Өзбек президенті келе жатыр…

625
0
Бөлісу:

22-23 наурыз күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтың Қазақстанға ресми сапары басталмақ.

Бұл сапарға қазақ тарапынан гөрі өзбек жағы көп мән беріп отыр десек, қателеспейміз. Өйткені, бұл өзбек басшысының президент болғаннан кейінгі екінші елге сапары. Бұған дейін Ашхабадқа барып, Түрікменстан басшысымен бірқатар келісімдерге қол қойып қайтқан Мирзиёевтың Қазақстанға деген ықыласы қазір ерекше болып тұр. Шавкат

Мирзиёев президенттікке келер тұста оған күмәнмен қарағандар да болды. Сондағы күдік не? «Ол  –Ислам Каримовтың жолын жалғасыра ала ма?» деген мәселе. Ақиқатында Каримовтың жолына қарар болсақ, ол өзбек мемлекеттілігін қалыптастырып кетті.Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, өз мүддесі тұрғысынан ғана саясат жүргізетін өзбек билігінің бүгінгі бет-бейнесі шындығында Каримовтың арқасында ғана жүзеге асқанын мойындауымыз керек. Мейлі, ел жабық жағдайда өмір сүрсін, бірақ Каримов сыртқы және ішкі саясатта мемлекеттің өз «менін» қалыптастырды. Басқа алпауыт елдерді мойындатты. Шусыз, дақпыртсыз. Ұрандатпай- ақ өзбек экономикасын, өзбек брендін қалпына келтіріп, дамытты. Сыртқы елдердің саяси шылауына ерген жоқ. Қайта өз мүддесі тұрғысынан өзбек саясатынын бекем екенін ұғындырды. Бір ғана мәселе, ТМД-ның бірқатар елдері кіретін Ұжымдық қауіпсіздің ұйымына керек кезде Каримов кірді, ал оның керексіз екенін ұғынғанда ешкімге ескертпестен шығып кетіп отырды. Мұның өзі ешкімге жалтақтамай ресми Ташкенттің сыртқы саясатта еркін өмір сүре алатынан көрсетті. Ал қажет болған уақытта Ауғанстандағы жағдайдың күрделенуіне байланысты өз елінде Өзбекстан АҚШ-тың әскери базасын орналастырды. Ал керексіз болған сәтте ресми Ташкент Вашингтоннан елдегі әскери базаны алып кетуді талап етті. Тіпті әлем ойыншылары алғашқы кезде «Каримов билігінің саясатын түсіну қиын, оларға тұрақты түрде сеніммен қарауға болмайды» деп те тон пішіп, пікір айтқан. Ал ақиқатында, ресми Ташкент өзбектік мүдде тұрғысынан ғана өз саясатын жүргізді. Мұның барлығы ақырында өз жемісін берді. Туризм мықты дамыды, елдегі халықтың 40-50 пайызға жуығы шағын және орта кәсіппен айналысады, сыртқы елдерде жүрген өзбек гастарбайтерлері елге миллиардтап ақша аударып жатыр. Қазір ел бір тілде ғана сөйлейді. Қысқаша айтқанда, Өзбекстан мемлекеттік қалыптасудың барлық формаларын сақтай отырып, Орта Азиядағы жетекші елдердің біріне айналды. Еуразиялық экономикалық Одаққа кіруден үзілді – кесілді бас тартқан Өзбекстанның өз жолы болды.

Енді Каримов ұстанған жолды соңғы алты айда Шавкат Мирзиёев жалғастыра алды ма? Әрине жалғастырды және ешкім күтпеген өзгерістер те жасады.

