Адам өмірі өзгере ме?

402
0
Бөлісу:

Футурологтар – әлемнің дамуын ғылыммен байланыстара отырып болжам жасайтындар. Рас, бұл сала бүгінгі заманның жемісі емес. Ертеден бар. Тілге тиек еткелі тұрғанымыз жасаған болжамдары белгілі бір уақыттан кейін дөп келген бірді-екілі аты-шулы футурологтар жайлы сыр тарту.

18 ғасырда өмір сүрген белгілі ғалым, футуролог Карл Ален 19-20 ғасырларда адамзат басынан қандай оқиғаларды кешетінін, қандай жетістіктерге жететінін болжап кеткен. Оның айтқандарының бәрі болмаса да 80 пайызы жүзеге асқан көрінеді. Мәселен,19 ғасырдың ортасында адамдар бумен жүретін көлікке мінеді деген. Шындығы сол, көп уақыт өтпей бумен жүретін паравоздар дүниеге келді. Сол ғасырдың соңына қарай бір атқанда аузынан ондаған оқ шығатын қаһарлы қару пайда болады депті. 1873 жылы америкалық өнертапқыш Хайрем Стивенс Максим аузынан оқ  борататын пулемет ойлап тапты. Оны Максим деп атады. Сол атышулы пулемет әлі күнге кейбір елдердің армиясында қолданылып жүр.

Сондай-ақ, Карл Ален ХХ ғасырдың ортасында ғарышқа ұшатын кемелердің, теледидарлардың пайда болатынын нақты болжаған. Әрине оның қағазға қаттап кеткендерін бәрін тізіп жаза беру міндет емес. Оның осы айтқандары да жеткілікті. Ал екінші бір футуролог Джон Элфрет Уоткинс 1900 жылы The Ladies’ Home журналына «Алдағы жүз жылда әлемді қандай өзгерістер күтіп тұр» деген болжамдар жазды. Бірақ дәл сол кезде оның жазғандары өмірде болуы мүмкін еместей көрінген. Тіпті оны көшеде көргендер келемеждеп, шіріген жұмыртқа мен қызанақ лақтырды. Рас, оның айтқандарының бәрі орындалған жоқ. Дегенмен болжамдарының келгендері болды. «Көшелер жер астына кетеді» деді ол. Шындық. Жер асты жолдары, яғни метро өмірге келді. Сымсыз телефондар, әлемдік хабарды демде көрсететін теледидар, МРТ аппараты, әуедегі соғыс, желден жүйрік ұшқыр пойыздар ХХ ғасырдың ішінде пайда болады деп жазды ол журналға. Айтқандары келді. Сонымен қатар жүз адам жасайтын жұмысты адам баласы қолдан жасаған құлтемір (робот) атқарады дегеніне бүкіл жұрт наразы болып, «мынау жынданған, адамдар арасына іріткі салып жүр. Оның орны жындыхана» деп айбат жасап, үркіткендер де болды. Ал дәл сол 1900 жылы мұның бәрі өмірде болуы мүмкін емес, фантастика болып көрінген. Бір еске сала кететін жайт, кез келген футуролог болжамды нақты ғылымға, оның жетістіктеріне сүйене отырып жасайды. Оларды көріпкелдермен, жұлдызшылармен шатастыруға болмайды. Австриялық футуролог Пол Фейт Маккейн өткен ғасырдың басында «құрлықаралық соғыстарға арналған зымырандар ХХ ғасырдың алғашқы жартысында пайда болады. Оны дүниеге әкелетін неміс ұлтшылдары» деген-ді айтқан еді. Шындығы сол 1933 жылы Германияның билігін қолына алған Гитлер сол кезде ол елге жасалған тыйымға қарамастан жанталаса қарулануға, әлемді жаулап алуға ұмтылды. Осы мақсатта алыс қашықтыққа ұшатын зымырандар жасауға тырысты. Ал Екінші Дүниежүзілік соғыс қызып тұрған 1942 жылы, төбесінде Гитлер тұрған Үшінші Рейх алғашқы Фау-1, Фау-2 деген зымырандарды жасап шықты. Ал оларды1944 жылдан бастап соғыс жағдайында қолдана бастады. Демек Пол Фейт Маккейннің есебі дұрыс шығып тұр. Ал, ХХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген британдық футуролог Хилтон Бальмонте тым ары кеткен. Оның алдағы жүз елу жылда адамзатты не күтіп тұрғанын ғылыми есептеулерге сүйене отырып шығарған. Оның «Ғасыр ғажайыбы» деген шағын кітапшасынан бірер мысал келтіре кетсек артық болмайды. Мәселен ол «ХХІ ғасырдың 40-шы жылдары адам баласы бензинді қойып, токпен жүретін көлікке мінеді. Олар жермен де, көкпен де жүйткитін болады. 2060 жылдары әлемде ауыз су үшін соғыстар орын алады. 2090 жылы Күн жүйесінен тыс ғаламшармен байланыс орнайды. 2100 жылы беймәлім ғаламшардан келген тіршілік иелері жерге аяқ басады. Содан бастап адамзат өмір сүрудің өзге жүйесіне көшеді». Бұл физик ғалым, футуролог Хилтон Бальмонтенің есебі. Шындығы керек, 2040 жылға жетпей-ақ токпен жүретін көліктер қазірдің өзінде көшелерде жүйткіп жүре бастады. Ұшатын көліктер де қазір сынақтан өтіп жатқаны арагідік болса да айтылып жүр. Ал ауыз су мәселесі қазірдің өзінде қат екені сезіле бастады. Демек Хилтон Бальмонтенің дерегіне сүйенсек, алдағы уақытта мемлекетаралық қақтығыс, жанжал, соғыс дәл осы судан шығуы да мүмкін. Оны ешкім жоққа шығара алмасы хақ. Ал адам баласының өзге саналы тіршілік иелерімен кездесуі дәл ол айтқан кезде бола ма, әлде бұрын ба, кейін бе оны уақыт көрсете жатар. Тек адамзаттың сол кезеңге аман жетуін тілейік.

Айнұр  Қазыкенова

Бөлісу:

Пікір жазу


*