ЕЛБАСЫМЕН КЕЗДЕСКЕН ЕРЕКШЕ СӘТ

2039
0
Бөлісу:

Астанадағы Ұлыстың ұлы күнін бейнелеген суреттердің ішінде осы бір фотосурет көзімізге жылы ұшырай берді. Елбасының құшағына тығылған баланың жүзі сондай қуанышты. Суреттің өн бойынан ерекше мейірім мен жылылық аңғарылады. Ә дегеннен-ақ көкейімізге «бұл бақытты балақай кім болды екен?» деген сауал оралды. Іздестіре келсек, ол – Астана қаласындағы №76 мектеп-лицейдің 4-сынып оқушысы Абдолла Нұрлыбайұлы Сабыр екен. 

– Абдолла, Президентпен қалай кездесіп жүрсің?
– Біз Наурыз мерекесін тама­шалауға жыл сайын «Хан-Шатырдың» алдына келеміз. Биыл да әжем, әкем, аға-әпкеммен еріп, осында келдім. Адам көп болды. Алаңды аралап жүр­ген­біз. Бір кезде «Пре­зидент келе жа­тыр» дегенді естідім. Жанымдағылардың бәрі Нұрсұлтан ата­ны көруге алға қа­рай ұмтылды. Мен де Елбасыны көргім кел­ді. Әкемдерден бөлініп, алға қарай жүгірдім. Кісілердің ара-арасынан өтіп, әрең дегенде алдың­ғы қатарға жеттім. Қарасам, Елбасы жұртшылыққа қол бұлғап, тура алдыма келе жатыр екен. Қуанып кетіп, «Нұр­сұл­тан атааа!» деп айқай салдым. Көрмей қалмасын деп, қолымды қайта-қайта бұлғадым. Ол кісі мені көріп қалып, өзіне шақырды.
– Қаншама баланың ішінде дәл сені шақырғанын қайдан білдің?
–Енді… тура маған қарап тұрып, «бері кел» деді ғой. Сосын қасына жетіп бардым да: «Ассалау­маға­лейкум, Нұрсұлтан ата! Нау­рыз құтты болсын!», – дедім. Ол кісі басымнан сипап: «Уағалей­кү­м­­ас­­­салам, балам! Бірге болсын!», – деді. Сондай жақсы кісі екен өзі.
– Елбасының құшағында тұрғанда қан­дай сезімде болдың? Алған әсерің қандай?
– Елбасымен кездесемін деп, тіптен ойлаған емеспін. Өзім оқитын №76 мектеп-лицейде «Заңғар» театр студиясы бар. Осы студиямен бірге «Мәңгілік ел» атты конкурсқа қатыстым. Тәуел­сіз­діктің 25 жылдығына арналған сайыста біз Президент­тің өмірі туралы спектакль қой­дық. Сонда Нұрсұлтан атаның балалық ша­ғын мен сомдап, Астана мек­теп­­­терінің арасында 1-орынды жеңіп ал­дым. Сол кезде Президент тура­лы көп нәрсені білдім. Оқығаным да көп. Өйткені рөлді дұрыс алып шығу үшін кейіпкерің туралы көп білуің керек. Елбасы туралы оқы­ған кезімде: «Шір­кін, Президент­пен бір кездессем ғой» деп арман­да­ған едім. Елбасы мені құ­шақ­­таған кезде сол арма­ным есі­ме түсті. «Армандар орын­дала­ды екен ғой» дедім өзіме.
– Президентпен кездесіп тұрған сәтіңді бейнелеген сурет көп басылымда жарияланды. Өзің сол суретті көрдің бе?
– Әрине, көрдім. Мектептегі ұстаздарым да, достарым да хабарласып, құттықтап жатыр. Бұл Наурыз Нұрсұлтан атамен кездесуіммен есте қалатын болды.
– Сөз саптауың жақсы екен…
– Болашақта актер болғым келеді. Сондықтан қазірден бастап, шешен сөйлеуді үйреніп жүрмін. Театр студиясында бізге сөз өнерін де үйретеді.
– Сабақ үлгерімің қалай?
– Жаман емес. Әсіресе, әдебиеттен «беспін».
– Өте жақсы. Отбасыңмен де таныстыра отырсаң?
– Ата-анам құрылыс сала­сын­да жұмыс істейді. Ағам Еламан колледжде оқиды. Әпкем Дана – 8-сынып оқушысы. Ол жақында бокстан жүлделі орын алды. Өзім үйдің кенжесімін.
– Рақмет, Абдолла! Өркенің өссін!
Сұхбаттасқан
Қымбат НҰРҒАЛИ

Бөлісу:

Пікір жазу


*