Қорқақ адамдар неге көбейіп барады?

369
0
Бөлісу:

Кез келген адамның үрейленетін нәрсесі болады. Одан өмір бойы құтыла алмауы да мүмкін. Сол қорқынышын айтпай, жасырып жүре беретін адамдар да кездеседі.  Оны кемшілік деп  ұғуы да мүмкін.

Кез келген адам бақытты өмір сүргісі келеді. Бірақ жалғыздықтан қорқатын адамдар да бар. Олар өз әлемімен жүреді. Өзінен басқаға сенбейді. Ондай адамдарда жолдас-жора, дос деген болмайды. Жақсылықты өзгеге жасағысы келгенімен, оның қайтарымы бола ма,  деген күдікпен өзі оқшау жағдайда өмір сүреді.

Ал екінші  топтағыларды құрайтындар –кәріліктің қорқынышы. Әрине жас адам ол туралы ойлай қоймайды.  Бұл мәселе  әсіресе, орта жастан асқан әйелдерде, сонымен қатар 50 жастан асқан еркектерде мұндай қорқыныш жиі кездеседі. Әйелдер үшін басты мәселе бала өсіру мен тәрбиелеу болса, ерлерге қатысты мәселе негізінен ұрпақты сақтау және оларды материалдық жағынан қамтамасыз ету.

Әрине, бұл жайттар түсінікті делік. Алайда «осы мен уланып қалмаймын ба?» деп жан-жағына қарап, көрінгеннің ыдысымен тамақ ішпей,  күдікпен, қорқынышпен өмір сүретін адамдар да көп екен. Олар жер шырындағы халықтың шамамен 5 -7 пайызын құрайтын көрінеді. Сталинде де осындай үрей болған деседі. Бұл топты құрайтындардың қатарына әсіресе интеллекті жоғары адамдар жатады екен.

Расында адамның табиғаты бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысы өзгеше бір әлем. Біреуі өте талантты болса, екіншісі  – жалқау. Үшіншісі  – қорқақ. Төртіншісі  –  өте белсенді.  Тіпті жабық бөлмеде қалса, жалғыздықтан қашатындар да бар. Тағы біреуі құмырсқа, өрмекші, жыланнан үрейі ұшса,  биіктіктен зәр-иманы қалмайтындар да кездеседі. Расында адам әр нәрседен қорқады. Мамандардың бағалауына қарағанда,  әлемде 300 фобия бар.

Әрине қорқыныштың барлығы да жүйкеге қатысты. Адам санасындағы үрейдің  себебі көп. Тіпті кей жағдайда қорқынышқа психикалық жарақаттар да әсер етуі мүмкін. Егер пенденің санасында фобия болса, ол әркез өзі үрейленетін тосын жайттан қашқалақтап жүреді, мұндай адамдар үнемі жан жағына қарайлап, сақтанып  жүруге тырысады. Бір қызығы, мамандардың бағалауына қарағанда, бойында фобиясы бар адамдардың ойлау қабілеті басқалармен салыстырғанда, жоғары көрінеді.  Алайда фобияны емдеуге бола ма? Мамандар «оны ертерек емдесе, адамға соғұрлым жақсы» деген пікір айтады. Ересек жандардың бойында   қорқынышты жайттар өте сирек кездеседі. Ал фобия негізінен 17-18 жастағыларда  жиі болады,  мұндай «аурумен»  45-50 жасқа дейін олар жүре беруі мүмкін. Фобия ерлерге қарағанда әйелдерде жиі болады, бұл гармоналдық жайт пен өзгерістерге  байланысты көрінеді.

Әрине адамның өмірінде әртүрлі жағдайлар болады,  тосын апат пен оқиғалар да оның жүйкесіне салмақ салуы ықтимал.  Мамандардың айтуына қарағанда, адам өмірінің соңына дейін 3 пен 30-ға жуық әртүрлі жағдайларға тап болады екен. Осы сынақтан сүрінбей өтетіндер де бар, кейбіреулер болған жайтқа көп мән бермеуі де ықтимал. Екіншілері оны жүйкесіне салмақ түсіре отырып қабылдайды. Міне осының барлығы да адам ағғзасында фобияның пайда болуына алып келеді. Фобиясы бар адамға айналасындағылар күліп қарауы да ықтимал. Бірақ мұндай адамдарға қашан да қолдау қажеттігін ұмытпау керек. Бірақ өмірде үреймен өмір сүретін адамдар өте көп. Атап айтқанда, адам неден қорқады?

Токсикофобия­ – бұл да адамда бар белгі. Мұндай топтағылар негізінен «кез келген нәрседен уланып қалуым мүмкін» деп сақтықпен өмір сүреді. Екінші топтағыларды никтофобия құрайды, Олар – қараңғыдан қорқатындар. Аэрофобия – аспанды саяхат жасаудан үрейленетіндер. Тіпті өрмекшіден зәресі қалмайтындар да бар. Олар арахнофобия тобындағыларға кіреді.  Танатофобия ­- өлімнен қорқу. Қорқыт та өлімнен қашқан. Ақиқатында ажалды қасқайып қарсы алар ешкім жоқ.

