Головкин – Джейкобс: Ертең айқас. Кім жеңеді?

563
0
Бөлісу:

Ертең 19 наурыз қазақстандық жанкүйерлер Геннадий Головкин  мен Дэниэл Джейкобстың арасындағы теңдессіз   жекпе жектің куәгері болады.

Бұған дейін жойқын жұдырығының соққысымен талайды есінен тандырған Головкин Джейкобсты тағы нокаутқа жібере ала ма? Егер бұл жағымды жаңалықтың куәгері болып жатсақ, бұл қай раундта орын алуы мүмкін?

Сарапшылардың пікірі әртүрлі. Ал қазақстандық танымал боксшылар Головкиннің сөзсіз жеңетінін айтуда. Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев:

«Головкиннің қарсыласын мен өте жақсы білемін. Ол әуесқой бокста 71 келі салмақ дәрежесінде айқасты. Оны қатты сыйлаймын. Ол қатты ауруға шалдығып,  ерік-жігерінің мықтылығының арқасында қайтадан аяғынан тұрды. Геннадий үшін ол – мықты қарсылас. Сондықтан жекпе -жек өте қызықты өтеді деп ойлаймын. Бірақ Дэниэлге оңайға соқпайды. Өйткені Генаның деңгейі қалай айтқанда да жоғары. Біз жекпе -жек кешін теледидар арқалы сараптайтын боламыз», –  деді.

Жалпы Артаев паен Головкин Афинада өткен Олимпиада қатар өнер көрсеткенін халық әлі ұмыта қойған жоқ. Онда Геннадий күміс, ал Бахтияр алтын алып, елді қуантқаны белгілі. Сондықтан Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев жерлісіміздің мықты жақтарын өте жақсы біледі деп ойлаймыз.

Кәсіпқой боксқа ауысып, екінші кездесуіне дайындалып жүрген Мейірім Нұрсұлтанов да Головкиннің жеңетініне сөзсіз сенімді. Десек те,  әлемдік бокстың сайыпқырандарының пікірі әртүрлі болып тұр. Бірі жеңісті жерлесімізге берсе, екіншілері Джейкобс те оңай шағылатын жаңғақ еместігін айтады.

Ал аты аңызға иайналған боксшы Хулио Сезар Чавес Джейкобс Геннадийді жеңе алады деген пікірде.

–Жекпе-жекте бәрі болуы мүмкін. Головкин pound-for-pound бойынша үздік боксшы. Қолының күшінің арқасында ол 23 қарсыласын нокаутқа түсірген. Аяғы да мықты, техникасы жақсы (пікір – Vesti.kz сайтынан алынды) . Алдағы жекпе-жекте ол басым түсетіндей көрінеді. Бірақ мұның бәрі Дэниэл Джейкобстың мүмкіндіктері мен дайындығын жоқ ете алмайды. Рингте бәрі болуы мүмкін. Головкин – адуынды болғанымен, оны жеңуге болады. Әли ұтылды, Тайсон жеңілді. Мен де жеңілгенмін. Сондықтан рингте бәрі де орын алуы мүмкін, Джейкобстың да мүмкіндігі бар, – дейді Чавес ESPN арнасына берген сұхбатында.

IBF  тұжырымдамасы бойынша әлем чемпионы ресейлік боксшы Мұрат Гассиев «бар мүмкіндікті 50-де – 50-ге теңеп отыр. – «Джейкобс өте мықты қарсылас. Сондықтан бұрынғы бәсекелестеріне қарағанда, Головкинге бұл жолы оңайға соқпайды. Бірақ қазақстандық жігіт сәл басымдау. Нәтижені тек сенбі күні ғана көреміз».

Жалпы бұл пікірді Сергея Деревянченконың жеке бапкері кіші Сергей Корчинский де құптайды.

–Джейкобс шындығында да мықты қарсылас. Рингте өте жеңіл қимылдайды. Геннадийге бұған дейін мұндай мықты  жолықпағанын ескерсек, жекпе-жек өте қызғылықты өтеді, – дейді Сергей Корчинский.

Қазақстандықтар ғана емес, таңертең болатын бәсекеге бүкіл әлем көз тігіп отыр десек, қателеспегеніміз. Сондықтан миллиондаған жанкүйер 19 наурыз күні 9. 40-та көгілдір экранның алдына жиналады. Талай тайталаста биік болған GGG бұл жолы жерлестерін жерге қаратпайтынына бек сенімдіміз.