Ол  Ислам Каримовты  мәңгі  есте қалдыру  үшін арнайы қаулы  қабылдады. Онда жыл сайын  Каримовтың туған күні аталып өтіп, ал дүниеден өткен  күні, қыркүйектің  2-сі – еске алу күні деп белгіленді.  Сондай-ақ қаулыда  біраз мекеме, оқу орындарына Ислам Каримовтың аты  берілетіні көрсетілген. Ферғана шаһарындағы Өнер сарайына, Көлік құрастыру зауытына, Ташкенттегі халықаралық әуежайға, осы  қаладағы   мемлекеттік техникалық  университетке,  сондай-ақ бірнеше  ірі  қалалардың көшелеріне марқұм президенттің  аты  қойылмақ. Бұған  қоса, Каримовтың туған қаласы  Самарқандта, Ташкентте және билікке келмес бұрын өзі  қызмет  еткен Карши шаһарында  ескерткіші ашылмақ.

Мирзиеев қысқа уақыт ішінде үкіметте, аймақтық әкім­шіліктерде кадрлық өзгерістер жасады. Сондай-ақ Каримовтің билігі кезінде сахнаға шығуға тыйым салынған белгілі артистер сахна төріне қайта оралды. Кез келген Өзбекстан азаматы өзін толғандырған мәселе жөнінде жауап ала алатын қоғамдық қабылдау орындарын ашты. Әлеуметтік желілерде премьер-министр және парламенттің арнайы беттері пайда болды.

Кәсіпкерлерге де біршама жеңілдіктер жасады. Ол – «Кәсіпкерлікті жеделдетіп дамытуды, жеке меншікті жанжақты қорғау мен іскерлік ахуалды сапалы жақсартуды қамтамасыз ету жөніндегі қосымша жеңілдіктер туралы»  жарлығы. Жарлық бюрократиялық кедергілерді жойып, ел экономикасына тартылған инвестицияны қорғайтын  болады. Үстіміздегі жылдың  қаңтарынан бастап, кәсіпкерлік субъектілеріне жоспардан тыс тексеріс жүргізілмейді. Сонымен  қатар,  жақын уақытта ұлттық валютаны  еркін айналымға  енгізуді көздеп  отыр. Былайша  айтқанда,  қаржы  нарығын  үлкен  реформа күтіп  тұр. Бұл  мәселе,  өткен жылдың қараша айында  басталған.  Сол кезде-ақ,  Шавкат Мирзиёев көпшіліктің талқысына «Валюта саясатының басымды бағыттары туралы» қаулының жобасын шығарды. Енді  соны  іске асыру  ғана  қалды. Ислам Кәрімовтың кезіндегідей ешқандай  аймақтық, не болмаса жаһандық  одақ,  ұйымдарға кірмей-ақ, Мирзиёев өзбек экономикасын әлеуетті етуге  күш сала  бастады. Соның бірі –  елдің оңтүстігінде бірнеше  еркін экономикалық  аймақтар ашу. Бұрыннан  жұмыс  істеп  тұрған  үш еркін экономикалық аймаққа алдағы кезде жұмысы басталатын  төрт жаңа еркін  экономикалық аймақ қосылатын  болса, Өзбекстан   тың  серпін  алады.  Мирзиёевтің соңғы  бір  шығарған  Жарлығы  ол,  армияны   заманауи қару-жарақпен  жарақтандыру. Әскери техника мен атыс  құралдарын сырттан алмай, өзбек жерінде өндіру көзделген. Бұдан былай өзбек армиясы  сапа жағынан  да,  қарулану  жағынан  да  басымдылыққа  ие болып қала беретіні анық. Ол виза жүйесіне  де  өзгеріс енгізуді  қолға алды. Шавкат Мирзиёевтың  ашық  қоғамға  қадам басқанын  мынадан  да байқауға  болады. Ол – алдағы  уақытта облыс,  қала әкімдерін тек  жергілікті  халықтың сайлауы арқылы  ғана  билікке  келетініне күш  салуы.  Осыдан-ақ Өзбекстан  үлкен өзгеріске  бет бұрғанын көруге  болады. Өз елінде аз ғана уақыттың ішінде осындай ұлы өзгерістерді бастаған Шавкат Мирзиёевтың Қазақстанға басты мән беріп отырғанын да түсінуге болады. Ол «Қазақпарат» тілшісіне берген сұхбатында ресми сапардың тарихи маңызы барын да атап өтті.