Клаустрофобия – жалғыздық, жалғыз қалудан қашу. Тереңдік пен судан қорқатындар аквафобия тобындағыларға кіреді. Акрофобия – биіктен қашу. Олар «құлап кетіп, жазым болам ба?»» деп, үрейленіп жүреді.

Жалпы адамдар атақты болған сайын өздерінің өмірін сақтағысы келетіні ақиқат. Өйткені олардың өмір сүру салты бөлек екендігін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан олар қарапайым адамдарға қарағанда, тым үрейленгіш келеді. Мысалы, жоғарыда айтқанымыздай, атақты актер Стивен Сигал «тамақтан уланып қалмаймын ба?» деп үнемі уайымдап жүреді екен. Ресторанға барған кезде ол  алдымен ыдыс-аяқты қарап алып, тамақты ішер сәтінде өзінің арнайы приборлары арқылы тексеріп  алатын көрінеді.

Әрине, бұл әрекетке  түсіністікпен қарауға болар. Бірақ атақты жазушы Гогольдің уайымы қандай болғанын естісеңіз, бек күлкіңіз келуі де ықтимал. Ол тірідей көміліп қалудан қорқады екен. Тіпті ол бала кезінен болып қалуы мүмкін осындай оқыс нәрселерден бойын аулақ ұстап жүрген көрінеді. Тіпті егер қайтыс болғанына көзі жеткеннен кейін ғана барып, жерлеуге рұқсат беру туралы аманат қалдырған деседі. Философ Жан-Жак Руссо өмірде ойланып жүруді жақсы көрген, бірақ «ауырып қаламын ба?, – деген үреймен өмір сүрген. Сондықтан қашан да медициналық кітаптарды көп оқып, дәрігерлерден үнемі қашып жүргенге ұқсайды. Мұның себебі неде, ол туралы бірақ ашып айтылмайды.

Кейде адамның өміріне әсер ететін кішкентай детальдар болады. Орыс ақыны  Владимир Маяковский өте таза жүретін адам болған. Оның әкесінің саусағын  бір нәрсе жырып кетіп, сол тамырға әсер еткен. Ақыры жағдай күрделеніп әкесі қайтыс болып кеткен. Бұл жағдай жас Маяковскийге  қатты әсер еткен болуы керек, кез келген нәрсеге күдікпен қарап, өзін өте сақ ұстаған. Есіктің тұтқасын қолғаппен немесе оралған шүберекпен ашатын болған. Тіпті өзінің киімдеріне дезинфекция жасап, адамдар кездесіп қалса, амандасудан қашқан. Ол үнемі иод пен кішкентай сабынды қалтасына салып жүрген.  Тіпті Маяковский іссапарға шығатын болса, құрастырмалы ваннаны да алып жүруге мәжбүр болған деседі. Ал танымал әнші Мадонна болса, қараңғылықтан қорыққан. Ол да ештеңе емес. Атақты әнші жұртшылыққа сездірмесе де, лаңккестерден үрейі ұшқан. Тек концертке шыққанда ғана халықтың алдында ән айтқан. Кейбір әңгімелерге қарағанда, оның зәулім сарай, вилласының астында трассаға қарай шығып кететін арнайы жол да болған. Мұның бәрін Мадонна ойластырып істеген. Үйіне біреу жарылғыш зат лақтырып немесе лаңкестер шабуыл жасаса, жер астындағы жол арқылы қашып кетуге мүмкіндік жасаған.

Бірақ адамның барлығы үреймен сүреді деу мүмкін нәрсе емес. Фобиясы бар жандарға қарама-қарсы сипатта өмір сүріп жатқан адамдар да жетерлік. Олар тіпті бойында айрықша қабілеті барын білмеуі де мүмкін. Бірақ уақыт өте келе ерекшелігінің  бәрін қоғамға көрсете алады. Сондай жандардың бірі­ – Вим Хофф.  Ол – 50 градус аязда жалаңаяқ  жүре береді. Пақырың тіпті Арктикада жалаңаш кейіпте жүрсе де сыр бермейді. Мұның себебі неде? Вим Хоффтың ағзасында қандай артықшылық бар?  Мұның себебін дәрігерлер әлі күнге дейін таба алған жоқ. Денсаулығында бір кінәраты жақ ағылшын жігітінің жұмбақ әлемін ешкім таба алмай отыр. Тағы бір қызықты жайт, Англияда  Кэй Андервуд деген қыз бар. Енді оның күнін басқаның басына бермесін. Оны айналасындағылар елден бөлек ұстауға тырысады. Кэйдің жүйкесіне кез келген нәрсе әсер етуі мүмкін. Оған жүруге болады, бірақ күлуге болмайды. Біреу тіпті оқыстан қорқытса да, оған қиын. Ол күніне 40 рет есінен танып қалады да, тұрып жүріп кете береді. Оның жүйкесіне кез кез жағдай әсер етеді. Тосыннан шыққан айқай, апат, қатты шыққан дауыс. Үлкен үреймен өмір сүретін Кэй Андервудқа көтеріңкі көңіл күймен де жүруге болмайды. Өте қиын жағдай ғой, мұндай «әсерленгіш адамдар» бір құлағанда, өмірге қайта оралмай, бақилық болып та кетеді ғой.

