Алматыда спорттық жаңа жоба басталды

362
0
Бөлісу:

Алматыда «Спорт менің ауламда» спорттық бағдарламасы іске қосылды. Осы  жоба аясында 7 жастан 17 жасқа дейінгі балалар бапкермен бірге, өздері қалаған спорт түрімен өз аулаларында шұғылдана алады. Бұл жоба осы жылдың көктемінен басталып, 2019 жылға дейін жалғасады. Білікті нұсқаушылар белгіленген кесте бойынша күн сайын  шеберлік сабағын  жүргізіп, дұрыс жаттығып, ойнауға нұсқау береді.

– Бізбен бірге жаттығуға көбінесе 14 жасқа дейінгі балалар келеді. Біз жаттығуларды дүйсенбіден басқа, күн сайын таңертең және түстен кейін 1,30 – 2 сағат бойы өткіземіз. Балалардың басым бөлігі футболға қызығушылық танытуда, сондықтан, осы ойынды жиі ойнаймыз. Ойынның алдында кішкене шынығып аламыз, жүгіріп, түрлі жаттығулармен жалғастырамыз. Балалар мен олардың ата-аналарына бұл өте ұнайды, – дейді Әуезов ауданының нұсқаушысы  Сания Кембил

Аталмыш жобаның басты мақсаты – балаларды  салауатты өмір салтына және  спортқа қызықтыру. Балалар нұсқаушылармен бірге тегін жаттығып, олардан сабақ алып, сондай-ақ, басқа жеткіншектермен бірге жақсы уақыт өткізе алады. Жаттығулар  алып шаһардың барлық алаңдарда өткізіледі.

– Біз күніге достарымызбен осында келіп, футбол ойнаймыз. Бұл біздің сүйікті спорт түріміз. Нұсқаушымыз да бізге ұнайды. Ол (Сания Кембил) бізге не істеу керектігін айтып  отырады, әрқашан қолдау көрсетеді. Онымен бірге жаттығулар өте қызық өтеді, – деп Асад Гумбатов пен Николас Буских әсерлерімен бөлісті.

Айта кететін жайт, бұл жобаның бастаушысы – Алматы қаласы Дене шынықтыру және  спорт басқармасы. Нұсқаушылар әр ауданда екі ауысым бойынша күн сайын, әр түрлі уақыттарда жұмыс істейді.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*