ақ бақыт несібесі деген ұғымға саяды.
Наурыз кө­жеге қосылатын басты дәм – ет. Мұның астарында да қазан тол­сын, бірлік болсын деген ой бар. Көжеге құрт қосуы – «қуат­тың көзі болсын, ел қуаты ны­ғайсын» деген ұғыммен ас­тасып жатыр. Көжеге қосылатын келесі дәм – арпа. Арпа дәрілікке ем. Келесі дәм – күріш. Күріштің де денсаулыққа пайдасы мол. Бұдан бөлек, басқа да дәнді-да­қылдарды қосуға болады. Міне, осыдан-ақ Наурыз көженің өзінде ақ ниет пен бата жатқанын аңғару қиын емес.
Бүгінгі заманда «Наурыз на­қыш­тары қалай көрініс тауып отыр» деген сауал алдымыздан шы­ғады. Жаңа жылға дайын­дықты ерте бастап, бір ай бұрын шырша тігетін жұртшылық тым-тырыс. Қала көшелерінен де, те­леар­налардан да Наурыз лебі аса сезіл­мейді. Мәселен, 31 қаңтарда болатын Жаңа жылға, ел болып, жұрт болып жиылып, бір-екі ай бұрын дайындалады. Көшелерде ілінген тақтайша жарнамалардан бастап, кез келген дүкеннің кіре­берісінде Аяз атаның бейнесі, не болмаса жаңа жылдық нақыш тұратыны жасырын емес. Ал неге Наурыз қарсаңында Қыдыр ата бейнесін жұртшылыққа таныс­тырмасқа?! Күздің қара суығында маңдайшаларына «Жаңа жыл­дарыңызбен» деген жазбаны іліп қоятын сауда орталықтары да Наурыздан тіпті бейхабар сияқты.
Наурызды кейбір мекемелер науқаншылық іспетті қабыл­дап, кейбірі айдың басында, тағы біреуі сәуір айында тойлап жа­тады. Соң­ғы жылдары Наурыз ха­лық­тық емес, сахналық сипатқа көшіп кет­кен сыңайлы. Мәселен, алаңдарда киіз үйлер тігіліп, наурыз көже пісіріліп, жайылған дастарқаннан үлкендер жағы ауыз тиіп, содан жұрт концерт тама­шалайды. Осымен ұлттық мейрам – Наурыз­ды тойлау аяқталатын сияқты. Осылай жалғасса, Наурыз көп мейрамның біріне айна­луы ғажап емес. Бір жылдары де­путаттар Наурыз мейрамына ұлттық мазмұн беру, Наурызды фольклорлық-этнографиялық ауқымнан қазақ­стандық мереке дәрежесіне көтеру жөнінде мәселе көтерген болатын.
Расында, зыр жүгіріп шырша айналып, Аяз атасын күтіп жүрген бүлдіршіндер Наурызды жыл басы деп санамайды. Бүгінгі өс­келең ұр­паққа Наурыздың мәнін сіңдір­месек, бұл мейрамның да болашағы бұлыңғыр болады емес пе?! Нау­рызды дәріптеу бала­бақшадан басталса игі.
Ұлыстың ұлы күнінде Жаңа жыл­дағыдай мекеме қызметкер­лерінің мейрамханалар мен дәм­ханаларда жиналып басқосуы, «Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жылды солай өткізесің» деген сеніммен дастарқан жайып, отбасы мүшелерінің түгелдей бо­луын қадағалау секілді көріністер бай­қал­майтыны да қынжылтады. Нау­рыз ең әуелі ағайынды жа­қын­дастыратын, татуластыратын, бү­кіл ұлттық дәстүрдің көрініс та­батын, тәрбиелік мәні зор ме­реке екенін ұмытпайық. Сон­дық­тан Наурыз қарсаңында «Ұлыстың ұлы күні құтты бол­сын!» деген жа­зудан бастап, бұл күнді ұлықтау мақса­тында түрлі шаралар өткі­зіл­се қандай ғанибет?! Тіпті жеке­меншік сауда орындары да осын­дай шараларды өткізуге міндет­телуі керек. Сонда ха­лық­тың са­насында төл ме­ре­кемізге деген құр­мет қалып­тасып, мейрам лебі сезілетіні айдан анық.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*