Жаратқан  әркімге әртүрлі өмір сыйлайды. Ағылшынның 59 жастағы Мистер Перри атты жігіті өмірі семірген емес, әдетте ет пен терінің арасында май болады емес пе? Ал Мистер Перриде май жоқ. Мейлі денесіне салмақ қосу үшін пақырыңыз  күнде құнары жоғары тамақ жегеннің өзінде оның денесі майлы  тағамды қабылдай алмайды. 12 жасқа дейін ол семіз, томпақ бала болып өсті, біріқ  бір түннің ішінде адам танымастай болып арықтап шыға келген. Қазір де сол қалпы, семіре алмайды.

Еуропада тұратын Дебби Берд аллергиямен сырқаттанады. Оның диагнозы тіпті қызық. Ол ұялы телефон, жоғары ултракүлгін сәуле, интернет, микротолқынды пеш, радио мен телдидарға жақындаса болды, оның самайы бөртіп шыға келеді екен. Өмірде аллергияның  сирек түрімен ауыратындар кездеседі.  Мысалы, Мельбурнде тұратын Эшли Моррис «судан ауырады».  Денесіне бір тамшы су тисе бітті, жігіттің денесі қызарып кетеді. Ал Натали Купердің денсаулығы қазір бүкіл дәрігерлерді алаңдатып отыр десек, қателеспегеніміз. Оның асқазаны ешқандай тамақты қорытпайды, ішсе болды, қайтарып тастайды. Оның жейтіні тек Tic – Tac қана. Отбасының айтуына қарағанда, ол күніне  аш қалмау үшін  900 мың Tic – Tac жейтін көрінеді. Ал Оңтүстік Африканың тұрғыны Ян Христиан Смэтс жасы орта жастан асып кетсе де, оның есте сақтау қабілеті өте мықты. Ол күні бүгінге дейін 5 мың кітапты жатқа біледі.

Өмірде мұндай мысалдар өте көп. Ақиқатында әр адам – өзгеше бір әлем. Расында өрмекшіні көрсе, жан даусы шығып, талып қалатын адамның әрекетіне біз мысқылмен күліп қарауымыз мүмкін. Ал денесіне су тисе, ауруы асқынып шыға келетіндердің күнін де өзгенің басына бермесін.

Жалпы үреймен өмір сүретін адамдарда үміт аз. Өйткені әр ісіне сақтықпен, күдікпен қарап, еркін өмір сүре алмау жақсылық емес. Негізі мамандар соңғы онжылдықта үреймен өмір сүретін адамдардың санының тым көбейіп бара жатқанын айтады. Алаңдайтын нәрсе ме? Иә, мазасызданатын мәселе. Ал мұның себебі неде? Ең бастысы – сенімсіздік. Сәби кезінен баланың ойын еркін жеткізіп, еркін өмір сүруіне мүмкіндік бермейтін, өз айтқанын ғана істететін ата-аналар да артып барады. Орыстарда «мамасының баласы» деген сөз бар. Ата-ананың орынсыз әлпеші баланың өздігінен шешім қабылдай алмай, боркемік болып өсуіне септігін тигізеді. Ондай «боркемік» балалар қысылтаяң сәт туса, «енді не істеймін?» деп уайыммен, үреймен, қорқынышпен өмір сүреді. Бір ғана мысал, қазақтағы «атасының баласы» мен әлгі «мамасының баласын» салыстырып көріңіз. Екеуі екі нәрсе. «Атасының баласы» ойын еркін айтатын, батыл, ақылға бай болып өседі. Мәселенің арғы тегі – тәрбиеден. Сондықтан ата-анасы көзден таса болса, жылап қоя беретін балаларды дұрыс жолға салудың өзі үлкен өнеге мен даналылықты қажет етеді. Жалпы қоғам дамып, қалыптасуы үшін де үмітсіз, үреймен өмір сүретін емес, дұрыс көзқарастағы болашаққа сеніммен қарайтын адамдар керек қой. Үрейлі  көзқарас –улы позиция, Фобиялық көзқарас –үмітсіз болашақ.  Сондықтан қорқынышпен, фобиямен өмір сүрмей, қуансақ тек жақсылыққа таңырқап қарайық!

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*