Енді соғыс ошағы Азия құрлығына аууы мүмкін

1118
0
Бөлісу:

Бұл күн өткен сайын айқын бола бастады. Бұрынырақта Таяу Шығыс пен Африка құрлығы отқа оранса,  енді басқа аймаққа көшуі ықтимал.

Өйткені бүгінгі қалыптасып отырған «қырғы-қабақ» саяси жағдай түбінде бірқатар елдерді шиеленіске әкеп тіреуі мүмкін. Бұған не себеп болып отыр?

Қазір көп нәрсе Ақ үйдің уысында екенін де жасыруға болмайды. Жалпы саяси тарих парағын аударып қарасаңыз, АҚШ –тың белгілі бір елмен қарым-қатынасы нашарласа, қалған құрлықтағы елдер де оны қоштай жөнелетіні анық аңғарылады. Осы уақытқа дейін АҚШ-тың әр президенті әртүрлі саясат жүргізіп келді. Таяу Шығыстағы соғыс ошақтары анығын айтсақ, Джордж Буштың билік тұсында басталып,  Барак Обаманың басқаруы кезеңінде жалғасын тапты. Бірақ Ақ үйдің бұл саясаты нәтижесіз аяқталды. Ауғанстан, Ливия мен Ирактағы, сонымен бірге Сириядағы соғыстан жүз мыңдаған адам қайтыс болды. Босқындар бас сауғалап, Еуропаға жөңкіле көшті. Тіпті кезінде бірқатар ақпарат құралдары «Еуропаға ауған көшті әдейі  тұрақсыздық туғызуы үшін жасырын жағдайда АҚШ-тың халықаралық қорлары қаржыландырды» деген де ақпарат таратқаны белгілі. Мүмкін солай да шығар. Бірақ  қанқұйлы соғыстан біреулер жаңа қаруын сынап, пайда тапқанымен, оның зардабын қарапайым халық тартты. Ендігі саяси дүрдараздық Азия құрлығына, Корей жарты түбегіне  аууы мүмкін. Оған себеп…

АҚШ-тың 45 – президенті Дональд Трамп президенттікке келмей тұрып, оқушы балаға ұрысқандай, «Солтүстік Корея өзін жағымсыз жағынан көрсетіп отыр. Мәселені бұлай қалдыра беруге болмайды» деп мәлімдеме жсағаны мәлім. Демек Трамптың қазіргі саясаты Таяу Шығыстағы сәтсіз аяқталған АҚШ-тың жоспарынан бас тартып, әлем назарын басқа жаққа, Азия құрлығына аудару болып отыр. Нақты айтқанда, соңғы екі айда бірнеше рет баллистикалық ракета ұшырып,  сынақ жүргізгін Солтүстік Кореяны тәртіпке салу.

Осы орайда айта кететін бір жайт, қызметке жаңадан келген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонның алғашқы сапарын Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай елдерінен бастауы бекер емес. «Қайтсек, Солтүстік Кореяның ракеталық сынағына тоқтау сала аламыз»деген мәселеде ортақ келісімге келу. Жалпы шекарасы таяқ тастам жерде тұрған, ресми Сеулдің қорқынышын түсінуге болады.  Азия аймағында әскери қорғанысы мықты ел қазір Солтүстік Корея екені белгілі. Айына екі-үш рет қаруын сынақтан өткізіп жатқан Пьхенянның ракеталық оқтұмсығы егер жағдай ушықса, оңтүстік кәріс жеріне оқыстан топ етіп келіп түсуі мүмкін. Мұндай жағдайда, бірнеше қала жермен-жексен болады. Ал соғыс кімге керек? Ешкімге тиімсіз. Бірақ оңтүстіктегі кәрістердің әскери қуатын күшейткен абзал. АҚШ-тың ойлап отырғаны да осы.

АҚШ-тың мемлкеттік хатшысы   Рекс Тиллерсон Fox телеарнасына берген сұхбатында ресми Пхеньянның позициясын әлсіретіп, тіпті болашақта оны жермен жексен ету үшін Пентагон Оңтүстік Корея территориясына ядролық қару орналастыруы мүмкін екендігін де мәлімдеді.

–Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сан түрлі кеңейтілген дипломатиялық жолы жетерлік. Бірақ бізде басқа да  нұсқаның бар екенін де жоққа шығармаймыз, Солтүстік Кореяның әрекетіне осы уақытқа дейін төзіп келдік. Енді жетеді. Қарап отыра беруге болмайды» деп ол кесіп айтты.

