Наурыз – тойдың төресі

1588
0
Бөлісу:

Наурыз – көне мейрам. Қазақ халқын­да Ұлыс күні – жыл басы. Халық мифоло­гиясы бойынша, 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Әрі күн мен түннің теңе­сетін уақыты, Жер-Ана бусанып, көктемнің лебі білінетін мезгіл әрқашан қасиетті, киелі саналған.

Осы күнді жаппай атап өту бүгінгі жас ұр­паққа ұлтымыздың құнды мұрасы ре­тінде жетті. Қазіргі Наурыз халықтар дос­тығының, ұлт бірлігінің, қамқорлық пен қайырымдылықтың, иманды­лықтың, игі бастамалардың жарқын көрінісіне айналды.
Қазақстандықтар үшін Наурызды тойлаудың артықшылығы бар. Бұл күні жұрт жаңа киімдерін киіп, бір дастар­қанның басына жиналып, тек ағарған сусын ішіп, ән салып, күй тартып, өнер­лерін ортаға салады. Ас төресі – Наурыз көже жұртқа тегін таратылады. Бірлік бол­са, тірлік те болатыны осылайша нас­и­хатталады.
Әдемі дәстүр биыл да жалғасты. Әлем көз тіккен Астанада Наурыз тойы 18 наурыздан басталды. «Қазақ елі» мону­ментінде, қалалық әкімдік жанындағы ескі алаңда, Студенттер саябағында, «Жастар» театрының маңында Наурыз тойланып, көже таратылды. Тіпті «Хан-Шатыр» ойын-сауық орталығы маңында 19 киіз үй тігіліп, ондағы Шығыс базары жұртқа базарлық ұсынды.


Әйтсе де тойдың төресі Түркістанда өтті десек те жарасады. Түркі жұртының ру­хани астанасында «Түркістан және түр­кология» тақырыбында халықаралық ғы­лыми-теориялық конференциямен тұспа-тұс келген Наурыз тойы – нағыз той­ға ай­налды. Қонақтарға 1 тоннадан астам па­­лау дайындалып, мыңдаған литр наурыз көже үлестірілді. Қожа Ахмет Ясауи кесе­несі маңында этноауыл құры­лып, онда ұлт­тық нақыштағы 12 қанатты 33 киіз үй тігілді.


Шырайлы Шымкенттегі тойда қаз­дай тізілген 60 домбырашы күйден шашу шашты. Ат спорты түрлерінен жарыс ұйым­дастырылып, өнер шеберлері сахна­ны салтанатқа бөледі.
Ал алматылықтар үшін биылғы Наурыз тіпті ерекше деуге болар. Алматы қала­сының әкімі Бауыржан Байбек Атлеттер ауылында жүзге жуық тұрғынға пәтер мен сертификаттар тапсырды.


Аязы басылмаған аймақтарда да мейрам мазмұнды өтті. Ақмолалықтар Наурызды «Наурыз – сән-салтанат, ұлт­тық рух» атты театрландырылған қойылыммен қарсы алды. Алаңға 10-ға жуық киіз үй тігіліп, мерекені тамаша­лауға келген көкшетаулықтар мен мей­мандарға Наурыз көже, бауырсақ тегін үлестірілді.


Алматы облысындағы мерекелік шаралар барысында аймақ басшысы Амандық Баталов 15 баланың тұсауын кесті. Сондай-ақ Ұлыстың ұлы күні спорт­шылар да жұртты қайран қалдырып, салмағы 35 келіден асатын қой көтеруден жарысты.
Солтүстік Қазақстан облысының орта­лығында да салтанаттың көркін аша­тын шаралар қызықты ұйымдас­тырылды. Әсіресе, «Наурыз көже» байқауы елді елең еткізді.


Қызылорда облысында Наурыз ме­рекесі күні 12 көпқабатты үйден тұра­тын тұ­тас жаңа ықшамаудан пайдала­нуға берілді. Мұнда 580 отбасы тұратын болды.


Иә, Наурыз өзіне тән нақыштарымен жұрт жүрегінде қалды. «Жақсылықтар жиынтығы әз Наурыз» деген халық даналы­ғының шындығы мен шырайына ел куә болды. «Келер Наурызға дейін» дескен халықтың қалауы Алланың құла­ғына шалынсын делік. Ел аман, жұрт тыныш болса, келер жылы Наурыз бұдан да әсерлі болары айқын. Қазақстан­дықтардың көңіл күйінен осындай сезімді аңғардық.

Жолдасбек ӘШІМХАНҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*