Ал Головкин мен Джейкобс арасындағы жекпе жектен екеуі қанша қаламақы алады? Генннадий Головкин 2,5 миллион доллар алатын болса, ал Джейкобстің еншісіне 1,75 миллион тиеді. Ақиқатында, Дэниэл үшін бұл бокс тарихындағы ең үлкен қаламақы болмақ. Бұған дейін ең жоғары қаламақыны ол Питер Куиллинмен (1,5 миллион доллар) кездесуде алған.  
Ал Головкинге келетін болсақ, ол 2016 жылдың қыркүйек айында Келл Брукпен болған жекпе жекте қазақстандық кәсіпқой шебер 4 миллион долларды қанжығаға байлағаны белгілі.

Ал бұл жолғы әңгіме ақша туралы емес, бар назар кімнің жеңетініне тіреліп тұр.

–Барлығы да менің рингте кездескен боксшыларымының ішіндегі ең мықтысы Г оловкин болып тұр дегенді айтуда. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Кезінде Питер Куиллинмен де кездестім. Рингке дейін ол да мықты болып көрінген. Сондықтан бар мәселені бокс шешеді. Рингте кез келген жағдай орын алуы мүмкін. Жалпы мен жекпе-жекті нокаутпен немесе төрешілердің шешімі бойынша жеңіспен аяқтаймын, – дейді Дэниэл Джейкобс.

–Джейкобс –жақсы боксшы. Бұл мен үшін үлкен сынақ. Бірақ бұл ойын емес, үлкен айқас. Сондықтан қарсыласымды сыйлаймын.  Оны өлтіруді немесе жермен жексен етіп құлатуды мақсап етіп отырған жоқпын. Бұл –бокс! Ол үшін де, мен үшін де!,- дейді Геннадий Головкин.

Ал 2010 жылдың шілдесінде Джейкобсты жеңген WBO тұжырымы бойынша бұрынғы әлем чемпионы ресейлік Дмитрий Пирог Vesti.kz тілшісіне берген сұқбатында қазақстандық Геннадий Головкин мен америкалық Дэниэл Джейкобс арасындағы жекпе-жектің қалай аяқталатын айтты. Ол Джейкобсты бесінші раундта техникалық нокаутпен ұтқаны белгілі. Америкалықтың әзірге бұл кәсіпқой бокстағы жалғыз жеңілісі.

– «Джейкобс біздің жекпе-жектен кейін өзгерді ме? Меніңше, өзгере қоймады. Дегенмен, ол көпқырлы боксшы және жекпе-жекті қалай жоспарлағанына қарай әр түрлі тәсіл қолдануы мүмкін. Джейкобстің Головкинмен кездесуіне қатысты айтсам… Менің ойымша, егер мүмкіндік берілсе, ерте ме, кеш пе, ол Геннадийге беріледі және ол оны сәтті пайдаланып, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтайды. Бұл менің пікірім. Джейкобспен жұдырықтасқан кезімде ол жігіттің осал тұсы бар екенін түсіндім. Қорғанысы әлсіз және соққыны көтере алмайды. Джейкобс бұл жекпе-жекте қандай тәсіл қолданады? Болжау қиын, әрине. Жылдамдықты арттырып, ұпай жинауға ұмтылса керек. Алайда Геннадийдің шеберлігін ескерсек, көп ұзамай Джейкобстің ашық қалған жері табылады. Оған менің жекпе-жегім дәлел. Джейкобс жекпе-жекті қызықты өткізгенді жақсы көреді, бұрышқа тұрып, арқанға сүйеніп алатыны бар. Солай істейтін болса, Геннадий үшін бұл қиын қарсылас емес. Ал егер ондай қадамға бармаса, ең қиыны қашықтықты қысқарту болады, – дейді Дмитрий Пирог», – дейді ол.

Оның айтуынша, Геннадий тәжірибелі боксшы болғандықтан мүмкіндікті мүлт жібермейді. Ал Джейкобс қаша жүріп соққы жасап, «екінші нөмірмен» жұмыс істей біледі».

Міне, әлемнің әр қиырында шаршы алаңда ойқастап, атой салып жүрген атақты боксшылардың пікірі осындай. Ертең – айқас.

Ал жерлесіміз Головкиннің күдікті болжамдарды теріске шығаратынына бек сеніп, оған  тек қана жеңіс тілейміз.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*