Әрине, әзірге Оңтүстік Корея жеріне бірден барлық ядролық қаруды әкеледі деп айту қиын. Тиллерсон атап өткендей, оған дейін Солтүстіктегі кәрістерді әлеуметтік-экономикалық жағынан әлсірету үшін сан түрлі дипломатиялық әдістер қолданылады. Қазіргі уақытта Ақ үй әкімшілігі БҰҰ арқылы Солтүстік Кореяға қысым жасау туралы мәселені қарастырып жатыр. Алдымен санкция жариялануы ықтимал. Соңғы айларда ядролық сынақ жасауды үдете түскен ресми Пхеньянды осылай бір қорқытып алмақ. Бірақ одан ығытын Ким Чен Ын жоқ. Рас, осы аймақтағы ядролық шоқпары бар ел болғандықтан барлығы Пхеньяннан сескенеді. Соңғы 20 жылдан бері халқының тұмыстық деңгейің төмен болғанына қарамастан, Солтүстік Корея әскери қуатын арттырып келеді. АҚШ-тың әртүрлі қысымына төтеп беріп келе жатқандықтан әлі де бас ие қояды деуге сену қиын. Осы уақатқа дейін қаншама рет келісісіөз болды. Тіпті 1994 жылы Солтүстік Корея мен АҚШ арасында келісімшартқа қол қойылғаны да белгілі. Оған сәйкес, Пъхенян 1,35 миллиард қаржылай көмегін алды. Елде екі атом электр стансасын салу туралы мәміле де болды. Сөйтіп,  ядролық қаруды құру жайлы бағдарламасынан бас тартпақ болған.   Бірақ дипломатиядағы бұл әрекет сәтсіз аяқталды да, Солтүстік Корея  ядролық қаруға деген ұмтылысын жалғастыра берді. Бірақ әлемдік саяси сарапшылар «жемісті басталған бұл келіссөз бен келісімді америкалықтардың өздері бұзды» дегенді айтады.

Дегенмен,  осы жерде тағы бір мәселенің басы қылтияды. Ең дұрысы, АҚШ-тың және оның жақтастарының көмегі арқылы Оңтүстік Кореының  әскери потенциалын күрт арттыру қажет. Тіпті Американың ядролық қаруын Оңтүстік Корея территориясына орналастыру керек. Сонда ғана ресми Пхеньян сескенеді. Бірақ кейбір сарапшылар 20 жылдан бері Ақ үйдің саясатына бас имей келе жатқан Ким Чен Ынның билігі бұл әрекеттен кейін бейбіт тіршілікке көшеде дегенге сенбейді. Қайта халақаралық жағдай тіпті шиеленісе түсуі ықтимал. Мұндай әрекеттен ең алдымен оңтүстіккореялықтар қорқады. Әзірге мәлім етілмеген, бірақ Washington Post газеті алдын ала жазғанындай, Солтүстік Кореяға Қытай арқылы экономикалық қысым жасап, тоқтау салу керек. Бірақ бұл жоспар жүзеге аса қояр ма екен?!  Әрине, Солтүстік Кореяның жиі ракеталық сынақ жасауы Пекинге де ұнамайды. Бірақ мәселені шешудің басқа да жолдары бар. Алдымен Солтүстіктегі кәрістердің сынағын тоқтату үшін жыл сайын екі-үш мәрте өткізілетін АҚШ пен Оңтүстік Корея арасындағы әскери жаттығу жиынын мүлде жасамау қажет. Ресми Пхеньян алдымен АҚШ тарапынан қауіп –қатердің  мүлде болмайтынына көздері жетуі тиіс. Сөйтіп бірнеше тарап келсісөздер столына отырғаны дұрыс. Сонда ғана шиеленіскен жағдайды шешуге мүмкіндік бар. Алайда бұл бастаманы Ақ үй әкімшілігі мүлде қостамай отыр. Тіпті Пекиннің өзіне Ақ үй саясатқа мүлде кереғар келетін талап қойғаны білгілі. Қытай Солтүстік Кореяның ядролық амбициясын төмендетпесе, онда АҚШ қытай банктеріне санкция салуы ықтимал. Негізі АҚШ-тың айтып отырғаны бекер емес. Ақиқатында, Қытай ғана Пханьянды ядролық сынақты тоқтатуға шамасы келе алады. Оның әртүрлі амалдары бар. Жапондық саяси сарапшылар да бұл аймақта Қытайдың ықпалы басым екенін жоққа шығармайды. Соған қарағанда, Пхеньян мен Пекин арасында жасырын жақсы байланыс барын америкалық билік біліп отырған сияқты. Бұл жорамал да жөнсіз емес. Дональд Трамп билікке келгелі Ақ үйдің Қытайға көзқарасы да өзгерді. Оны 45-президент ашық та айтты. Кеше Германияның канцлері Ангела Меркельдің Вашингтонға сапары барысында бұл мәселе тіпті айқындала түскендей болды. Екеуара әңгімеде «алдағы уақытта Украинадағы соғысты тоқтатып, Ресеймен қарым-қатынасты жақсарту мәселесі»  сөз болды. Бұдан шығатын қорытынды, Ақ үй осы әрекет арқылы Ресей мен Қытайдың әскери альянс құрып, өзара жақындасуына  жол бермеуді алдын ала ойластырып отыр. Оның үстіне ресми Пекин АҚШ-тың ядролық қаруын Оңтүстік Корея жеріне орналастыруына үзілді-кесілді қарсы. Осы мәселе әңгіме арқауына айналғалы бері ресми Пекин елде қызметін жалғастырып жатқан бірқатар кәріс компанияларының қызметін тоқтатты. Елдегі 20-дан астам кәріс супекрмаркеттерін жапты.  Бұл әрине АҚШ-қа ұнап отырған жоқ.,

