ҚазҰУ студенті-«Қазақ аруы» атанды

811
0
Бөлісу:

«Қазақ аруы-2017» сұлулық байқауы өз мәресіне жетіп, бас жүлдеге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің студенті Нұргүл Асанова ие болды.

Сұлулық байқауына еліміздің әр өңірінен іріктелген 16 ару қатысты. Олар: Ақбаян Өмірқұлова (ОҚО) Айбану Жексенғали (Атырау облысы), Ақмаржан Жұман (Астана), Амина Мектепбаева (Алматы), Бегайым Жорабекова (ОҚО), Виктория Петрова (Павлодар облысы), Гүлжанат Жұмажанова (Ақтөбе облысы), Айгерім Орынбекова (Қарағанды облысы), Жұлдыз Орынбасарова (Жамбыл облысы), Зуxра Сайпи (Қызылорда облысы), Мария Халбият (Алматы облысы), Назерке Дауылбаева (Атырау облысы), Нұргүл Асанова (БҚО облысы), Перизат Абдашова (Маңғыстау облысы), Сәуле Әділбаева (БҚО), Шырын Ақпар (ШҚО).

Бірнеше кезеңде өнер көрсеткен сұлулар, қазылар алқасының шешімімен бас жүлде оралдық Нұргүл Асановаға берілді. Сондай-ақ, «Қазақ аруы-2017» сұлулық байқауында 1-орынды қызылордалық Зухра Сайпи, ал 2-орынды ақтөбелік Гүлжанат Жұмажанова алса, 3-орын қарағандылық Әйгерім Орынбековаға бұйырды. Сонымен қатар, Зухра Сайпи «Аруна» сауда үйінің арнайы сыйлығына ие болды. Ал Әйгерім Орынбекова «Көрермендер көзайымы» номинациясын иеленді.

Алғашқы болып сұхбаттасып үлгерген блогер Эльвира Ергалина Нұргүлдің қарапайымдылығын атап өтіп, оны КешYou-дің бұрынғы әншісі Ақботаға ұқсатты. Инстаграммдағы Эльвираның сауалдарына жауап берген Нұргүл, өзінің білім алып жатқан университетін мақтанышпен жеткізді.  Нұргүлдің университеттегі кураторы Шарипа Нұржанова: «Біздің Нұргүл Асанова «Қазақ аруы-2017″ атанды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының ұжымы мен 205 топ студенттері яғни, группаластары, және куратор-эдвайзері ретінде Нұргүлді осы жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз. Бұдан да биіктерге шарықтай бер, алтыным!»,-делінген фейсбуктегі парақшасында. Биылғы жылдың хас сұлуымен әлемуеттік желіде достасқысы келген халық, Нұргүлдің инстаграмдағы жеке парақшасын бір күннің ішінде 2400 жазылушыдан – 15 мыңнан аса жазылушыға көбейді.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Фото: Н.Асанованың инста парақшасынан алынды

Бөлісу:

Пікір жазу


*