Головкиннің қарқыны бәсеңдеп қалғаны рас па?

989
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Геннадий Головкинге WBA (Super), WBC, IBO және IBF тұжырымдары бойынша кәсіпқойлар арасындағы бокстан әлем чемпионы атағын қорғап қалуына байланысты құттықтау хат жолдады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Головкиннің қарымды қарсыласпен жанталасқан жекпе-жекте асқан шеберлік, қажымас қайрат және нағыз спортшыға тән мінез көрсетіп, чемпиондық атақтарын тағы да лайықты қорғап қалғанын атап өтті.

–Сенің жеңісің барша қазақстандықтарға зор қуаныш сыйлап, олардың жүрегін елімізге және отандық бокс мектебіне деген мақтаныш сезіміне бөледі, – делінген құттықтауда.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Генннадий Головкинге мықты денсаулық тілеп, спортта жаңа жетістіктерге жетуіне ниеттестік білдірді.

Расында осы уақытқа дейін жойқын соққысымен дүниенің қошеміне бөленген Геннадий Головкин кеше адуынды қарсыласын жеңіп, өзінің мықты екенін қалың жұртшылыққа тағы бір дәделдеп берді.

Бірақ жерлесіміз жеңіске жеткенімен, пікірлер шоғыры алуан түрлі болып тұр. Оған әбден нокаутқа үйреніп қалған бокссүйер қауымның көзқарасы  себеп болса керек. Екіншіден, Дэниэл Джейкобстың баспасөз конференциясында айтқан пікірлері де отқа май құйғандай әсер етті.

–Маған Гена күтпеген жағдай жасай алған жоқ. Мен өзімді жеңімпазбын деп санаймын. Бұл  – бокс, менің жұмысым. Кейде ұтыласың, кейде ұтасың. Сондықтан менің жұлдызды сәттерім әлі алда. Ал бүгінгі жекпе-жекке келер болсақ, Головкин де, мен де 100 емес, 110 пайыз дайындықты көрсеттік. Мен өзіме 100  пайыз cенімді болдым. Рингте барымды көрсеттім. Оны Гена да байқады. Мен бұл жекпе-жекте  жеңдім деп ойлаймын, бұл пікіріммен жанкүйерлерім де келіседі және бұл шешімге қатысты мені қолдайды деп ойлаймын. Мен кем дегенде екі раундта жеңдім.  Бар айта алатыным – осы жарыста төрешілердің шығарған шешімімен   келісу ғана. Бірақ, бұл жекпе жектен кейін халықтың  ықыласы күрт артты, біздің жанкүйерлеріміздің  қатары тағы мыңдаған адамға көбейді.  – деп мәлімдеді Джейкобс.

Ал Дэниэо Джейкобстың бұл сөзіне Головкиннің қайтарар уәжі қандай?

–Мен оның көзін жоя алмадым, Дэниэл – өте жақсы боксшы. Менің рекордымды жеңе алғаны үшін  оны қатты сыйлаймын. Техникасы бар, энергиясы мықты. Ол шаршы алаңда өте жақсы қимылдайды. Ол –жақсы боксшы. Мен оны төртінші раундта нокдаунға жібердім. Бірақ ол өзін жоғалтып алған жоқ. Маған 12 раундтық жекпе жек керек болды. Бұл жақсы айқас және өте мықты тәжірибе болды. Дэниэлді құрметтеймін. Ол –мықты боксшы. Бұл мен  үшін үлкен тәжірибе. Нокдауннан кейін мен өте ұзақ күтіп қалдым. Маған бір ғана  «лаки-панч»  керек еді. Бірақ, кейде бұл қиынға соғады. Джейкобс – әлем чемпионы және тамаша боксшы. Бұл тамаша кездесу болды. Егер Джейкобс менімен тағы да кездескісі келетін болса, мен әрқашан дайынмын, – деді Головкин.

Жекпе жектен кейін болған баспасөз мәслихатында Геннадийдің промоутері Том Леффлер «Головкинмен келісімшарт жасасуға бәрі қорқады. Сол себепті де оны осы жолы  әдейі осал етіп көрсеттік», – деді. Бұл қалжың да шығар. Әйтсе де, Головкиннің үнемі мерзімінен бұрын орын алатын жеңісін көріп келе жатқан және оған бойы үйреніп қалған  кейбір спортшылар мен көрермендер бұл жеңіске күмәнмен қарап, өз көзқарастарын білдіріп жатыр.