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон осы аптада Қытайға жасаған сапарында Солтүстік-Шығыс Азия мен Азия-Тынық мұхиты аймағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты міндет екенін атап өтті. Пекиндегі кездесуде Тиллерсон Корей жарты түбегінде америкалық ядролық қаруды орналастыру туралы да әңгіме қозғап өтті.

–Солтүстік Корея билігі ең алдымен өз халқының болашағын ойлау үшін адамзатқа қауіп төндіретін әрекеттерден бас тартуы қажет. Сондықтан ең жақсы жол –бейбітшілік жолы. Осы аймақта қақтығыс болмас үшін біз барлық күш –жігерімізді жұмсауымыз қажет. Сондықтан Пхеньян ядролық қаруды өндіру жөніндегі бағдарламасынан әлі де болса, бас тартқаны дұрыс. Бірақ егер Солтүстік Корея Оңтүстік Корея мен осында орналасқан америкалық әскерилерге қауіп төндіре беретін болса, біз де қарап қалмаймыз. Өте қатаң жағдайда жауап беретін боламыз,, -деп мәлімдеді Рекс Тиллерсон.

Жалпы Солтүстік Кореяға қатысты қатал көзқарас 6 наурыздан бастап тіпті өрши түскенін айта кету қажет. Солтүстік Корея Тонгчанг-ри полигонында ракеталық сынақ жүргізгеннен кейін АҚШ Оңтүстік Кореяға территориясына THAAD әскери ракеталық оқтұмсықтарын орналастыра бастағаны мәлім. Бұл әрекетке  Ресей мен Қытай жағы наразылығын білдірді. Бірақ АҚШ-тың Сыртқы істер министрі Рекс Тиллерсон осы аймақтағы өз жақтастарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өз әрекетінен бас тартпайтынын білдірді.

Демек бір ақиқат бар: қазір Корея жартытүбегінде жағдай өте ушығып тұр. Ресей мен Қытай Оңтүстік Кореяға алғашқы партиясы орналасқан америкалық ракеталық кешеннің келуіне наразылық тангытқанымен, Ақ үйдің райынан қайтатын түрі жоқ.

Тіпті ресми Вашингтон  мен Сеул билік басындағы Ким Чен Ынның көзін құртатын арнайы әскери бригада жасақтап жатқанын мәлім етті. Ол бригада 2 мың адамнан құралады. Солтүстік Корея басшысын биліктен тайдырып, елде тұрақсыздық тудыруға әрекет жасалу үшін құрылған бұл бригада алайда Ким Чен Ынды қалай құртпақ? Бұл құпия жағдайда сақталып отыр. Бірақ ақиқаты, өткен жылдың қыркүйек айында өз тарихында үлкен көлемдегі ядролық сынақ жасаған ресми Пхеньянның әрекеті шындығында адамзатқа жасалған қастандық екенін мойындауымыз керек. Сол қыркүйекте жасалған ядролық жарылыстың қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған бомбадан  бірнеше есе көп болды. 70 жыл бойы ядролық сынақтың зардабын тартқан қазақ елі бұл әрекетті қостай алмас. Бірақ қазіргі жағдайда Солтүстік Корея билігі өздерінің әскери қуатын күрт арттырып жатқаны бұл шындық. Жақында ғана жасырын шекарадан өтіп, Сеулге келіп паналаған дипломат Тхэ Ён Хе Солтүстік Корея мемлекеті АҚШ-қа жететін ядролық оқтұмсығы бар баллистикалық ракеталарды жасауды аяқтағанын мәлім етті.

Ал ақпандағы сөйлеген сөзінде диктатор Ким Чен Ын «Солтүстік Кореяны жеңуге ең күшті жауларымыздың өзінің  күші жетпейді» деп мәлімдеді.

…Әрине Корей жарты түбегінде соғыстың бола қалуы мүмкін емес. Бірақ тұрақтылыққа ештеңе жетпейді.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*