«Big Date» ‒ қандай мамандық?

349
0
Бөлісу:

Жұмысқа орналасудың қазіргі кездегі талабы қандай? Түлектер жұмысқа орналасарда нені білмейді? Беделді жоғарғы оқу орындарын бітіргендер де жұмыссыз қалып жатады, неліктен? Бұл туралы AlmaU университетінің академиялық даму жөніндегі проректоры, экономист-сарапшы Гүлмира Қорғанбаевамен әңгімелескен едік.    

‒ Оқу орнын бітірген түлектер жұмысқа орналасатын кезде алдынан қандай қиындық кездеседі? Олар нені білуі тиіс?

‒ Жалпы, алдымен біліктіліктің не екенін түсінуі керек. Қандай да бір университеттің немесе «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген түлек болсын, көбі мамандық алып шығу жақсы жұмыс орнын табу үшін жеткілікті деп қателеседі. Бұл жеткіліксіз. Ол кәсіби білімінен бөлек, басқа да қабілеттерге ие болуы тиіс. Бірінші кезекте жеке бас біліктілігі. Олкез келген күйзеліске төзімді болуы қажет. Себебі, сәл қиындық туса, көбі морт сынып жатады, төзімділіктің осындай жағдайда ролі үлкен. Сондай-ақ, көбісі жұмысқа қабылдайтын кездегі әңгімелесуге уақытында келмейді: бірі кешігеді, екіншісі созып жүріп алады. Бұл жерде тайм  -менеджмент, яғни жұмыс уақытыңды тиімді жоспарлау керек. Көшбасшылық, күйзеліске төзімділік, тайм-менеджмент, сонымен қатар адамның көпшілік алдына шығып сөйлей алуы, өзін дұрыс таныстыра білуі, дұрыс коммуникация орнату қабілеті жоғары бағаланады және командамен жұмыс істей білуі өте маңызды. Себебі, бізге келетін жұмыс берушілердің өзі «болашақ мамандарды командамен жұмыс істеуге үйретіңдерші» деп өтініш жасап жатады.

‒ Ал командамен жұмыс істей алмаудың себебі неде?

‒ Қазіргі ұрпақ бір-бірімен бетпе-бет емес, телефон, интернет арқылы сөйлесуге үйреніп қалған. Мысалы, бір команда боларлық 5-6 адамның басы қосыла қалса да, бәрі телефондарына үңіліп отырады. Ал ортақ әңгіме айта білу, ой-өрісіңнің кең болуы ‒ жеке бас біліктілігі. Бір форумға қатысқанымда, қазіргі жастардан байқағаным, әрқайсысы селфи суретке түсуге, өз блогына ақпарат салуға көшті. Бірақ солардың бірде-біреуі сол жердегілермен араласпады. Кешкі ас кезінде бір-бірімен әңгімелесіп тұрған 3-4 адам ғана болса, оның өзі бұрынғы заманның адамдары. Сондықтан қазіргі ұрпақ онлайн -компания емес, шынайы компанияға жұмысқа барып тұрғанын, ол жерде адамдармен араласып, өзін сұхбатта дұрыс таныстыра білуі тиіс екенін түсінуі қажет. Екіншіден, тағы бір маңызды нәрсе, қандай да бір қиын жағдайда ерекше, креативті шешім қабылдай алу қажет. Бұл да жеке бас біліктілігіне жатады. Үшінші блок ‒ басқару. Технологияны, өндірісті білгені жеткілікті саналған инженердің өзіне қазір басқара білу қабілеті қажет етіледі. Ой өрісі шектеліп қалмау керек, барлық процестерді көре алып, оны бір-бірімен қиыстыра білгені дұрыс. Төртіншісі ‒ алыстан көре алу. «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендердің ішінде де 4-5 жыл өзін-өзі таппай жүргендер бар. Неліктен? Өздері жақсы мамандық меңгергендерін айтады, бірақ оларда алдын ала көре алу қабілеті болмай жатады. Кейбірі нақты мақсат қоя алмайды. Алайда алыстан көре алу, бәлкім, кейбіріне белгілі бір уақыттан кейін, тәжірибе жиған соң бір-ақ келетін шығар. Төртінші критерий – әлеуметтік байланыстар. Қазір біз әлеуметтік байланыстар заманында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан компаниялармен әлеуметтік байланыс қалыптастырып, жобамен жұмыс істеп, өзіңнің жобаңды ұсына алуың керек. Сондай-ақ, идея мен креативтіліктің маңызы зор. Түлектер осыны түсінулері тиіс. Мысалы біздің университеттің түлектері несімен ерекшеленетініне келсек, олар оқу бітіргеннен кейін қателіктерге де ұрынуы мүмкін, бірақ өздігінен бір істі  ұйымдастырады немесе жоба жасайды.