– «Қазақстанға жоспарланып отырған алдағы мемлекеттік сапар біздің екіжақты қарым-қатынасымыз үшін маңызды саяси оқиға болып табылады. Бұл ең алдымен тарихы ортақ, мәдениеті мен рухани дамуы, дәстүрлері мен діні бір екі елдің байланысында ерекше маңызға ие. Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасының жоғары деңгейдегі көрсеткіші Мәңгілік достық туралы шарт пен Стратегиялық әріптестік туралы келісім екені сөзсіз. Сонымен қатар, халықаралық және өңірлік саясаттың көптеген мәселелері бойынша біздің ұстанымдарымыз ұқсас.   Өзбекстан мен Қазақстан өңірдегі ахуалға өздерінің тұтастай жауапкершілігін сезінеді, Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен бейбітшіліктің нығаюын барынша қолдайды.  Біз Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы беделінің өсіп отырғанына қуанамыз. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болудың өзі Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлін айқындап, халықаралық қоғамдастықтағы орнын көрсетіп отыр. Қазақстан Президентімен болатын алдағы кездесуде біз ең бірінші кезекте елдер арасындағы байланысты белсенді ете түсу мәселелері бойынша пікір алмасып, тұтастай өңірдегі жағдайды да талқылайтын боламыз. Өзбекстан халқы бауырлас Қазақстанның Президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты біледі және құрметтейді. Былтырғы жылдың қыркүйек айында досы Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президенті Ислам Абдуғаниұлы Кәрімовты еске алу үшін Н.Назарбаевтың біздің елімізге арнайы келуін халық оның тұлғалық қасиеті ретінде жоғары бағаланған болатын. Мұндай дүниелер еш уақытта ұмытылмайды… Қазақстанға сапарым біздің қарым-қатынасымызды дамыта түсу үшін жаңа қадамдарға жол ашады деп сенемін. Екі елдің де халқы дәл осынау кездесуден көп нәрсе күтіп отырғанын білеміз. Ондай сенімдердің ақталатынына да менің үмітім мол, – деді өзбек басшысы.

Жалпы  Ислам Каримов дүниеден өткеннен кейін алдағы уақытта «Мирзиёев алдымен қай елге сапарлауы мүмкін?» деген саяси болжамдар да жасалды. Тіпті қайтыс болғаннан кейін бірер ай өтпей жатып, Ресей президенті ресми Ташкентке өз аяғымен барып, көңіл айтты. Одан кейін Өзбекстанға ат басын қазақ президенті тіреді. Енді міне бұған дейін айтылған болжамдардың быт-шытын шығарып, Наурыз мейрамы тұсында өзбек басшысы Қазақстанға келмек. Мұның барлығы әрине, Мирзиёевтың өзі айтқандай, «қазақ елін және Назарбаевтың тұлғалық қасиетін құрметтеу болып табылады».

– Осы жолғы Қазақстанға сапарымның Наурыз мейрамымен тұспа тұс келуінің терең символдық мәні бар. Наурыз – біздің ертеден келе жатқан ортақ, ұлық мерекеміз, ол Жаңа жылдың келгенін, жаңғыру мен жаңа өмірдің басталғанын білдіреді. Бұл күндері Қазақстан Конституцияға өзгерістер енгізіп, маңызды шешім қабылдап жатса, Өзбекстан да бес басым бағыт бойынша іс-қимыл Стратегиясын жүзеге асыра бастады. Ендеше біздің елдеріміз де жаңғыру мен жаңа даму табалдырығында тұр. Біз шын көңілден Қазақстанның одан әрі гүлденуін тілейміз. Өзбек елінің үлкен досы, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана басшылығындағы Қазақ елі «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы көздеген міндеттерге қол жеткізіп, әлемнің дамыған елдерінің қатарынан көрінетініне сенімдімін. Мұндай ұлы мақсаттарға қол жеткізілетінінен еш күмән жоқ, сондықтан Қазақстан халқы да дамудың жаңа деңгейіне көтеріледі деген сенімдемін, – деді өзбек президенті Шавкат Мирзиёев.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*