Өз кезегінде  аралас жекпе жектің шебері Қуат «Найман» өзінің әлеуметтік парақшасында «GGG –ға бокстан кету керек. Бұл  – Джейкобстың жеңісі.. Қазір Дэниэл Левиттің Олимпиададағы күйін кешіп жатқан болар» деп жазды.

Ал әйелдер арасында кәсіпқой бокстағы тұңғыш қазақстандық боксшы Фируза Шарипова  tengrinews.kz порталына берген сұхбатында «Шынымды айтсам, кездесу 12 раундқа дейін созылады деп ойламадым. Алтыншы-жетінші раундтарда аяқталады деп болжам жасаған едім. Бірақ соңғы алты раунд сұмдық жағдайда өтті. Головкин негізінде бір ұпай айырмасымен жеңді, бірақ нокдаун болмаса, тең түсер еді немесе тіпті жеңіліп қалар еді. Бұл жекпе-жек Геннадий Головкиннің мансап жолындағы ең қиын әрі жарқын кездесуі болды. Бапкерлер Джейкобсқа джебпен жұмыс теуді және Головкинге басымдық беріп қоймауды бұйырды. Бұл Головкиннің чемпиондығынан сескенбей, дұрыс жұдырықтаса білген ең  ауыр қарсылас болды. Головкиннің жеңіске жетіп,  атағын қорғай алғанына қуаныштымын» деп өз пікірін білдірді.
Ал үш салмақ дәрежесі бойынша бұрынғы әлем чемпионы Шейн Мозли Vesti.kz порталына берген сұхбатында «Дэниэл Джейкобс үлкен жұмыс атқарғанын рингте дәлелдеп шықты. Головкин сәл ғана басымдықпен ұтты немесе мұны тең дәрежедегі айқас деп айтуға болады. Сондықтан болашақта реванш керек», – деді.

Ал ағылшын журналисі Ли Кормли  MediaSkunkWorks берген сұхбатында

–Бұл шын мәнінде қызықты кездесу болды. Басында жекпе жек тепе-тең жағдайда өтеді деп ойладым. Бірақ Головкин 6-7 раундта басымдық Головкинге ауа бастады. Менің есебім бойынша аз ғана басымдықпен жеңіс Джейкобска берілуі керек еді. Бірақ төрешілердің шешімі басқа болып шықты. Сондықтан оларға төрелік айта алмаймын. Бірақ Головкиннің бұл жолғы қарсыласы өте мықты болды. Тіпті жекпе жектің соңғы жағында Головкин өзін жоғалтып ала жаздады -деді.

Расында да кешегі айқастан кейін Головкиннің оңайлықпен келмеген жеңісіне  байланысты әртүрлі пікірлердің шоғыры артты. Қазақстанның белгілі спорт журналисі Дүрәлі Дүйсебай ағамыз өзінің әлеуметтік парақшасында жазған пікірінде «Головкин жеңді. Оған талас жоқ. Бірақ қалай жеңді? Мәселе – осында. Қазір осы салмақтағы боксшының бәрі Головкинге қарсы дайындалады. Былайша айтқанда, Геннадийдің әрбір «жүрісін»  қарсыластары «оқып» қойған секілді. Егер жерлесіміз алда өз тактикасын қайта қарап, түзету енгізбесе, қиын бола түсетіні анық» деп жазды. Ал тағы бір азамат Нұртай Ерназар «Гена қартайып келеді, бір күні тақтан таяры анық. Жер ортаға келгенде, тактика ауыса ма? Меніңше, одан түк шықпайды. Енді шамасы жеткен жерге дейін тырысып баққаннан басқа амал жоқ» ,-деп өз пікірін білдірді.

Бірақ әлі де үмітімізді үзбегеніміз абзал. Ал кешегі кездесуге тағы бір оралар болсақ,  Compubox жекпе жектегі соққылардың қорытындыларын шығарды. Головкин бұл айқаста 615 соққы жасаған, оның 231-і дәл тиген. Ал Джейкобстың 541 соққысының  175-і Головкинге дөп тиген.

Демек қалай айтқанда да, жерлесіміз Геннадий Головкиннің басымдығы байқалып тұр. Сондықтан алдағы уақытта да Гена Қазақстанның атын шығарып, жеңісті жолды жалғастырады деп сенеміз.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*