‒ Олардың соған қалай бейімдейсіздер?

‒ Кәсіби қабілеттілік, мамандығыңнан бөлек, көшбасшылық қырларын дамытамыз. Университет негізін қалаушы Асылбек Кожахметов көшбасшылыққа қатысты дәріс өткізеді, студенттермен тауға шығады, йогамен айналысады. Демек, бастамашылдық, батылдық, өзіңе жауапкершілік ала білу қабілеттеріне ие болуың керек. Бізде «Қоғамға қызмет ету» деген сабақ бар. Студенттеріміз балалар үйіне, мүгедектер қоғамына және басқа да ұйымдарға барып, көмектесіп тұрады. Бұл адамгершілік қасиетті дамытпақ.

‒ Алыстан көре алу қабілетін қалай қалыптастыруға болады?

‒ Оған да жаттығуың керек. Біз ең бірінші, студенттерге өзінің келешегін көре алуына үйретеміз. Яғни, өзін 3-5 жылдан кейін көре алуы тиіс. Мысалы, 10 шақты жылдан кейін басқа энергия көздеріне көшетін боламыз.  Сәйкесінше, жаңа мамандықтар қажет. Қандай бағытта, қалай жүретінімізді ертерек көріп, біз «Big Date» деген мамандық аштық. Бұл – көптеген мағлұматтар легін басқару. Басқарумен қатар, оны сараптауды үйретеміз.

‒ Кейде түлектердің күткені ойлағанындай болмай жатады. Осындай тосын жағдайға түспес үшін не істеу керек?

‒ Кім-кімнің де үміті зор болуы мүмкін, бірақ бірінші рет дағдарысқа тап болғанда, қайта тұра білу маңызды. Көбі күткені орындалмай қалса, проблемаға киліксе, өмірден баз кешіп, күйзеліске түсіп кетеді. Адамның қиын жағдайдан шыға білуіне, әрбір қателікке мойымай, еңсесін көтере алуына үйренгені дұрыс.

‒ Күйзеліске төзімділік таныту басты ұстанымдардың бірі ме?

‒ Әрине. Байқасаңыз, қазіргі компанияларда маман екі жағдайды бастан өткереді: бірі – жұмысыңды уақытында тапсыру. Яғни, маманның алдында дедлайн тұрады. Жұмыс уақытылы ғана емес, әрі сапалы жасалуы тиіс. Бұл да күйзелтуі мүмкін. Өз уақытыңды басқара алуың керек, алайда бұл бәрінің бірдей қолынан келе бермейді. Екіншісі – көптеген мәліметтерді өңдеуің керек. Өз басым бір айда 30-40 жобаны қолға аламын. Мысалы, бұл да күйзеліске әкеледі. Оған қоса, жұмыс пен жеке өмірің арасында да теңгерімді сақтауың керек.

‒ Өзіңіз қалай үлгіріп жатасыз?

‒ Біріншіден, басымдықты дұрыс қоя білген жөн. Қаншама жұмысыңның ішінен басымдық беретінін бірінші орындаған дұрыс. Мысалы, 40 жобаның ішінен ең негізгі 3-4-іне басымдық беруің тиіс әрі тайм-менеджментті ұмытпауың қажет. Өзім бір күнімнің кестесін күнде кешкісін дайындап қоямын. Сосын жұмысымды сол бойынша тындырамын. Сондай-ақ, жоспардан тыс шығып қалатын шаруаларды да ескеру міндетті. Әрбір сағатыңды, минутыңды қалай жұмсайтыныңды жазып отырмай, уақытыңды басқару мүмкін емес.

‒ Келесі күннің кестесін жазуды ұмытып кететін кезіңіз бола ма?

‒ Жоқ. Жұмыс пен жауапкершілігіңіз артқан сайын, уақытты жоспарлап отыру керек. Мұның бәрі әрбір адамға қатысты дүние.

Сұхбаттасқан Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*